Наурыз көже қалай жасалады?
Наурыз көже қалай жасалады?
6 жыл бұрын 7487 e-history.kz
Айнұр ЖҰМАҒАЗИНА

"Наурыз" сөзі парсыша «ну» – «жаңа», рыз – «күн», яғни «жаңа күн» деген ұғымды білдіреді. Қазақша «жаңа жыл», «көктем мерекесі» «ұлыс күн» немесе «ұлы күн» деген мағына береді Кейде оны «Ақ мерекесі», «Сүт мейрамы», «Төл ырысы» деп те атап жатады. Наурыз табиғаттың, Жер-Ананың, жердегі тіршіліктің мейрамы, күн мен түннің теңелетін күні.  «Наурыз айында күн мен түн және үркер жұлдызы бір сызықтың бойында тоғысып, Күн мен түн, жарық пен қараңғы теңеледі»,- деп түсінген қазақтар. Бұл кезде қаһарлы қыстың ызғары қайтып, төрт түлік төлдеп, адамдардың аузы аққа тиіп, мал аузы көкке тиіп, жер беті өзінің көк көйлегін киіп, әлемде шаттық орнайды. Көктем жаршылары - құстар келіп, қысқы ұйқыдағы жануарлар оянады. Осындай қасиетті күнді қазақ «Ұлыс күн» деп атаған.

Наурызды мейрам ретінде тойлау жер бетіндегі халықтардың бір шамасының тұрмыс салтында бар. Бұл салт есте жоқ ерте заманнан бері жалғасып келеді. Мәселен, гректер «Патрих», бирмалықтар «Су мейрамы», тәжіктер «Гүл гардон», хорезмдіктер «Наусатж», татарлар «Нардуган», буряттар «цаган сар», ұйғырлар «гүл наурыз», қазақтар «Наурыз» деп атап келген. Бұл күні адамдарға ұйықтауға болмайды деген наным бар. Егер адам ұйықтап қалса, қаны бұзылады-мыс. Сол себепті бұл күні адамға сергектік сыйлайтын Наурыз көже ішетін болған.

Наурыз көже туралы ел ішінде сақталған аңыздар да бар. Солардың бірі мынау: «Ертеде ашулы адамдар халық арасына іріткі салып, бүлік болыпты. Еркектер өз араларында келіспеушілікке тап болып, кішілері үлкендерді тыңдамапты. Шаруашылық бұзыла бастайды. Осы уақытта әр жерден ақсақалдар жиналып, кеңес жасапты. Жиын Наурыз мейрамына тұспа-тұс келеді. Олар ең үлкен қазанға, жиналған қауымды тамақтандыратын ас пісіргізіпті. Тамақтанып болған соң, ақсақалдар арасында ең беделдісі тұрып, былай депті: «Ит екеш иттің өзі, күшік кездерінде бір анадан сүт ішіп, бір-біріне туған бауыр екендерін сезінгендіктен, өзара тістесіп, таласу дегенді білмейді. Осы мейрамда біз де бір ананың сүтін ішкендей, бір қазаннан астың дәмін таттық. Бүгіннен бастап ғасырдан-ғасырға туған бауырлар секілді бір-бірімізді құрметтеп, сыйлап өтейік!». Осыдан соң адамдар бұрынғы өкпе-реніштерінің барлығын ұмытып, қайтадан бірлікте және татулықта өмір сүрген екен» (www.massaget.kz). 

Наурыз көжені қыстан арып-ашып шығатын ағзаны қалпына келтіру үшін де пайдаланған. Наурыз көжеге құрамында гемоглобині көп арпаны сол үшін қосады екен. Қазақ жамбасты қазанның құты деп, көжеге міндетті түрде жамбастың шұқыршағын, тоқшылықтың белгісі деп соғымның тобығын салған. Үйден құт, дастарқаннан тоқшылық кетпесін деген ырыммен жамбастың шұқыршағы мен тобықты өз қазанында асып, өз тісіне тигізген екен. Ұлыстың Ұлы күні жасалатын сыйлы ас – Наурыз көже жеті түрлі дәмнен жасалған. Қазақ ұғымында жеті санының киелі сан екені бәріне аян. Көже құрамына кіретін дәмдер де қасиетті саналады. Сол жеті дәмді атап өтсек, көженің негізгі компоненті – су.

Су – бар тіршіліктің көзі. Болашақта ұрпағың судай тасып, көбейсін деген ырыммен наурыз көжеге су қосады. Адам аштыққа шыдағанымен, шөлге шыдай алмайды. Ағзадағы зат алмасу толығымен судың қатысуымен жүреді, тамақты сіңіріп, қанға нәрлі заттарды жеткізеді. Зат алмасудың зиянды өнімі ағзадан су арқылы шығарылады. Организмде судың жеткіліксіз болуы шөлдеуге әкеліп соқтырады да, судың артық болуы жүрек-қан тамыр жүйесінің жұмысын қиындатады, тершеңдікке әкеледі.

Ет

«Ас көп болсын» деген ырыммен көжеге сүрленген немесе жас ет қосады. Еттің дәмі түрлі тағамдармен жақсы үйлесіп, ас қорыту бездерінің қызметін жақсартады. Қоректік және дәмдік сапасы бойынша ең тәуір етте 14-19% ақуыз, 12-15% май болады. Еттің құрамында су, ақуыз, май, дәрумендер, минералды тұздар, экстрактивті заттар бар.

Сорпа

Ежелгі шығыс емшілері сорпаны тағам ретінде жиі пайдаланатын адамдардың қаны бұзылмайды деп санаған. Оның азықтық нәрі көп, асты жеңіл таратып, жұғымдылығын арттырады. Сорпасы нәрлі, еті жұмсақ, дәмді болуы үшін етті суық суға салып, қайнату керек. Ет қайнап жатқанда көбірек сапырылса, сорпа дәмді және құнарлы болады.

Дәнді дақылдар (тары, бидай, жүгері, күріш)

Наурыз көжеге дәнді дақылдар да қосылады. Мұнда бір тамырдан өсіп өнген дәндер секілді ұрпағымыз жайылып, көбейсін деген мағына жатыр. Тары, күріш, арпа, бидайдың тағамдық қасиеті жоғары және жұғымды калориялы болады. Бұл дақылдарда аз мөлшерде дәрумендер мен калий, кальций, магний, фосфор, күкірт, никель, кобальт, алюминий, темір, мырыш, йод, мыс, хром, марганец, фтор, молибден, бор, кремний элементтері мен РР, А, Е, В1, В2, В6 және В9 дәрумендері бар. Сондай-ақ, ақуыз қозғалысты қамтамасыз ететіндіктен, бұлшық еттердің жиырылуы мен жазылуы үшін керек. Өкпеден сіңіріп алған оттегіні денеге таратады. Ұлттық тағамдардың жұғымдыларының бірі саналып, біраз ас түрлерінің дәмін келтіретіні – тары. Оның құрамына назар аударсақ, ақуыздың 10-15, көмірсудың 59, майдың 38, күлдің 3,6 %-ы барын көреміз.

Ақ

Қазақ ақты ежелден киелі деп қастерлеген. Сол себептен наурыз көжеге сүт немесе айран қосылады. Мұның негізінде сүттей ұйып отырайық, іргеміз берік болсын деген мағына жатыр. Сүт дәрумендерге, көмірсу мен майларға, ақуыз бен минералды заттарға, микроэлементтер мен ферменттерге өте бай. Ал құрт – ұлттық тағам. Құртты 2-3 жылға дейін сақтауға болады. Өкпе ауруына қымыздан кейінгі екінші ем осы – құрт. Ұзақ сапарларда құрт – әрі сусын, әрі қорек. Айранның сары суын ауырған малға ішкізеді, шаш жууға болады, тері илеу үшін малма жасайды.

Май

Май – барлық азықтардың негізгі нәрі, ең негізгі құнары. Мал майының дәмдік, емдік қасиеттері жоғары. Ағзаға 1 грамм май сіңіп тарағанда, ақуыз немесе көмірсулар тарап сіңгендегіден 2 есе артық жылу қуаты бөлініп шығады. Майдың тағы бір қасиеті – ол өзімен бірге пайдаланылған басқа тағамдардың жақсы қорытылып сіңуіне ықпал жасап, оларға дәмді және хош иіс береді. Майда А, Д, Е дәрумендері бар.

Тұз

Қазақта тұзды төгіп қойсаң, өмірің ащы болады, тұзды тегін берсең, ұрыс-керіске тап боласың деген ырым-тыйымдар бар. Сондай-ақ, көне көз апаларымыз тұзды иығыңнан үш рет асырып сермесең, барлық аурулар мен жамандықтан аулақ боласың деп жатады. Наурыз көжеге дәм беретін соңғы, жетінші тағам ретінде тұз қосылады. Тұз – адам ағзасының қалыпты жұмыс істеуі үшін бірден-бір қажетті зат. Ол тағамның дәмін келтірумен бірге ағзадағы су мөлшерін реттеп, асқазан сөлінде тұз қышқылын түзеді. Адам ағзасына күн сайын тамақ арқылы орта есеппен 10-15 грамдай ас тұзы сіңіріледі. Ас тұзы тағамның барлық түріне қолданылады. Пайдасы мен зияны қатар жүретін тұзды тамаққа дұрыстап, абайлап салудың маңызы зор. Айта кететін жайт, Наурыз көже тек осы әдіспен ғана әзірленбейді. Еліміздің әр өңірінің тұрғындары бұл ұлттық тағамымызды өз өлкесінің үрдісі бойынша өзгеше, түрлі дәмдермен даярлайды. Наурыз көжеге қосылатын бұл 7 дәм молшылықтың, тоқшылықтың, сәттіліктің, байлықтың, бақ пен берекенің белгісі саналады. Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!  

0 пікір