"Уа, Балам!...": Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (1)
"Уа, Балам!...": Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (1)
3 жыл бұрын 5848
Абдусамат Қасым

Уа, сүйікті де, қадірлі балам, Алла Тағала өміріңді оған бойсұнумен өткізетіндей ұзартсын және саған жақсы көретін пенделерінің жолын берсін!

Білгін! Айтылған насихат – Пайғамбарлық қайнар көзден алынып жазылады (Мұхаммед пайғамбардың саллаллаһу алейһи уә сәлләм хадистерінен алынады). Егер саған сол қайнар көзден насихат жеткен болса, менің насихатымның саған не қажеті бар? Ал пайғамбарлық насихат саған жетпеген болса, айтшы, осынша жылдар бойы не оқыдың?!...

УА, БАЛАМ!

Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үмбетіне айтқан насихатының жиынтығы мына бір сөзінде қамтулы:

  • «Алла Тағаланың пендесінен бет бұрғандығының бір белгісі – пенденің өзіне қатысы жоқ (пайдасыз) нәрселермен айналысуы[1].
  • Адамның өміріндегі бір сәт, егер негізгі жаратылған нәрсесінен өзге нәрсеге сарп етілсе, ұзақ уақыт бойы қасірет шегуге әбден лайықты[2].
  • Кімде-кім қырықтың қырқасынан асқан шағында жақсылығы жамандығынан басым түспесе, тозақ отына дайындала берсін!»[3]

Ұшбу насихат - білім иелері үшін жеткілікті.

УА, БАЛАМ!

Насихат айту – оңай. Қиыны - оны (көкейге түйіп) қабылдау. Өйткені нәпсінің соңынан ергендер үшін нәсихаттың дәмі тым ащы. Керісінше харам нәрселер ондайлардың жүректеріне сүйкімді келеді. Әсіресе, ілімді теория жүзінде ғана үйреніп, нәпсісін қанағаттандыру үшін және дүниеде атақ-даңққа қол жеткізу үшін ілім алумен шұғылданатындарға насихат ауыр тиеді. Ондайлар «алған ілімінің бір тек өзі ғана оның дәнекері, құтқарушысы, құтылар құралы болады деп есептейді, сондықтан да, алған ілімін амалға асырудың қажеті жоқ деп санайды. Бұл – философтардың сенімі.

Сүбханалла – Ұлы Алланы барлық кемшіліктерден пәктеймін! Ілім-білім үйренгеннен кейін, онымен амал етпесе, онысы қиямет күні оған қарсы айғақ болатынын білмейді. Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) айтқандай: «Қиямет күні ең қатты азапты тататын адам, ол –  алған ілімін Алла Тағала оған пайдалы етпеген ғалым»[4].

Риуаяттарға қарағанда, Жүнейд әл-Бағдади (қоддәсәллаһу рухаһу) қайтыс болғаннан кейін, біреудің түсіне кіріпті. Ол сұрапты (түсінде көрген): «Уа, Әбілқасым! Не жаңалық бар? (о дүниеде жағдайың қалай?)» - депті. Сонда Жүнейд: «Көсемді сөздерім жойылды, ал ишаралы-астарлы сөздерім ұшып, жоқ болды. Маған тек қана түннің бір уағында тұрып оқыған рәкәғаттарымның ғана пайдасы тиді» - деп жауап беріпті.

(Жалғасы бар...).

Имам Ғазалидің «Әйюһәл Уәләд» («Уа, балам») атты кітабынан. Араб тілінде
"Дәруль Минһәж", Бейрут-Ливан, 2014 ж..
(Сілтемедегі дереккөздердің бәрі кітаптан көшірілді).


[1] Дәруқутни риуаят еткен: «Мү’тәлиф уә мухтәләф»; Әбу Нуъейм, «Хилятуль Әулия».
[2] Ибн Ъасәкир: «Тәриху Димашқ»; әд-Динәуәри ( الدِّيْنَوَرِيُّ،): «Мәжәлисәту уә жәуәһируль илм».
[3] Дәйләми: «Фирдәус», Әзіреті Әлиден риуаят еткен; Ибн Бәшкуәл, «Сыйлә», Абдулла ибн Аббастан риуаят еткен.
[4] әд-Динәуәри ( الدِّيْنَوَرِيُّ،): «Мәжәлисәту уә жәуәһируль илм» (90); Имам әл-Бәйһақи: «Шуъабуль Иман». №1642; Ибн Ъасакир: «Тәриху Димашқ». (56/307). Сахаба Әбу Һурайрадан риуаят етілген.

0 пікір