Ақыл-ой
Имам Әбу Хафс ән-Нәсәфи (р.а.) былай дейді:
وأما العقلُ: فهو سببٌ للعلمِ أيضًا، وما ثبتَ منه بالبديهةِ فهو ضروريٌّ كالعلمِ بأنَّ كلَّ الشىءِ أعظمُ من جزئِهِ، وما ثبتَ منهُ بالاستدلالِ فهو اكتسابيٌّ
«Ақыл-ойға келер болсақ, ол да болмысты танып-білу жолдарының бірі. Ақыл арқылы білінетін (кейбір) «бәдиһи танымдар» бар (яғни, ойлануға мұқтаж емес, априорлық ақиқаттар بَدِيهِىٌّ). Ондай таным – Зәрури танымға жатады. Мысалы, тұтас бір заттың өзінің бөлшегінен үлкен екендігін білу сияқты (ол көп ойлануды, дәлелдеуді қажет еттірмейді).
Сондай-ақ, дәйектеме арқылы білінетін таным бар. Ондай танымды - «Иктисәби таным» дейміз (ізденістің нәтижесінде қол жеткізген танымды - иктисәби таным дейміз).
Түсіндірме:
Болмысты танудың үшінші жолы – ақыл. «Ақыл» сөзінің арапша нұсқасы - «ъақл-عقل» болып келеді. Араб тілінде «ақыл» тілдік тұрғыда әртүрлі мағыналарда қолданады. Айталық, «тыйым салу», «шектеу», «паналау», «қорған ету», «тапа-тал түсте көлеңкенің қысқаруы», «хайуанның аяғын бүгіп байлап қою»[1] т.б.
Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Ақыл – надандықтың кісені (ъиқал)», - деген. Яғни, әртүрлі әбестік істерді істеуге тосқауыл.
Терминдік анықтамасына келер болсақ, ақыл – әр нәрсені өзіндік табиғатына сай түсіну және ұғыну[2] дегенге саяды. Қарапайым түрде айтқанда ақыл – адамның ойлау қабілеті, сана-сезімі, ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты ажырата білетін қасиеті.
Ислам дінінде ақылдың рөлі үлкен. Құран Кәрімнің көптеген жерлерінде Алла тағала ақыл жүгіртіп, пікірлеумізге шақырады. «Ақыл жүгіртпейсіңдер ме...», «Олар ойланбай ма...», «Олар Құранды зерттеп қарамай ма...» т.б. осы сияқты айқыл-ой жүгіртіп, ойлануға, тұжырымдап пайымдауға бұйырған аяттар баршылық. Алланы танып, бұл дүниенің жалғандығына да осы ақылымыз арқылы жетеміз.
Рафизи ағымындағылар және «мүшәббиһә»[3] ағымындағылар ақыл-ойды нақты танымға апарар жол ретінде қабылдамаған.
Ақыл арқылы болмысты танып-білуді жоққа шығару әбестік. Себебі, күнделікті тіршілігіміздегі әрбір сәтінде осы ақыл арқылы айналамыздағы болып жатқан нәрселерді анық-айқын біліп жатамыз.
Ақыл-ой арқылы қол жеткізген танымды ғалымдар екі түрге бөлген:
- Біріншісі: Бәдиһи.
- Екіншісі: Истидләли.
Бәдиһи таным деп, ойланбастан адам санасында бірден қалыптасатын танымды айтамыз. Мысалы, екі метр, бір метрден ұзын екені немесе 1 саны, 2 санынан аз екендігі ойланбастан-ақ, ізденісті қажет етпей-ақ белгілі. «Ақ» дегенде ақ түс, «қара» дегенде қара түс бірден ойымызға келеді. Алыстан түтін көрсек, бірден өрт болып жатқанын білеміз. Осындай «танымдарды» кәләм ғылымында «бәдиһи таным» дейді.
Өзінің айқындығымен бұлтартпастығы себепті бәдиһи танымды «зәрури танымға» жатқызамыз.
Зәрури таным дегеніміз – өткен дәрісте айтып кеттік – естіген адамға еш дәлел керек еттірмейтін, айғақ сұратпайтын, белгілі ізденісті қажет еттірмейтін айқын таным.
Истидләли таным - ақыл жүгіртіп, ойланып, дәлелдер арқылы қол жеткізген таным. Біз жоғарыда мұны «дәйектеме арқылы жеткен таным» дедік. Мысалы, «Әлем жаратылған. Әр жаратылғанның жаратушысы бар. Демек, әлемнің жаратушысы бар». Бұл жерде ақылымызды жүгіртіп, алғы шарттарды қолданып, «әлемнің жаратушысы бар екеніне» көзіміз жетіп отыр.
Осылайша дәйектеме арқылы қол жеткізген танымды - «иктисәби танымға» жатқызады екенбіз.
-«Иктисәби» дегеніміз не?
-«Иктисәб» сөзі араб тіліндегі «кәсәбә» етістігінен шығады. Түбірі - «кәсб». Кәсбтің мағынасы – еңбек ету, нан табу, пайда түсіру, ұту, бір нәрсені істеу деген мағыналарға саяды. Қазақ тіліндегі «кәсіп» сөзі осы сөзден шыққан. Иктисәбтің сөздік мағынасы да аталмыш ұғымдарды қамтиды.
Демек, «Иктисәби таным» деп, жоғарыда айтқанымыздай, ізденістің нәтижесінде қол жеткізген танымды айтады.
Бұл жерде «иктисәби» сөзін қолдануының себебі, өзінің аты айтып тұрғандай, кейде бізге белгісіз бір нәрсені танып-білу, анықтау үшін аз да болса, еңбектеніп, іздену керек. Анық-қанығына жету үшін әдебиеттерді қарап, ғаламтор парақшаларын ақтарып жатамыз. Міне, осы жерде бейне бір «еңбектену» бар. Осылайша еңбектеніп, ізденіп қандай да бір танымға қол жеткіземіз. Сондықтан да, «иктисәби» таным деп аталып отыр.
-«Зәрури таным» мен «иктисәби таным» арасында нендей айырмашылық бар?
- Ертеректе өмір сүрген Мәтуриди мектебінің ғалымы Имам Сабуни аталмыш екі танымның айырмашылығын былай түсіндіреді:
«Зәрури, ол – адамның қалауынсыз және еңбегінсіз (немесе ізденуінсіз) Алла жаратқан таным. Мысалы, өзінің бар екендігін білу, жағдайларының өзгеріп тұрғанын білу сияқты.
Иктисәби – Пенденің еңбегінің нәтижесінде жаратылған таным. Оның еңбегі – танымды тудыратын себептердің бірін қолдану. Ол себептер үшеу: Сау сезім мүшелері, шынайы мәлімет және ақыл-ой (немесе тұжырым)»[4]
Яғни, адам баласы ақыл-ойымен қатар өзге де танып-білу жолдарын қолдана отырып, әлдебір нәрсені біліп жатады. Мысалы, автокөліктің төрт дөнгелегі бар екенін көзбен көріп, өзіне тән дыбысын құлақ арқылы естіп, біледі.
Илһәм
والإلهام ليس من أسباب المعرفة بصحة الشيء عند أهل الحق
Имам Нәсәфи ары қарай сөзін былай жалғастырады:
«Хақ иелері бойынша, илһәм – бір нәрсенің ақиқат екендігін білу жолдарына жатпайды».
Түсіндірме:
-«Илһәм» дегеніміз не?
- «Илһәм» - Алла тағаланың жүрекке білдірген ишарасы, белгісі. Қазақ тіліндегі баламасы - «аян беру».
Кейбір тақуа, жүрегі таза жандардың көкейіне Алла тағала тарапынан белгі, ишара берілуі мүмкін[5] немесе түсінде аян берілуі мүмкін[6]. Оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, бұл өзгелер үшін айқын танымды білдірмейді.
-«Хақ иелері» деген кімдер?
-«Хақ иелері» деп, әһли сүннет уәл жамағат жолындағы ғұламаларды айтамыз.
-Хақ иелері илһәм жайында не деген?
-Мәтуриди ақида мектебінің бетке ұстар ғалымы Әбу Муъин ән-Нәсәфи[7] өзінің «Тәбсиратуль Әдиллә» атты ауқымды кәләм ғылымына арнап жазған еңбегінде былай дейді:
«Танып-білу жолдары үшеу екендігі нақтыланды. Олар: сезім мүшелері, шынайы мәлімет және ақыл-ой. Және айтарымыз, қандай да бір діннің дұрыстығын немесе бұрыстығын тек осы үш жолмен ғана танып-білуге болады... Кейбіреулер айтады, қайсы бір дін немесе мәзхабтың ақиқаттығын білу үшін илһам жеткілікті дейді. Бұлай ойлау – қате. Егер, рас десек, барлығы өзінің айтқан сөзінің, ұстанған жолының дұрыс, ал, өзгелердікі жалған екендігі илһәм арқылы білдірілді деп ойлайтын болады... Дәлелге сүйену керек, илһәмға емес».[8]
Қорытынды:
Айналадағы қоршаған ортаны, жалпылама болмысты танып-білу тек бұлтартпас, айқын дәлелдерге сүйенеді. Мұндай айқын дәлелдерді тудыратын үш жол бар. Олар, сезім мүшелері, шынайы хабар және ақыл-ой. Бұдан өзге – іштей сезіктену, жүрекке білдірілген ишара, соқыр сенімділік бір нәрсенің ақиқаттығын және оның шынайы болмысын танып-білуге жарамайды. Неге десеңіз, бұлардан туындаған танымда «күмән» басым. (Басы алдынғы жазбада... Жалғасы бар...)
[1] Мүъжәмул Уәсит.
[2] Мүъжәмул Уәсит.
[3] Мүшәббиһа - Жаратушыны жаратылғандарға ұқсатып түсіндіретін ағым. Рафизилер деп, шиизм ағымының «иснә-ъашара» - Әзірет Әлидің ұрпағынан болған 12 имамды қасиет тұтып, өздеріне соларды пір санағандарды айтамыз. Бұлар: «Пайғамбар қайтыс болғаннан кейін халифалыққа Әзірет Әли лайық еді», - деп Әбу Бәкір және Омардың халифалығын заңды деп санамаған. Бірнеше сахабаларға мұнафиқтық сипатын таққан. Айша анамызды зинақорлықпен айыптады
[4] Имам Сабуни, әл-Бидая.; Имам Тафтазани, шархул ъақидатин Нәсәфия.
[5] Мұса пайғамбарды сәби күнінде төнген қауіпті бейтарап ету үшін, анасына оны қорабқа салып, өзенге ағызып жіберуі аян арқылы, яғни, илһәм арқылы білдіріледі.
[6] Ибраһим пайғамбардың түсінде періште келіп, баласы Исмаилды құрбандыққа шалуын білдіргені секілді.
[7] Мәтуриди ақида мектебінің ғұламасы Әбу Муъин Мәймүн ибн Мұхаммед ән-Нәсәфи әл-Мәкхули. милади жыл санауы бойынша 1027 жылы дүниеге келген. Бұл ғалымды "Насәфи ақидасының" авторы Әбу Хафс Нәсәфимен шатастырмау керек.
[8] Әбу Муъин ән-Нәсәфи, «Тәбсиратул Әдиллә». 1/151 бет.
«Нәсәфи ақидасы» - әһли сүннет сенім негіздеріне қатысты мәселелерді қысқа әрі нұсқа беріп өткен кітапшаның аты. Бұл кітап - қысқалығына қарамастан Матуриди ақида мектебінің негізінде жазылған «Ислам сенімі» туралы маңызды еңбектердің бірі болып есептеледі. Күні бүгінге дейін маңыздылығын жоғалтпаған бұл кітапқа көптеген ғалымдар тарапынан түсіндірмелер жазылды.
«Нәсәфи ақидасы» атты кітапшаның авторы - Орта Азиядан шыққан Ханафи мәзхабының беделді ғұламасы, фиқһ әрі хадис ғылымының білгірі және тәпсірші ғұлама Әбу Хафс Нәжмуддин Омар ибн Ахмәд ибн Лұқман ән-Нәсәфи әл-Ханафи. Миләди жыл санауы бойынша 1067-1142 жылдары аралығында өмір сүрді. Туып өскен жері Нәсәф қаласы (қазіргі Қарши қаласы, Өзбекстан). Кітаптың аты автор атымен байланыстырылып «Нәсәфи ақидасы» деп аталған. Яғни, «Нәсәфи жазған ақида кітабы» дегенді білдіреді.