Аударыспақ - нағыз ерлердің сайысы
Аударыспақ - нағыз ерлердің сайысы
10 жыл бұрын 10402 ulttyqsport.kz
Бекен Қайратұлы

Аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін, ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, жігіттер қатысады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз адамға бұл сайыс оңайға соқпайды. Ежелгі заманнан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш шабатын жауынгерге қажетті қасиеттерді қалыптастырған. Аударыспақ қазіргі үлкен жиын-тойларда, мерекелерде спорт ойынның бір түрі ретінде көрсетіліп жүр.

Сайысқа қатынасушылар үш салмақтық категорияға бөлінеді. Аударыспаққа салмақ категориясын енгізудің мақсаты – қатынасушыларға  неғұрлым теңдік жағдай туғызу. Оны спорттың сайыстың бір түріне айналдыру үшін бір-біріне тең келетін салмақтық категорияны көбейту дұрыс. Бұл категорияға бөлу соңғы кезде қалыптасты. Ертеде кез келген тілек білдіруші өз еркімен қатынаса беретін болған. Спорттың бұл түрінің дамуымен бірге, сөз жоқ оның салмақтық категориясы да көбейе, кеңейе беретіні күмәнсіз.

 

Ойында аты белді, жарамды, өзі мықты, атқа отырысы мығым, білікті жігіттер жеңіп шығады. Сайып келгенде, аударыспақта негізгі рөлді ат пен ойыншы жігіттер атқарады. Аттар үстіндегі адамның ыңғайына бейімделгіш, арнайы үйретілген болуы шарт. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды. Аударысу ат пен жігіттің үндескен қимыл-бірлестігіне сүйене отырып, күш-жігердің басымдығын көрсететін қалыпты, байсалды шеберлікке ұласып жатуы шарт.

0 пікір