УА, БАЛАМ!
Және мынаны білгін! Надандық сырқаты төрт түрлі. Оның біреуі ем қонатын түрден, қалған үшеуіне ем қонбайды.
Ем қонбайтын надандық сырқаттары мыналар:
1). Кімнің сұрағы мен қарсылығы қызғаныш пен жақтырмаудан туындаған болса. Ондай адамға ең көркем түрде және өте ашық-анық жауап берген сайын, ол оның тек ашуы мен қызғанышын ғана арттырады. Ең дұрысы – ондай адамға жауап беріп шаршамағаның жақсы.
(Абдулла ибн Мүбәрәк айтқандай):
Барлық дұшпандық отының өшуіне үміт бар,
Бірақ, хасадтан (қызғаныштан) саған дұшпандық еткеннің дұшпандығы әсте![1]
Ондай адамнан бет бұрып, сырқатымен бірге өз жайына қалдырғаның жөн. Алла Тағала Құранда айтқандай: «Біздің үгітімізден жалтарып, дүние тіршілігін ғана қалаған кісіден бет бұр!»[2].
Көреалмайтын күншіл адам өзінің «амал егісіне» от қойып жатқанын білмейді (яғни, біреуді көреалмау арқылы өзінің барлық амалдарын жойып жатқанымен ісі жоқ-ауд.). Ол жайында Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деген: «От қалайша отынды жеп тауысса (өртесе), күншілдік те кісінің сауаптарын жеп тауысады»[3].
2). Надандығының себебі ақымақтық болса. Ондай адамға да ем жұқпайды. Әзіреті Иса пайғамбар (ғалейһиссәләм) айтқандай: «Өлілерді тірілтуге шамам жетті, барақ ақымақ адамды емдеуге шамам жетпеді»[4].
Мәселен, бір адамдар болады, аз уақыт білім оқып, ақли (кәләм ғылымы, теология) және шариғи (шариғат) ілімдерінен аз бір нәрсе үйреніп алады да, өзінің ақымақтығынан – өмірі ақли және шарғи ілімдерді оқумен өткен үлкен ғалымға сұрақ қойып, (жауабына) қарсылық танытып жатады. Ол ақымақ ойлайды: "оған түсініксіз болған нәрсе үлкен ғалым адамға да түсініксіз" деп.
Ондай адам осының өзін ойланбайтын болса, демек сауалын ақымақтығынан қойып отыр. Ондай адамның сұрағына жауап беріп әуре болмай-ақ қойған жөн. Ақымаққа берілер жауап – үндемеу.
3). Туралыққа жөн сілтеуді сұрайтын зердесіз болса. Ондайлар ұлы кісілердің айтқан сөздерінің ішінен түсінбегенін өзінің түсінігінің тарлығына балайды. Сұрақты да білу үшін сұрайды, бірақ ақиқатты түсіне алмайтын тым зердесіз. Оған да жауап беруге әуре болмаған жақсы. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) айтқандай: «Біз (пайғамбарлар қауымы) адамдарға ақылдарының деңгейіне қарай (түсініктерінің деңгейіне қарай) сөйлеуге бұйырылдық»[5].
Ал енді ем қонатын надандық сырқаты (біреу):
Ол – туралыққа жөн сілтеуді сұрайтын (ақиқатты іздейтін) ақылды әрі тез ұққыш, сондай-ақ, күншілдікке, ызаға, құмарлық сүйіспеншілігі мен мансап сүйіспеншілігіне және мал-дүние сүйіспеншілігіне жеңілмеген, тура жолды іздейтін, сұраған сұрағы мен айтылған пікірге қосылмауы - ішітарлықтан немесе қырсықтықтан яки сынаушылықтан туындамаған кісі. Бұндай адамға ем жұғады. Оның қойған сауалдарына жауап берумен айналысуға болады, тіпті ондай кісіге жауап беруге міндеттісің дер едім.
(Жалғасы бар...)
Имам Ғазалидің «Әюһәл Уәләд» атты кітабынан аударылды.
(араб тілінде, сілтемелер де кітапқа тиесілі).
Аударған Абдусамат Қасым.
[1] «Әл-Бәйт минәль Бәсит». Абдулла ибн Мүбәрактың өлең жинағынан (Диуан).
[2] «Нәжм», 29 аят.
[3] Әбу Дәуід: «Сүнен», №4903 хадис; әл-Бәйһәқи: «Шуъәбуль Иман», №6184 хадис, Әбу Һурайрадан жеткен.
[4] Ибн Абдульбирр «бәһжәтуль Мәжәлис» кітабында келтірген.
[5] Дәйләми: «Фирдаус», №1611 хадис, Абдулла ибн Аббастан жеткен (радияллаһу анһ).