«Ханымдар мен мырзалар!» деп сөз бастау қазақи ойдан тыс түсінік»
«Ханымдар мен мырзалар!» деп сөз бастау қазақи ойдан тыс түсінік»
3 жыл бұрын 7123
Ғарифолла ЕСІМ, академик, жазушы

Ханымдар мен мырзалар! – деп сөз бастаймыз шаршы топта. Осылай дегеніміз дұрыс па, ойланайық. Талқыға салайық. Бұл «Дамы и господа» деген орысшаның тура аудармасы. Сондықтан «Құрметті ханымдар мен мырзалар» деуді дұрыс деп қабылдап жүрміз. Мүмкін, бұл қателік те емес шығар, бірақ қазақша ойлаудан тыс түсінік.  

Дәстүрімізде шешендер сөзді әйел затына арнап бастамаған. Ер-азамат тұрғанда әйелге қарата сөз бастау әдепсіздік. Бұл әйел басын төмендету емес, керісінше әділеттілік әрі әдептілік. Ауыр-ауыр істерді қазақ әйелге емес, азаматқа артқан. Азамат нардың жүгін көтерген. Дәстүрімізде ер адамның да, әйелдің де әлеуметтік, қоғамдық орындары реттелген.

Ер-азамат жүгін көтерген тарих­та аналарымыз аз болмаған. Кей­­бір рулардың аттары аналары­мыз­­дың есімімен аталған. Бұл арна­йы, нақтылы оқиға-жағдайларға қа­­тысты әңгіме. Қазақ тарихында хан сайланған, би атанған әйелдер бол­ма­ған.

Заман жүгі азаматтар иығында. Бұл табиғи жағдай. Халқымыздың ойлау жүйесі осы табиғи жағдайда өсіп-өніп, сұрыпталып қалыптасқан. Бұған да ешкімнің таласы болмаса керек. Заман жүгін әйел қауымына арқалату – әділетсіздік! Билер, шешендер дүйім жұртқа қарата айтқан сөздерін «мырзалар...» деп бастайтын. Бұл төл ойлау жүйе кестесі. 

* * *

Кеңес дәуірі орнықпай жатып, Қазан төңкерісіне дейін қазақтар әйелдерін құрметтемеген екен деген саяси шу шықты. Осы идеологияны дәлелдейтін неше қилы шығармалар жазылды. «Әйел теңдігі» айғайлы мәселеге айналды. Рас. Әйелге теңдік қажет еді. Дәстүрлі қоғамның бұл істе кемшіліктері аз болған жоқ. Бүгінде бұл істе кемшілік аз ба? Меніңше, әйел қауымына қатысты кемшіліктер бүгінде көп, соның ең айшықтысы, әйелдер ер-азаматтармен бірдей мерзімде жұмыс, қызмет атқарады, оған қосымша жалақы алмайды және де жұмыс сағаты қысқармай, ер-азаматтармен бірге кеңседен шығып жатады. Сонда үй шаруасы, бала тәрбиесі, ер-азаматтарына қызметі қашан әрі қалай атқарылмақ? Дәстүрлі қоғамда әйелдер негізінен үй шаруасында болған.

Осындай жағдай. Ер адам мен әйелдің теңдігі деп аталады. Бұл теңдік емес, әйел қауымын «қанау». Жоқ деп дәлелдеп көріңізші. Ер адамның жұмыс кестесі – 8 сағат болса, әйелдің жұмыс кестесі – 4 сағат болуы табиғи жағдай емес пе? Бірақ жалақыны тең алуы қажет. Міне, теңдіктің іргетасы. Осы жағдайды мемлекеттік деңгейде шешпей сөз бастағанда «Құрметті ханымдар мен мырзалар», деп ханымдарын бірінші атау, оларды алдаусырату, шындықтан алыстау, әділетсіздікке жол ашу. 

* * *

Ер-азаматтарға билікті табиғаттың өзі берген. Мысалы, зілтемір кө­теру­дегі рекордтар ерлер үшін бір бас­қа, әйелдер үшін бір басқа. Жалпы, хайуанаттар әлемінде күш-билігі ер­кек кінділіктерде, айғырлар да үйір­ле­рін бөтендерден қорғайды.

Адамзатқа келсек, Отанды қорғау ер-азаматтар үлесінде. Әрине, бірлі-жарым аналарымыз, қарын­дас­та­ры­мыз да бұл істе ерен ерліктер көр­сеткен, алайда, таби­ғаттың еркектерге берген қуаты зор, бұл мәселеде нәзік жандар теңесе алмақ емес, тіптен теңестірудің еш мағынасы жоқ.

Нәзік жандар – аналар. Шындық сол, әйелдерден пайғамбарлар шық­қан жоқ, бірақ пайғамбар атаулы анадан өсіп-өнді. Әйелге табиғат берген қуат – ана болу. 

* * *

Қазақ қауымы бар жерде төл ойлауымызға, төл табиғатқа сай сөзімізді «Құрметті мырзалар мен ханымдар» десек, қалай болар еді. Ойланып көрелікші. Бұл жерде нендей ой айтылмақ дегенге келсек, қазіргі қазақ қоғамы қалай әлсіреуде? Ол ер балалардың төл табиғи қуатын тү­сінбейтінімізге қатысты. Ер бала­ның табиғи қуаты күндердің күнін­де, қолына қару алып, өз Отанын қорғаумен анықталмақ. Қазір әлемде айнала өңірлік қақтығыс. Әзірше, бұл жағдай бізден алыс. Күні ертеңгі жағдайды кім болжаған?!

Бүгінде жас жігіттер арасындағы жағдай. Нан мен майы мол елдерге қоныс аударып, шетелдік болып күн кешу үрдісі басталған. Еркіндік деген – еркіндік. Сонда, Отан қорғау, азамат атану қайда қалмақ?! Осы іс басында сәл нәрседен бастау алған, ол ер балаларға деген арнайы тәрбиенің болмауы не аздығы. 

* * *

Сөзімді түйіп, бір тоқтамға келсем, айтарым, мырзалардың бар ісі – ханымдарды қорғау. Әйел деген – Отан, басқаша не деуге болады. Отанды, ханымдарды қорғаушылар алдыңғы сапта тұруы дұрыс десек, сөзімізді «Құрметті мырзалар мен ханымдар» – деп бастайық шаршы топта!

 © egemen.kz/ 

0 пікір