Киіз үйдің құрамы туралы не білесіз?
Киіз үйдің құрамы туралы не білесіз?
8 жыл бұрын 14868

Киіз үйОрта Азия халықтарының негізгі баспанасы, көшпелі тұрғын үйі. Ол – көшпенділердің тез жығып, шапшаң тігуге, яғни көшіп-қонуға ыңғайлы үйі.

Көшпенділердің киіз үйі — тарихымыздағы ең бірінші сәулеттік құрылыс. Киіз үйдің іші қыста жылы, жазда салқын. Сондықтан, шопандар да, туристер де пайдаланады. Киіз үй жер сілкінісінде де ыңғайлы, өйткені ол оңайлықпен бұзылмайды. Ата-бабамыздың тұрақты мекені болған киіз үйдің негізгі бөліктерін бүгінде біреу біледі, біреу білмейді. Сондықтан кеңірек тоқталуды жөн көріп отырмыз.

Киіз үйдің қабырғасы торлап көктелген керегеден тұрғызылады.Кереге әдетте екі түрлі болады.Оның бірі кең көзді кереге « желкөз» деп аталады. Бұл артуға жеңіл, бірақ сәнсіз, сүйегі жеңіл болғандықтан желге төзімсіздеу болып келеді. Екінші түрі тар көзді кереге – «торкөз» деп аталады, ол артуға ауырлау болғанымен, желге өте төзімді. Кереге жиналмалы бөлек-бөлек қанаттардан жасалады. Ал керегеден жоғары сидам, жіңішке ағаштан жұмырлап жасалып, қарны иілген уықтардан қаусырыла күмбез шығарылады. Уықтардың басы дөңгелене жайылған керегенің аша басына айқастырыла байланып, ұшы шаңырақтың көзіне шаншылады. Шаңырақ-үй күмбезінің төбесі әрі терезесі. Керегенің сыртынан әр алуан бояулы жүн оралып, өрнек түсіріліп тоқылған шымши немесе жалаңаш шиден тоқылған ши ұсталады. Кереге мен уықтар уықбау, кермебау, басқұр, құр және басқа да бау-шулармен бекітіледі.Үйдің ағаштан жасалғандарын «сүйегі» деп атайды.

 

Киіз үйдің сүйегі:

  • Тоғын – шаңырақтың дөңгелек шеңбері.
  • Шаңырақ – үйдің бас бөлігі.
  • Күлдіреуіш – түндікті көтеріп тұратын, ағаштан иіп жасалған бөлшек.
  • Кепілдік (кепіл ағаш) – күлдіреуіштерді біріктіріп ұстап тұратын ағаш.
  • Қаламдық – уақыттың қаламы (басы) кіріп тұратын, шаңырақтағы төрт бұрышты тесік.
  • Қаламы – уықтың шаңырақ қаламындағы сұғылатын ұшы.
  • Уық – шаңырақ пен кереге отрасын қосатын иінді ағаш.
  • Алақаны – уықтың кереге басына бекітілетін басы.
  • Иіні – уықтың иілген (бүгілген) тұсы.
  • Кереге – жиналған кереге (үй қабырғасы).
  • Керегенің басы – керегенің жоғарғы жағы.
  • Керегенің аяғы – керегенің жерге тірелген жағы.
  • Көз – керегенің тор көздері (тор көз, жел көз)
  • Азат көз – керегенің көктелмеген жерлері.
  • Желі – керегені құрайтын ағаштар.
  • Ерісі– ағаштардан кереге құрайтын ұзыны.
  • Сағанақбалашық – ағаштардың қысқасы.
  • Қары – уақтың иініне дейінгі бойы.
  • Ыру – уық пен керегеге салынған оюлы сызықтыр.
  • Сықырлауық – киіз үйдің ағаштан жасалған жарма есігі.
  • Маңдайша– екі босағаны жоғары жағынан ұстап тұратын берік ағаш.
  • Босаға – маңдайша мен табалдырықты қосатын және кереге бекітілетін ағаш.
  • Бақалақ – сықырлауықты жапқанда маңдайшада бекітіп, тұратын айналмамалы ағаш тиек.
  • Жабық – туырлықтардың бір-біріне айқаса жабылатын тұсы.
  • Күйеу қазық – шаңырақ көтеретін, киіз есікті көтеріп қоятын, бір жақ басы аша ұзін ағаш.

 

 

 

0 пікір