Нәсәфи ақидасының түсіндірмесі: «Амал таразысының болатындығы – ақиқат!»
Нәсәфи ақидасының түсіндірмесі: «Амал таразысының болатындығы – ақиқат!»
5 жыл бұрын 2850
Доктор Абдульмәлік ибн Абдуррахман әс-Саъдий

والوزن حق

«Амал таразысының болатындығы – ақиқат!» Имам Нәжмуддин ән-Нәсәфи (рахимаһуллаһ).

(*Амал таразысы – қиямет күні есеп-қисап кезінде адамдардың істеген істері тартылатын құбылыс. Кімнің жақсылығы ауыр басса, құтылады, ал кімдің сауапты істері жеңіл басып, күнә істері ауыр басса, тұтылады)

Амал таразысының ақиқаттығын білдірген Құран Кәрімде көптеген аяттар бар. Мысалы:

  • Ол күнгі таразылау – ақиқат. («Ағраф» сүресі, 8 аят).
  • Кімнің таразысы ауыр басса,  ол - риза болар өмірде (пейіште). Ал, кімнің таразысы жеңіл басса, онда оның орны «Һәуия» болады. Һәуияның не екенін білесің бе? Ол – алаулаған от». («Қариға» сүресі, 6-11 аяттар). т.б.

Кезінде «Мұғтазилия» ағымындағылар амал таразысын жоққа шығарған еді. (Мұғтәзилия – аят-хадистерді ақылға тәуелді етіп, ақылды аят-хадистерден бұрын қоятын діни-философиялық ағым). Олардың көлденең тартқан уәждері бойынша:

- Бұ дүниедегі амалдар «ъараз» болып табылады. Оларды қайта оралту мүмкін емес, өйткені олар адам өлгеннен кейін жоқ боп кетеді. (Ъараз - бар болуын жалғастыру үшін өзге денені қажет ететін нәрсе, акциденция).

- Істеген іс-амалдарды о дүниеде қайта оралтудың мүмкін екендігін қабыл етсек те, оларды таразыға тарту мүмкін емес, себебі іс-амалдар «жеңіл не ауыр» болып сипатталмайды. (Олар салмақпен өлшенбейді).

- Іс-амалдар – олар, Алла Тағала үшін бір мағлұмат қана. Мағлұматтарды таразыға тарту шындыққа жанаспайтын нәрсе.

Мұғтазилиттердің аталмыш уәждеріне былайша жауап беруге болады:

- Амал таразысына тартылатын іс-амалдардың өзі емес, іс-амалдар жазулы амал дәптерлері болуы мүмкін.

- Алла Тағалаға «мүмкін емес» еш нәрсе жоқ. Алла Тағала іс-амалдарға да салмақ жаратып, таразыға тартылардай жеңіл не ауыр етіп жаратып қоюы ғажап емес. Оның үстіне, кей аяттарға қарасақ, о дүниеде амалдар материалды дене болып жаратылатындығын және иесінің арқасына арқалатып қоярдай белгілі салмағы болатындығын аңғарамыз. «Әнғам» сүресінде былай делінген: «...оларға кенеттен қиямет–қайым келсе, олар: «Өкінішке орай бұл жөнінде кемшілік қылған екенбіз» дейді. Олар күнәларын арқаларында арқалайды». («Әнғам» сүресі, 31 аят).

- Алла Тағаланың амалдарды білуі – олардың таразға тартылуын жоққа шығармайды. Өйткені, Алланың даналығы амалдардың таразға тартылуын керек етуі мүмкін. Өйткені, адамдарға істеген істерінің қарымтасын әділ түрде беру үшін олардың істеген істері таразға тартылып, өлшемі көрсетілуі керек...

Кәпірлердің істері "амал таразысына" тартыла ма?

Бұл мәселеде ғұламалардан екі тұжырым жеткен:

Біріншісінде – кәпірлердің істеген істері "амал таразысына" тартылмайды. Істеген істері сол күйінше жойылып, еш кетеді. Бұл жайында Құранда: «Раббыларының аяттарын және Раббыларымен жолығатындықтарын жоққа шығарған кәпірлер, олардың істеген істері еш кетеді. Олар үшін біз таразы құрмаймыз», - делінген. («Кәһф» сүресі, 105 аят).

Екіншісі – Дұрысырағы – кәпірлердің де істеген істері о дүниеде амал таразысына тартылады. Ал жоғарыдағы аяттың айтпағы: «Олар үшін пайдалы әрі нәтижелі бір таразы болмайды» деген ұғымда... (Ең дұрысы - Аллаға мәлім!). 

«Шархуль Ақидатун Нәсәфия» атты кітаптан ықшамдап алынды.
Аударып, дайындаған: Абдусамат Қасым

0 пікір