"Бауыржан Момышұлы мектебі – ұлттық ұстаным, рухани таным!"
"Бауыржан Момышұлы мектебі  – ұлттық ұстаным, рухани таным!"
4 жыл бұрын 14031
Мұхиддин Исаұлы

Әл-Фараби бабамыздың: «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдында игілікті мақсат қоя білуінде... адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында» деген сөзі өресі биік, сөздері астарлы сырға толы, кешегі жауды көрсе жүрегі селт етпейтін Қабанбай, Бөгенбей сықылды батыр бабаларымызға тартқан, асылдың сынығы ақиқат пен шындықтың рәмізі Бауыржан Момышұлы атамызды еске алған сайын еске түседі. Иә, осы атамызды еске алған сайын ұстазым Мекемтас Мырзахметұлы: «Баукеңнің жақсы қасиеттерінің бірі – істеген жақсылығын, көрген қиындығын өмірі ешкімге айтпайтын. Мен ылғи «Баукең отставкаға неге кетті екен?» деп ойлайтынмын. Өзі айтпайтын. Сөйтсем генералитеттегі ақ жағалы әскери шенеуніктердің көбі Баукеңнің шындықты бетке айтатын батыр мінезін ұнатпайды екен...» деген әңгімесі де есіме оралады. 

 Жалпы өз басым бала күнімнен жазушы болуды армандадым. Осыған түрткі болған, шабытымды қамшылыған, қиялыма қанат байлаған қазақтың екі жазушысы болды. Бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов енді бірі осы Бауыржан Момышұлы еді. Бауыржан атаның соғыс жайлы жазғандарын пәлендей түсіне бермейтінмін. Бірақ «Ұшқан ұясы», «Әжесінің ертегілері» т.б қазақтың салт-дәстүр құндылықтары маған қатты әсер ететін. Һәм әсер етіп қана қоймай тәрбиеледі де.

  Көп сөзбай әңгіменің төтесіне көшейін. Осы мақаланы жазбақтағы мақсатым не еді? Сол кісінің жүз он жылдығына сыдырма мақала ма? Бірақ ол кімге керек, кімге пайда, кімге зауал? Айтпақ болған екі-үш мәселем бар еді. Алғашқы айтпағым бір замандары біздің қазақ зиялылары «жаһандану заманы» келе жатыр деуші. Талай жазды да. Міне бүгінгі таңда сол жаһанданудың қақпасына келіп отырмыз. Не болмаса ол бізге келіп үй-үйімізді аралап, бізден пәлендей рұқсат та сұрамай  бүгінгі жас ұрпақпен етене сұқбаттасып, шүйіркелесіп жатыр. Тіпті онымен сұқбаттасқанына біз ризалық та білдіріп жүрміз. Бұл әрине интернет арқылы бір жағынан батыстың келесі жағынан әлемдік әр түрлі үрдістерін, салтын алып келіп балдырғандардың санасына құюлары. Бізге жат, кешегі атам қазақтың жолына жат маятниктік танымдарды құюлары. Мысалы бір жағынан үндінің, кәрістің салтын, сенімдік ұғымдарын індеттей жұқтырып жатса келесі жағынан адамдық болмысқа жат еурполық жастардың азғындық нәпісқұмарлық қылықтарын дамыған елдің биік шыңдық мәдениеті ретінде қабылдаулары. Осы теріс қылықтардың айтуға болады-ау дегенінен бір-екі мысал берейін. Мысалы бұл күнде бүлдіршіндердің туған күнінде тәтті нанның бетіне шырақ жағып, ағылшынша туған күнін әнін айтып, сәби баланың тілек тілеп шырақты өшіруі. Сәбидің туған күніне орыс клоуындарын шақырулары, орысша, ағылшынша ән айтулары. Енді бірі ересектеу жігіт болса тікелей эфирде анасының ел алдында дәл үнді киносындағыдай еліктеп аяғын сүюі, дәл үндіше қимыл жасауы. Иә, үйіңде анаңның аяғын жу, табанын сүй, еркеле. Бірақ мынау үндінің салты ғой. Енді сол жас жігіт анасына келін түсірмек болады да сүйген қызының алдына ел алдында тізерлеп отыра қалып, жүзігін шығарып үйленуге ұсыныс жасайды. Сонда біздің кешегі «ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» деп жүргеніміз мұның қасында қайда қалды? Қыздың алдында тізе бүгуі өз-өзін тірідей көмгені емес пе?! Үйленбей жатып қыз алдында тізе бүккен ертең оны қайтіп асырайды? «Отағасы» (от ағасы) үйдің тірегі болмайды ғой. Сектаға кірген, діни жат ағымдарға кіргендер олар да өз алдына бөлек әңгіме. Америка, Еуропа техникалық ғылым жағынан қатты дамыған. Біз сол себепті интернет арқылы болсын, соларға барып болсын білімін үйренуіміз керек. Бүгін көп қазақ жастары үйреніп те жатыр. Бірақ қандай да бір ел өз білімін үйреткенде өзінің қылығын қоса үйрететіні ақиқат. Ендеше біздің қазақ жастары әсіресе оқуда озат боламын, елді дамытамын дегендер осы озат елдің ғылымын үйренемін деп солардың бізге жат қылығын да бойларына сіңіріп жатыр. Оның үстіне интернет бұл күнде әлемдік базарға айналған. Сол базарда ғылым да сатылады арсыздық та сатылады. Тіпті арсыздық көп сатылады. «Атың шықпаса жер өрте» деген қазақтың мақалы бұл күнде интернетте ең қымбат мақалға айналған. Енді көп ұзамай осы жылдамдықпен адамзат әлемде бір қалаға, тіпті бір ауылға айналады. Сонда роботтық жаһандану салты бәріне әсер етпей қоймайды. Кімнің салт-дәстүрі, ұлттық рухани құндылығы жоқ немесе әлсіз болса бәрін өзіне қарай жұтып жібереді. Бүгінгі бүгінгі ма арсыздық ол уақытта тіпті кәдуілгі әдетке айналады. Міне нақ осы уақытта кімнің және қай ұлттың ұлттық рухани құндылықтары мықты болса яғни ата-бабаларының ұстанымын қос қолдап ұстанатын болса меніңше аман қалады. Оған дәлелім кешегі совет заманы. Орыс қанша қазақты жұтамын десе де өз мәдениетіне тықпаламақ болса да қазақ өзінің өз ата-әжелерінен көрген ұлттық құндылықтарының арқасында аман қалды. Ендеше біздің жаһандану апатына қарсы вакцинамыз, тәжірибеміз бар. Ол үшін не істеу керек, қандай мысалың бар? Ендеше соның бір мысалына келейік. Оның бір мысалы Бауыржан ата мектебі. Яғни оның жазып, қалдырып кеткен рухани мұрасы. Оның мұрасы қазақтың ұлттық құндылығының алтын шынжыры.

 Әуелі оның тіл қатысты ұстанымын, жазған мұраларына көз салып қарасақ, оның тіл туралы айтқандары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған. Тіпті тілді жоғалтаудың қандай қасірет болатындығын, тілі сақталса қандай қасиет болатындығын нақты басып айта білген. «Қазақ тілі туралы» пікір хатында «Ежелден, атам заманнан тіл – елдің мәдениеті, әдебиеті өсіп-өніп, от-басындағы үйіршілдігінен бастап, қоғам, халық, ел-жұрттың, жалпы мәде-ниетінің арнаулы құралы – ғылымның атаулы санасы екендігі даусыз.

Сұлтанмахмұт айтқандай:

«Сүйемін туған тілді анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутімнен

Құлағыма сіңірген таныс үнім».

Тілсізді – айуан дейді. Тілі кедей елді – мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды.

Тіл, адам баласының негізгі қасиеті болғандықтан – тіл байлығы елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми-әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғам-құрылыстары мен салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің – мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелді мөлшері (мерило).

Тілдің көмегімен өнер-білімге, мәдениет-ғылымға жетіп, өткен-кеткенмен әлемді танып, өзімізді жұртқа, әлемге танытамыз, сөйлейміз, оқимыз, жазамыз, өз басымызды, үй-ішімізді, қоғам-халықты, ел-жұртты, мемлекетті менгереміз – сондықтан «өнер алды қызыл тіл» дегендейін, адам баласының байлығында тілден артық не бар? Ана тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып ажыраған ел «азғын» ел атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сінген судай дерексіз жоғалып кеткенін, тарихтан кездестіруге болады. Ондай сормаңдай ел, бұрынғы кезде аз болмағандығына тарихта дәлелдер аз емес» деп қатты күйзеледі. Міне осы соңғы сөзіне зер сала қарасаңыз тілінен ажыраған ел әуелі «азғын» ел атанады. Неге? Өйткені тілі кеткен елдің діңі де ділі де кетеді. Бір елден ділі кеткенде ол ал азғынға айналады. Азғын ел маймылға айналады. Маймыл ел көп ұзамай жоғалады. Ол: «1935-36 жылдан бастап қазақ ана тілі, бұрмалана, бүлдіріле, бұзыла бастағанын сөзсіз, айқын дәлелдей отырып, оған айыпкер, кінәлі, басты газет, радио, жазушы, кеңсе қызметкерлеріне тарихи қарғыс айтылып, беттеріне қара күйе жағылып айыпталғаны жөн». Бұл күнде де нақ солай тіл бұзылуда. Аз емес, көптеген жас журналистер қазақ тілі тұрмақ «ң» әрпіне тілі келмейді. Әрі ол: «Барлық қазақ тіліндегі әдебиет, оқу құралдары қайта қаралып, шүршіттіктен тазаланып, елгезермен елегендей, қоқсық-құрымнан мүлде арылуы керек» дегенді айтады. Дәл бүгін айтып тұрғандай. Қазіргі кезде мектеп қабырғасындағы кей оқулықтарда кемшілік толып жатыр. Ол да өз алдына әңгіме. Әліппенің халі анау... Және ұққаным ғылым тілінің өзі де қазақша болу керектігіне назар аударады. Ал бүгінде мектеп қабырғасындағы ғылым тілі  - ағылшынша болғаны абзал, тез дамимыз, әлемдік ғылым сол тілде деп ұран тастап жүргендер жетерлік. Бала жастайынан ғылымды өз ана тілінде алмаса ол кейін ержеткенде қанша ғалым болса да өз елін, жұртын сүйе алмайды. Ғылымның ішінде әрқашан еліне, жеріне, халқына деген махаббат болуы керек. Осындай ғылым ғана шын ғылым. Әл-Фараби бабамыз: «Ғылым үйренем деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері, тілек-мақсаты ақиқат пен әділдік үшін талап жолында болмақ керек. Жай ләззат, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек» деп осыны меңзейді. Өз тілін терең білмеген адам, сүймеген адамнан ақиқат пен әділдік іздеу қиын.

 Енді Бауыржан атамыз осындай ұлтсүйгіштігі, халықтың қамын жеп, мұңын мұңдаушылығы қайдан келіп тұр соған назар салайық. Өйткені «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің». Оның осы мектебі ұлттық идеологияның бүгінгі қазаққа ауадай қажет екендігін көрсетеді. Бір елдің асыл байлығы сары алтынында, қара мұнайында емес, рухани байлығында, ұлттық құндылғында. Бұрын ілгері қазақта әжелер мектебі деген болған. Бұл күнде сарқыты ғана қалған. Міне батыр ата екі мектептен дәріс алған. Бірі әжесінің мектебі енді бірі әкесінің мектебі. Әкесі Момыш сауатты кісі болғандықтан, Бауыржанды өз бетінше оқытып, хат танытып, одан әрі білімін жетілдірудің сара жолына бағыттайды, ұлттық салт-дәстүрлерге баулиды, қазақша жыл қайыруды үйретеді, жыл аттарын жаттатады. Ал әжесі болса, немересін халқымыздың аңыз-әңгімелерімен, ертегілерімен, жыр-дастандарымен сусындатады. Міне рухани байлық дегеніміз осы. Ол атасының да батасын алып қалған. Атасы туғанда:

Құрық деп берсем – құл болма,

Шыбық деп берсем – шіл болма.

Бәрінен де, шырағым,

Баяны жоқ ұл болма» деп батасын берген екен. Атам қазақтың «батамен ел көгерер» дегенінде осындай қасиет жатыр.

 Ол қазақтың ертегілеріне қатты мән береді. Тіпті: «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам» деп өзінің әжесінен ертегі естіп өскені айтады. Иә, Бауыржан атаның осы сөзі көпке белгілі. Бірақ осының мәні бүгінгі таңда ашылып жатқандай. Жоқ, айқын ашылып жатыр. Бұл күнде көп әжелер телесериял қарайды, немересі «сотка» қарайды. Жыр да ертегі де ұмытыла бастаған. Ертегінің орнына батыстың қорқынышқа толы мултфилмдерін қарайды. Артынан кейде психологиялық ауытқуларға, қорқыныш дертіне шалдығып жатады. Ал өзінің ұлттық ертегісінен жұрдай. Ұлттық мултфилмдер де әженің оқығанындай ешқашан болмайды. Өйткені әжесі сол арқылы ұлттық рухани бояуды сіңіреді немересіне. Ал техника ешқашан рухты бере алмайды. Сол ертегі арқылы ұлттық рухын, имани байлығын, діни наным-сенімін сіңереді санасына. Осындайда хакім Абайдың «ақылдыға иман парыз» дегені ойға оралады. «Дәмді, дәстүрді сыйламай өскен балалардың қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр!». Ал осы дәстүр ертегіден басталады. Ертегі оқып өспеген баланың рухани ойлау-жүйесі жетілмейді. Ойласа саяз ойлағыш келеді, жеңіл баға бергіш келеді.

«... Әжем өзінің кейбір көңілсіз сәттерінде бізді қасына отырғызып алып, аңыз-ертегілер айтушы еді. Бәлкім, осындай әңгімемен көңіліңдегі көмескі, көлеңкелі сәттерді қуатын шығар. «Балаларым, құлақ салыңдар!» – деп бастайтын әжем.

– Бұл тәңірінің жер бетінде тірлік орнатқаннан кейін болыпты. Ол кезде жаратушы адамзатты жарылқап, топан суынан да сақтаған екен, – дейтін әжем. – Адамдар «тәңір жарылқасын» деген сөзді, алғыс айтуды білмесе керек. Күннің жылуын, самалдың шипасын, айдың ақ сәулесін, жер жемісін керегінше пайдаланғанымен бірде-бір іш жылытар ықыласты сөз айтпапты... Сондықтан қажыған Күн Алла тағалаға арыз айтыпты...» Міне ол сол совет заманында болса да әжесінің ертегісін  жазу арқылы қазақтың бабалары ұстанып келген сенімін жеткізген. Һәм осы ертегі де «алғыс айтуды» сөз еткен. Осылайша баланың санасына «алғыс айту» сіңген. Миында «Алғыс айту»  жаңа нейрондар пайда болған. Ал осыны жас күнінде балаға үйретпесең ертең өскен сол бала эгоист өзімшіл болып шығады, бөлісу дегенді білмейтін болады. Оны қанша психолог апарасаңыз да не бір трендке қатыстырасаңыз да дәл жас күніндей тәрбиелей алмайсыз. Әрі адамдарға деген рахмет, алғыс емес табиғатқа деген алғыс бар. Яғни табиғатты аялау бар. Бұл күнде адамзаттың екі түйткіл мәселесі бар. Бірі эгология, бірі экология. Адамдардың көпшілігінде бір-бірінің қадірін білу, бір-біріне кешірімшіл бола білу азайып кеткен. Өзін ғана ойлаушылық, менмендік пайда болған. Және қоршаған ортасын ластау белең алған. Судың да сұрауы бар, күннің де сұрауы бар дегенді ұмытқан. Міне осы нәрсе сәби күніндегі ертегі оқымағаннан, тыңдамағаннан туындамақ.

Жалпы рухани құндылықтың басы сәби баланың ақ пен қараны ажыратып алатын шағынан басталады. Хакім Абай айтады: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады; біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұл болмаса, тән жанға қонақ үй бола бермейді. Һәм өсі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «он неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген». Міне ертегі баланың осы айналасына деген өмірге деген қызығушылығын арттырады, жүйелейді.

 «Тағы бір жай ойыма оралады... Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жамбастай жайғасып баппен қымыз ішіп отыр екен... Әкем дастархан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да құлағыма: «Сен немеге аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда?» – деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім. Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып:

«Ассалам алейкум, аталар!» – деп әр сөзді қадап-қадап айттым. Бұған, әрине, бәрі күлісіп жатыр. Әйткенмен мені араз етіп алмас үшін бәрі де бір ауыздан «Әлейкум салам!» десті. Сонан соң әрқайсысы мандайымнан сыйпап мақтайды. Жақсы сөзге мәз болып мен әкемнің тізесін ала жайғасамын. Ол басымнан сипап отырып: «Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді» – дейтін». Әдептіліктің басы – үйге келген үлкенге сәлем беру. Тіпті бұл далада болсын бәрібір. Сырттай қарағанда жай қарапайым нәрседей болса да бүгінгі таңда ең өзекті мәселе. Мысалы балаңызбен бір үйге қонаққа барасыз. Ол үйдің де баласы бар. Ол «сотка» ойнайды, сені көрмейді, сәлем бермейді. Бір қарайсыз қасында сіздің балаңыз да бірге отырып әр бірі өзінің «соткаларын», теледидарларын көріп отырады. Қайтасыз қонақтан не жемеген, не баламен ойнамаған әлгі үйдің баласы да кімнің келіп, кімнің кеткенін білмеген. Енді осындай ұрпақ өскенде ағайын туысын, айналасын қаншалықты таниды. Әкесі айтқан болады, «сәлем бер!» деп оны естіп құлақ асқан бала бар ма?! Не болмаса еріксіз келіп «сәләмәтсіз ба?!» дейді.

«Әкем маған ата – тегімізді үйретуші еді.

–  Кімнің баласысың? – деп сұрайтын ол.

– Мен – Момыштың ұлымын.

– Момыш кімнің баласы?

– Момыш – Имаштың баласы.

Осылайша жеті атаға дейін жетелеп отырып санатады.

Ал келген қонақ ең алдымен атымды сұрайтын. Сонан соң менің жеті ата жөніңдегі білімімді тексеретін.

Ел танудың басы, ең алдымен, осылай басталатынын ол кезде кім білген?»

Қазақта «жеті атасын білмеген жетесіз» дейді. Әкесі үйретеді, жолдастары келгенде, қариялар үйген келгенде «кімнің баласың әй, баладан?» басталады. Осылайша жеті атасының кім екендігі, қай рудан екендігі, ұлты баланың санасына сіңеді. Ұлттық идеология дегеніміз осы. Біздің бұрынғы ата-бабаларымыз осылай оп-оңай өмір салты ретінде екі мың жылдық бабалар құндылығын сіңіріп отырған.

Міне Бауыржан Момышұлы да ұрпағының қайда кетіп бара жатқанын барлап, өзінен алдыңғы алтын шынжыр  ата-бабаларынан алған асыл мұраны осылайша кітап етіп тайға таңба басқан етіп қалдырып кеткен. Менің де айтып отырғаным осыған назар салдырту. Осы құндылықтарды жинау да батырлықтың басқа бір қыры. Ендеше осы құндылықтар бізге бүгінгі таңда ауадай қажет. Иә, бірақ жіті қырағылық қажет. Өткенде «Тұлға болам десеңіз» атты кітабымда Бауыржан туралы фольклорлық бағытта берілген олқылықтың орны түзетілді.  

Біздің екінші айтарымыз осы Бауыржан Момышұлы атамыздың екі қырын әлі де болса аша түссек. Мысалы жастарға, өскелең ұрпаққа оның осы екі ерекшелігін тереңнен танытсақ. Бір қолында қару, бір қолында қалам. Қалам ол мейірім-шапағат, сезім. Оның осы қалам ұстаған жағын мүмкін балалық шағын аша түссек. Мүмкін балалық шағы туралы филм түсіріп әлгі өзінің айтқан ұлттық құндылықты сол арқылы насихаттасақ. Жастардың көзі жетсе, осындай батырлықтың, қайсарлықтың, елін сүйгіштіктің қайдан туындағанын білсе. Бізге осындай өнегелі тұлғалар ұлттық болмысымыз, елдігіміз қатая, беки түсу үшін ауадай қажет. Біз бұл кісілерді қанша ардақтаса да аз. Себебі Б. Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыз айтқандай: «Ғалымдар айтады екен, сөнген жұлдыздың жарығы миллион жылға жетеді деп. Атам өмірден өткенімен, жұлдыздай жарқырап, әр жыл сайын бір қырынан танылып, биіктеп барады. Себебі, артында қазақ деген ел бар. Елі тұрғанда атам ешқашан ұмытылмайды».

Айтқандай, өткенде Зейнеп Ахметова апамызбен телефон арқылы тілдесу мүмкіндігім болды. Әңгіменің төркіні былай болды: әлгі «Тұлға болам десеңіз» атты бір жастарға арналған мотивациялық кітап жарық көрген еді. Мақсатым жоғарыда айтқандай өнегелі тұлға ата-бабаларымызды жастарған насихаттап, батыстың «індетінен» сақтандыру. Сол кітаптың ішінде Мәшһүр Жүсіп, хакім Абай бар, Шәкірім бар, т. басқа өнегелі тұлғалар бар. Сол мақсатпен бір қарияның бір жерде айтып қалған Бауыржан Момышұлына қатысты әңгімесі бар еді. Батыр болған соң қашанда артынан аңыз жүреді, ертегі жүреді. Аңыз да болса қызық екен деп жарық көргелі тұрған кітапқа фольклорлық ретінде қосқан едім. Бұл фольклорлық бағыттағы ел ауызынан еліміздегі өнегелі тұлғалар, әулие-ғұламалар, батырлар жайлы қызығатын ісім еді. Артынан Зейнеп Ахметова апамыз маған асығыстық жасағанымызды, ол деректің дұрыс еместігін айтты. «Тұлға болам десеңіз» атты сол кітаптың ішіндегі сол Бауыржан Момышұлына қатысты фольклорлық жанрдағы қетеліктердің орны түзетілді.  Батырдың келіні де алтын келеді екен. Апам қатары кісі ғой. Үлкенге үлкендік жарасады, кішіге кішілік жарасады. Маған ақылын айтып, ескерту жасап мұндай қателік жасама деп кішіпейілділік өзіне жарасқан мейірімін танытты. Мен де бірден ағаттық жасағанымды түсініп, Зейнеп Ахметова апамыздан кешірім сұрадым. Баласы Ержан мырзаға кешірім хат жібердім. Қазір де кешірім сұраймын. Тіпті қазақ халқымның алдында батыр атамыз Бауыржан Момышұлының алтын келіні болған Зейнеп апамыздан да баласы Ержан Момышұлынан да кешірім сұраймын. Өзінің маған айтқан насихаты мен үлкендік танытып мейірімін көрсеткені үшін алғыс айтамын. Ержанға да түсінікпен қарағаны үшін рақметімді айтамын. Онсыз да жастайымнан Зейнеп апамыздың Бауыржан туралы еңбектерін көп оқып, көкірегіме түйген болатынмын.

0 пікір