Жігіттің 3 жұрты қандай болады?
Жігіттің 3 жұрты қандай болады?
6 жыл бұрын 6984 massaget.kz

Қазақта жігіттің 3 жұрты бар. Олар: өз жұрты, қайын жұрты және нағашы жұрты. Осы 3 жұртыңдай ешкім қадірлі емес. Олардан жақын туыс жоқ. Әйтсе де, дана халқымыз осы жұрттың әрқайсысына жеке-жеке анықтама берген. Мәселен, «өз жұртың – күншіл, қайын жұртың – міншіл, ал нағашы жұртың болса – сыншыл келеді» дейді.Біз осы 3 жұрт жөнінде кеңінен баяндап көрмекпіз. 

1. «Өз жұртың – күншіл. Бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң, бөліп бере алмайды» Ердің сүйеушісі – елі. «Елім» деп еңіреп туған ер жігіт елі үшін жанын пида қылудан тайынбайды. Сөйте жүріп ол ел ішіндегі өзінің ең жақын жанашырларын есінен шығармайды. Үш жұрты аман тұрғанда жігіт дүниеден кемшілік көремін деп ойламайды. «Тарыққанда жебеушім, зарыққанда демеушім бар» деп шірене басып, шырт түкіреді. Сол жанашыр жақынның ең біріншісі – ағайын жұрты. Өзінің ата-анасы, аға-бауырларынан бастап, әкесінің арғы аталарынан қосылатын ағайындарына дейін жігіттің өз туысы саналады. Оларды жеті атадан бері санай бастаған, өз алдына рулы ел болып көзге түседі. Жігіт соларды өз жұртым деп мақтан етіп, ең алдымен солардың сойылын соғады.

2. «Қайын жұртың – міншіл. Жағаңның қызылдығын, қолыңның ұзындығын қалайды. Жуас болсаң жүндейді, мықты болсаң күндейді» Жігіттің әйелінің төркіні (туыстары) қайын жұрт саналатыны белгілі. «Жұрт» болған соң олар бір ғана отбасының адамдары емес. Алайда жігіт ең алдымен өз келіншегі шыққан шаңырақтың адамдарын «қайыным» деп қадір тұтады. Олардың қатарында қайын ата, қайын ене, қайын аға, қайын бике, балдыздар бар. Ата-ене туралы айтпасақ та түсінікті. Жігіт үшін қайын аға мен қайын бикенің дәрежесі тең. Сондықтан үлкенді сыйлау дәстүрімен жігіт оларды әрқашан да қадір тұтып, өзінің ағасы мен әпкесіндей құрметтейді. Олардың алдында көстеңдемей, ауызын бағып, орынсыз қалжыңнан тиылады. Ал, балдызбен қарым-қатынасқа келгенде жезденің жанып түсетіндігі баршаға белгілі.  Жігіттің әйелінен жасы кіші ұлдар – (қайын іні) мен қыздар (балдыз) болғанда, олар үшін жігіт жезде саналады ғой. Халық дәстүрінде қайынысы мен жеңгесі сияқты, балдыздар мен жезденің емін-еркін ойнауына ерік берілген. Әзіл-қалжың өз алдына, реті келгенде балдыздардың жабылып кетіп жездесін түйебас қылуы ғажап емес. Олар не істесе де, жезденің ашулануға хақы жоқ. Мұндайда жездеде қол қусырып қарап отырмайды. Ол балдыздарын сөзбен буып, тілмен шағып, олардың жанды жеріне тиюге тырысады, қорғанудың қамын ойлайды. Осының бәрі ойын-күлкі шегінен аспай, өзінше бір қызық-тамаша болып көңілді көтереді. Қазіргі кейбір жезделер бұл дәстүрдің өзіндік ерекшелігіне мән бермей, балдыздарды сәл өктемдік жасай бастаса қызарандап шыға келеді. Балдыздардың еркелігін көтеріп, әзілдесе білу де зор ғанибет. 

3. «Нағашы жұртың – сыншыл. Жақсыңа сүйінеді, жаманыңа күйінеді, әрдайым тілекші, тілеулес боп жүреді». Жігіттің  шешесінің туыстары нағашы аталып,  өзі оларға жиен болатыны баршаға белгілі. Нағашы жұрт жиенді ешуақытта сыртқа теппейді, керісінше «қыздан туғанның қиығы жоқ» деп баурына тартып отырады. Сөйте тұра «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» дейтіні тағы бар. Бұған жауап ретінде: «Жиен ел болады – малы болса, желке ас болады – майы болса»,- деп әзіл-қалжыңға май құяды. Мұның бәрі нағашы мен жиен арасын алыстату үшін айтылған сөз емес, өзара достық әзілден туып, көпшілік арасында қалыптасып кеткен бейнелі ұғымдар. Жиеннің жау емес екенін біле тұра оны «ел болмайды» деу ақылға симайды. Бұл жігіт намысын қайрай түсу үшін әдейі айтылған әзіл-қалжың. Сондықтан да жігіт бұл сөзге жасымайды, қайта жігерлене түседі. Әзілі жарасқан жиен қашан да нағашы жағынан қырық серкеш «даулаумен» болады. Нағашылары оған «кет әрі» демейді, керісінше оның талабын құп алып, тауанын қайтармайды. Бұл бұл ма, жиенін өз қолынан үйлендіріп, басына отау тігіп, алдына мал салып берген нағашылар да баршылық. Бұл – әркімнің хал ақуалына қарай орындалатын дәстүрлі сыйлық. Егер нағашының қолы қысқа болып, жиеннің байлығы артып жатса, жаңағы сыйлықтың керісінше жүретін кезі де болады.  Нағашы мен жиен арасындағы қарым-қатынас алым-берімге ғана қатысты емес. Мал-дүние қолдың кірі сияқты, оның бір жұтта жуылып-шайылып кетуі әбден мүмкін. Ал, нағашы мен жиен туыстық жағынан мәңгі ажырамайтын тұлғалар. Бұлар мейлі бай, мейлі кедей болсын бәрі бір, бірінен-бірі кете алмайды. Өз анасын шын сүйетін жігіт сол ананың туыстарын да жақыным, бір жұртым деп қадір тұтып, олардың бауырына кіруге әзір тұрады. Нағашылар да жиенді баласындай еркелетіп, басынан сипайды.  

 

0 пікір