«Құлыным, ботам, көзімнің қарашықтары! Күндердің күнінде менің қартайып, әр ісімнен мін табылып, мінезімнің өзгергенін көрсеңдер, өтінемін, маған уақыт бөліп, сабыр сақтаңдар, мені түсініңдер.
Қол-аяғым дірілдеп, ішкен асым алдыма төгілсе, үстіме киім киюге дәрменім жетпей қалса, кезінде сендерге осының бәрін өз қолыммен үйреткенімді естеріңе алыңдар. Ол кезде сендер де дәрменсіз едіңдер, енді сол сабырды менен аямаңдар.
Егер менен кәріліктің жағымсыз иісі шығып, жағымсыз көрінсем, мені жазғырмаңдар. Сендерді тап-таза, әдемі етіп киіндіру үшін қалай жанталасқанымды еске түсіріңдер.
Егер ақылымнан алжасып, түсініксіз әрекеттер жасасам, маған күлмеңдер. Қайта менің ақылым мен көзім болып, қолтығымнан демеңдер. Менімен сөйлескенде сөзімнің ұзақтығынан, ойымның олақтығынан, жадымның нашарлығынан жалықпаңдар. Өйткені менің қазіргі бар бақытым — сендердің қастарыңда отырып, емен-жарқын тілдескенім ғана.
Егер аяғымнан әл кетіп, жүре алмай қалсам, маған жұмсақ болыңдар. Кішкене күндеріңде қаз-қаз тұрып, өз беттеріңше жүріп кеткендеріңше демеу болып, қолдарыңнан жетектегенімді ұмытпаңдар. Бүгін менің қолымнан ұстауға арланбаңдар, ертең сендер де қолдарыңнан жетектейтін жан іздейтін боласыңдар.
Біліп қойыңдар, сендер өмірге бет алсаңдар, мен өлімге қарай бет түзедім. Соңымды жеңіл күтіп жүрмін. Сондықтан менен алыстамаңдар, қасымда болыңдар. Егер менің қателіктерім естеріңе түссе, менің сендерге тек жақсылық тілегенімді ұғыңдар. Маған жасайтын ең үлкен сыйларың — кемшілігімді кешіріп, айыбымды жасырғандарың. Алла Тағала сендердің де күнәларыңды кешіріп, айыптарыңды жасырсын.
Сендердің күлкілерің мен ашық жүздерің баяғынша әлі де мені қуантады. Мені өз орталарыңнан шеттетпеңдер. Сендер туылғанда мен қастарыңда болдым, мен дүниеден өтерде сендер де қасымда болыңдар. Мені о дүниеге өз қолдарыңмен шығарып салыңдар...».