Абай атамыз мұсылман ойшылы ретінде, дін исламның негіздерін дәріптеп өткен тұлға. Оны көптеген өлеңдерінен және қара сөздерінен ашық көруге болады. Мәселен, төмендегі қара сөзде хәкім Абай намаз оқыған жақсы, бірақ оны ыждығатпен, маңыз аударып, лайықты түрде оқыған дұрыс деп отыр. Бір екі сүре шала жаттап, сонымен жатып, тұрсам болды деп емес, әрі қарай дамытып, күн өткен сайын сүреге сүре қосып, оны дұрыс оқуға талпыныңыз дейді.
Расында да көп жерлестеріміз намазға жығылып жатқан жайлары бар, Құдайға шүкір дейміз, Алла тура жолдан айырмасын. Алайда, намаздың негізгі үкімдерімен танысуға және жаттаған сүрелерін естіп болсын, мейлі оқып болсын, дұрыстап қайталап тұруға онша ыңғай танытпайтыны да шындық.
Мұны Абай атамыз «құлшылығым Құдайға лайық болса екен деп қам жемеу» деп отыр. Құлшылығым Құдайға лайықты түрде қалай дұрыс орындасам екен деп қам жемек керек екен.
Негізі намаз ол діннің тірегі. Бұл намазы жоқтың діні жоқ деген сөз. Және де қияметте бірінші сұралатын намаз, намазы дұрыс болғанның барлық амалы дұрыс, намазы бұрыс болғанның барлық амалы бұрыс деген де бар. Демек, намазды лайықты түрде орындауға ыждағаттылық танытып, ықылас білдіруіміз керек.
Ол үшін жоғарыда айтқанымыздай мүмкіндігі бар жастар арабша хат танып, сүрелерді арабшасынан оқып үйренсе, тым болмағанда білетін сүрелерін аудио оқылуларынан естіп, қайталап, намаз кітаптарынан қайта-қайта оқып қате тұстарын дұрыстап отырса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Ал Құдай қабыл етсе етеді, етпесе өзі біледі деген секілді селқос қарау және әйтеуір немқұрайлықпен оқу - Абай айтқандай «Құдайды саудагердей қыламын деумен» парапар болмақ. Ол өзінің қара сөзінде былай дейді:
«Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң — ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді».
Әрине, Абай атамыз қазақты жамандап отырған жоқ, бірақ сондай болмайық деп отыр. Құлшылығымызды дұрыстап үйренуге, күнделікті оқып білуге талпынайық деп отыр.
Шариғатта қандай құлшылық түрін орындасақ, сол құлшылық түріне байланысты негізгі үкімдерді оқып білу - парыз айн. Мысалы, намаз оқып жүрген кісі дәрет үкімдері мен қоса намаздың негізгі үкімдерін де оқып білмекке талпынуы керек, ол оған парыз.
Ораза айы келерде күннен бұрын оразаға қатысты шариғат үкімдерін оқып, біліп, негізгі қажетті мәселелермен таныс болғаны жөн.
Қажылыққа баратын мұсылман қажылық үкімдерін, зекет беретін мұсылман зекеттің негізгі үкімдерін оқып білмегі парыз.
Абай жоғарыдағы қара сөзін жалғап: «Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды» деп сын айтады. Яғни, тілін жаттаған намаз сүрелеріне жаттықтыру, зікір тәспихат айтып, Құдайды пікірлеп рухын тазарту, діннің үкімдерін үйренумен әлек болу керек екен. Намазы дұрыстың рухы да дұрыс. Құранда: "намаз көптеген ұнамсыз жамандықтардан тыйяды" деп сипаттайды.
Қарт кісілер де барынша сүрелерді оқып қайталап, естіп тыңдап дұрыстап тұрғандары абзал. Бұл да ілім үйренушілік. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ілім үйрену тал бесіктен, жер бесікке дейін парыз» дейді. Яғни, мұсылман адам өлелгенше ілім талап қылып, оқып өтуі тиіс. Оқусыз күнің жоқ демекші, оқусыз ақыретті де жоғалтып алуымыз бек мүмкін. Дінімізде оқуды "құлшылық" деп үйретеді. Адам оқыған сайын құлшылықтың сауабын алады. Ал қартайғанда қалай үйренемін, есте сақтай алмаймын, тілім келмейді деген сылтау ықыласты мұсылманға жараспайтын тірлік. Бұған қатысты Абай атамыз:
«Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» дейді. «Оқымадың демесе болады дағы, тілімнің келмегенін қайтушы еді» дейді» деп олай айтудың қате екендігін ұқтырады да, артынан: «Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па?»
- деп кейіді.
Расында да қартайған шағында Құран жаттап, Құран қариы болып жатқан апалар мен аталарды кездестіруге болады. Демек, сырқаттықтан құдай сақтасын, егер ықылас танытып, Құранды дұрыс оқып үйренумен әлек болса, қария жасында да қари болуға болады екен. Әрине бұл сөзімізбен, бәріне Қари болу керек деп отырғанымыз жоқ, мұндағы негізгі айтпағымыз - намазды Құдайға лайықты түрде орындауға талпыну керектігі. Ол болса ең бірінші - жаттаған намаз сүрелерінің барынша дұрыс оқылуына ден қою, осы мақсатта кітаптардан қайталап, аудио оқылуын жиі тыңдап тұрмағы ләзім. Екінші - дәрет пен намаздың негізгі үкімдерін оқып білу. Мұның өзі ықылас. Маңыз аударушылық. Намазына қам жеушілік. Үшіншісі - іштей құдай көріп тұр деп оқу.
Ендеше, намазымызға қам жеушілерден болайық, ағайын!
Он алтыншы қара сөз:
«Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң — ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» дейді. «Оқымадың демесе болады дағы, тілімнің келмегенін қайтушы еді» дейді. Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па?»