ЗАМАН АҚЫРДЫҢ КЕЙБІР КІШІ БЕЛГІЛЕРІ
ЗАМАН АҚЫРДЫҢ КЕЙБІР КІШІ БЕЛГІЛЕРІ
3 жыл бұрын 11357

Қияметтің белгілері - үлкен және кіші болып екіге бөлінеді. Кіші белгілер белгілі бір уақытта, белгілі бір ортада бой көрсетіп, әсер етуі мүмкін. Ал үлкен белгілері келгенде жер бетін түгелдей дерлік қамтитындай апат болады.

Ислам ғұламалары Қияметтің кіші белгілерін үшке бөлген:

  • Болып өткен кіші белгілер;
  • Болып өткен және қазір де болып жатқан белгілер немесе бір рет болып өтіп, сосын қайталанатын белгілер;
  • Әлі күнге дейін болмаған белгілер.

Осы үшіншінің кейбірі үлкен белгілердің алдында келсе, кейбірі олармен араласып келеді.

Төменде ақырзаман жақындағанда бой көрсететін кейбір кіші белгілері берілген:

1) Мұсылмандардың байлығы тасып, садақа алар ешкім болмайды. Әбу Мұса (Алла одан разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адамдарға сондай бір заман келеді, сонда кісі алтыннан болған садақасымен (адамдар) арасын аралап жүріп, оны алатын ешкімді таба алмайды», – деген. («Сахих Мүслім» хадис жинағы).

2) Діни білім жойылып, надандықтың таралуы. Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Ілімнің жойылуы мен надандықтың етек алуы және ішімдікке салыну мен зинақорлықтың белең алуы – Қияметтің белгілерінен». («Сахих Бұхари» хадис жинағы).

3) Зинақорлықтың белең алуы. Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): "Алла елшісі (с.а.с.): "...зинақорлықтың белең алуы – Қияметтің белгілерінен", – деп айтты", – деген. («Сахих Бұхари»).

4) Өсімқорлықтың (риба) көбеюі. Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз  (с.а.с.): «Қияметтің алдында өсімқорлық көбейеді», – деген. («Табаранидің» хадистер жинағынан). Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адамдарға бір уақыт келеді, (ол кезде) кісіні ақшаны қайдан алғаны - халалдан тапты ма, харамнан тапты ма, қызықтырмайтын болады», – деген. («Сахих Бұхари»).

5) Ән-күй мен әншілердің көбеюі. Сәһл ибн Сағд (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ақырзаманда жер жұтуы, тас жаууы және құбыжық бейнелер (пайда) болады», – деген. «Ол қашан, уа, Алланың елшісі?» – деп сұралғанда, Пайғамбар (с.а.с.): «Ән-күй аспаптары мен әншілер көбейсе», – деп жауап берген. («Ибн Мәжә»). Әбу Мәлик әл-Ашғари (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Менің үмбетімде ...ән-күй аспаптарын халал етіп алатын адамдар (пайда) болады», – деген. ("Әл-Бұхари").

6) Харам ішімдіктердің көбеюі және оның халал саналуы. Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «...ішімдікке салыну... – Қияметтің белгілерінен», – деп айтты», – деген. ( "Сахих Муслим"). Әбу Мәлик әл-Ашғари (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Менім үмбетімде ...шарапты... халал етіп алатын адамдар (пайда) болады», – деп айтқан. (Әл-Бұхари).  

7) Мешіттер мен Құранды артықша сәндеу. Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адамдар бір-біріне мешіттермен мақтанбайынша, Қиямет келмейді», – деген. (Ән-Нәсәи). Әбу Дәрда (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте
Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер мешіттеріңді сәндеп, Құран кітаптарыңды әшекейлесеңдер, сендерге апат келеді», – деген. (Әт-Тирмизи, әл-Хаким).

8) Биік әрі зәулім ғимараттарды тұрғызу. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен келесі бір хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «...Адамдар өзара биік ғимараттарды соғуда жарыспайынша, Қиямет келмейді», – деген. («Сахих Бұхари»).

9) Уақыттың қысқаруы. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «...уақыт қысқармайынша, Қиямет болмайды». Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «уақыт қысқармайынша» деген сөзінің түсіндірмесіне ғұламалар бірнеше пікір айтқан. Солардың бірінде – «уақыттың берекесі болмайды» делінген.

10) Туыстық қарым-қатынасты үзу және көршілерге деген құрметсіздік. Абдуллаһ ибн Амр (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Азғындық пен жаппай шектен шығушылық және туыстық қарым-қатынасты үзу мен көршілерге құрметсіздік орын алмайынша, Қиямет келмейді», – деген . (Имам Ахмед: «Мүснәд»).

11) Сауда-саттықтың көбеюі. Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қияметтің алдында танысқа ғана амандасу және сауданың кең таралу жағдайы болады. Тіпті әйелі күйеуімен сауда ісінде серіктеседі», – деген. (Имам Ахмед: «Мүснәд»).

12) Лайықты емес адамдардың билік басына келуі. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта: Бірде Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларымен әңгімелесіп отырған кезде оған бір бәдәуи келді. Ол Пайғамбарға (с.а.с.): «Қиямет қашан?» – дейді. Пайғамбар (с.а.с.) сөзін жалғастыра береді. Кейбір адамдар: «Ол оның сұрағын естіді, бірақ сұрағанын жақтырмады», – деді. Енді біреулері: «Жоқ, естіген жоқ», – десті. Пайғамбар (с.а.с.) әңгімесін аяқтағаннан кейін: «Қиямет жайлы сұраған (адам) қайда?» – деді. Ол: «Менмін, уа, Алланың елшісі!» – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) оған: «Аманат жоғалса, Қияметті күте бер!» – деді. Бәдәуи: «Ол қалай жоғалады?» – деп сұрады. "Іс - иесіне тапсырылмаса», – деп жауап берді Пайғамбарымыз (с.а.у.).

13) Таныс адамдармен ғана сәлемдесу. Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Бір кісі екінші кісімен оны танығаны үшін ғана амандасатын кез келгенше, Қиямет келмейді», – деген. (Имам Ахмед: «Мүснәд»). Негізінде, танитын адамдарға ғана сәлем беру сүннетке жатпайды. Таза сүннет, ол – мұсылманның таныса да, танымаса да кездескен кісісіне сәлем беру.

14) Сүннет амалдарға деген немқұрайдылық. Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Бір кісінің мешіттен өткенде, онда екі ракағат намаз оқымай кетуі – Қияметтің белгілерінен», – дейді. («Ибн Хузайма»).

15) Жалған хабарлардың көбеюі. Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Менің үмбетімнің ақырғы тұсында сондай бір сендер де, әкелерің де естімеген нәрселерді әңгімелейтін адамдар болады. Олардан сақ блыңдар!»  – деген. («Сахих Мүслім»).

16) Жаңбырдың көбейіп, жемістің азаюы. Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Барлық жерге жаңбыр жауғанымен, жерден ештеңе шықпайтын заман болмайынша, Қиямет келмейді» - деп айтқан. (Имам Ахмед: «Мүснәд»).

17) Ізгі адамдардың азаюы. Абдуллаһ ибн Амр (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Алла жер бетінен ізгі адамдарды алып, мағруфқа (құпталғанға) шақырмайтын, мункардан (теріс істерден) қайтармайтын бұзақыларды қалдырмайынша, Қиямет келмейді». (Имам Ахмед: "Мүснәд".). Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «ізгі адамдар» дегені – таза дін жолында жүріп, жақсылық істейтіндер, «бұзақылар» дегені – күнәкарлар мен діннен бейхабарлар. 

18) Қылмыстың (кісі өлтірудің) көбеюі. Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Қияметтің алдында (кісі) өлтіру (көп) болады, (діни) ілім жойылып, надандық етек алады», – деген. ("Сахих Бұхари").

19) Уақыттың қысқаруы. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «...уақыт қысқармайынша, Қиямет болмайды», – деген. (Әл-Бұхари). Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «уақыт қысқармайынша» деген сөзінің түсіндірмесіне ғұламалар бірнеше пікір айтқан. Солардың бірі – «уақыттың берекесі кетеді» деген. Адамдарға уақыт өте жылдам өтіп, олар ештеңеге үлгере алмайтын болады. Ал кейбір қазіргі дәуірдің ғалымдары мұны жаңаша көзқараста түсіндіреді. Мәселен, өткен замандарда адамдар бір өлкеге бару үшін айлап сапар шегетін болса, қазіргі уақытта сапарымыз бірнеше сағаттық жолдан ғана тұрады. Немесе азғантай мезеттің ішінде жердің келесі түкпіріндегі біреуге хат-хабар жіберіп, хабар алу мүмкіндігі бар. 

20) Араб жерінің гүлденуі. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Араб жері шалғындар мен өзендерге қайта айналғанға дейін Қиямет келмейді», – деген. («Сахих Мүслім»).

21) Туыстық қарым-қатынасты үзу мен көршілерге деген құрметсіздік. 

22) Жазу-сызудың көбеюі. Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қияметтің алдында жазу көбейеді», – деп айтқан. Амр ибн Тағлиб (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «...Саудагерлер санының артып, ілімнің кең тарауы – Қияметтің белгілерінен», – деген. Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «жазу», «ілім» дегені, шариғат ілімі емес. Керісінше, бұл жерде дүниелік ілімдер меңзелген.

23) Сүннет амалдарға деген немқұрайдылық. Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Бір кісінің мешіттен өткенде, онда екі ракағат намаз оқымай кетуі – Қияметтің белгілерінен», – дейді. Ибн Хузайма. Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мешіттердің жол болып қалуы – Қияметтің белгілерінен», – деп айтқан. (Әл-Хаким). 

24) Т.б[1].


[1] Мәліметтер: «АҚЫРЕТ ӨТКЕЛДЕРІ» атты кітаптан теріп алынды. Бұл кітапта 50-жуық кіші белгілері көрсетілген, толық аталмыш кітаптан оқуға болады.

 

0 пікір