ТӘУРАТ, ІНЖІЛ ЖӘНЕ ҚҰРАНДАҒЫ МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАР ТУРАЛЫ ЖАЗБАЛАРДЫҢ ҮНДЕСТІГІ
ТӘУРАТ, ІНЖІЛ ЖӘНЕ ҚҰРАНДАҒЫ МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАР ТУРАЛЫ ЖАЗБАЛАРДЫҢ ҮНДЕСТІГІ
5 жыл бұрын 4395 Kazislam.kz/
Абдусамад Оқан

(Мақала ықшамдалынып алынды)

Тәуратта Мұхаммед пайғамбардың зікір етілуі

Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с) пайғамбарлығы мен түр-түсі, іс-әрекеті туралы Тәурат пен Інжілден көпдеген мағлұматтар табуға болады. 1944 жылы Лондонда арабшаға аударылған Тәуратта: «Алла Тағала адамзатқа Синада жақындады. Сайрда шағылып көрінді. Фаран тауларында көрініп, өзінің біртұтас толықтығын жария етті» (Сифр, Тәсния, баб: 33:2) делінеді. Синада жақындауы – Алла Тағала адамзатқа деген рақымдылығын хазреті Мұса арқылы көрсетуі. Яғни, бұл – оған берілген пайғамбарлық. Сайрға келсек, ол – Палестина жері. Хазіреті Исаға берілген пайғамбарлық. Ол Хақ Тағаланың нұрын сол аймаққа жайғандығы. Фаран – Мекке қаласы. Өйткені, Тәураттың басқа бір жолында хазіреті Ибраһим баласы Исмайылды Фаранға тастап кеткені хақында айтылады. Ендеше, Тәураттағы Фаран – қазіргі Мекке қаласы. Тәурат жолының жалғасында: «Оның жанында мыңдаған жарқыраған асыл тастай достары һәм оң қолында оттан айбалта болады» дейді. Хазреті Исаның он бір хауари – серіктерінен басқа достары болмаған. «Асыл тастай достар» әлбетте хазіреті Мұхаммедтің сахабалары. «Оттан айбалта» болуы дінін тарату үшін күресуі. Ал аталмыш жолда айтылғандай «Фаран тауларында көрінуі» – хазіреті Мұхаммедке (с.а.с) Мекке тауының Хира үңгірінде уахи келуінің басталуы. Демек, Алла Тағала  «Өзінің біртұтас толықтығын»яғни, жаратылыстан пәк, жалғыздығы мен даралығын Құран арқылы танытты. Және де «Миһайл» кітабында: «Ақырзаманда бір рақымды үммет шығып, Хаққа ғибадат ету үшін мүбарак тауды таңдайды. Барлық аймақтан сол жерге көптеген халық жиналып, Жалғыз Раббына құлшылық етеді. Оған ортақ, шірік қоспайды» (Китабы Мукаддес, Миһа, Баб: 4, 12 аят). Бұл жерде қасиетті Арафат тауы аталып, сол жерге әлемнің түкпір-түкпірінен Мұхаммедтің (с.а.с) үмметі қажылыққа келетіні баян етіледі.   

Інжілде Мұхаммед пайғамбардың зікір етілуі 

Ал, Інжілде хазіреті Иса:«Фарақлит келу үшін мен кетемін», «Фарақлит келген кезде барлық әлемді жасаған қателіктері үшін кінәлап, оларға тәрбие береді» (Иохан, баб:16-8). Осы жерде айтылған хазіреті Исадан кейін келетін Фарақлит хазіреті Мұхаммед (с.а.с). Алайда, бір бөлім христиандар хазіреті Мұхаммедті таныса да мойындамады. Хазіреті Исаның кеткеніне екі мың жылдан астам уақыт өтседе, олар әлі сол бір Фарақлитты күтуде. Сонда «Фарақлит келу үшін мен кетемін» деген хазіреті Исаның сөзі дұрыс болмағаны ма?! Тарихта Рим императоры: «Иә, Иса Мұхаммедтің келетіні жайлы хабар берген» десе, еврейлердің атақты ғұламаларынан Ибни Сурия, Ибни Ахтаб және оның бауыры Каб ибн Әсад және Зубәйр ибн Батия секілді адамдар мұсылман болмағанымен хазіреті Мұхаммедті мойындап: «Иә, кітаптарымызда оның сипаттары мен басқа да көптеген хабарлар бар»,–деп растаған. Эфиопиялық несториан және Эфиопияның сол замандағы басшысы хазіреті Мұхаммедтің сипаттарын кітаптарында көрген-діктен мойындап иман еткен [2, 1/364-366 бб.]. Және сол заманның христиан басшыларының бірі Харис ибн Әби Шумәрил Ғасани және Шамдық Сахиби Илба, Рим императоры, Ибни Натур, Жаруд секілді дін басылары мен басшылары ақырғы Пайғамбарды кітаптары арқылы танып, иман келтірген. Бірақ Рим императоры тағынан айырылып қалмау үшін иманын елден жасырған деседі [3, Бәдул-уахи:6.]. Пайғамбарлықтан бұрын да оның келетінін біліп, сырттай иман етіп, өмірден өткен Шамул, Йеменнің сол кездегі басшысы Тубба секілді еврейлер мен христиандар болған. Тіпті, олар ақырғы пайғамбардың Мәдинаға һижрат ететінін де Ибни Хәйәбан атты кісі Мадинаға келіп, Бәни Надыр тайпасына қонақ болады. Ол әңгіме үстінде: «Пайғамбардың шығуына өте аз қалды. Осы жер оның һижрат ететін жері»,– дейді. Кейін Бәни Надыр тайпасы хазіреті Мұхаммедпен айқасуға бел буған шақта сол тайпадағы Сайә деген кісінің екі баласы елге жар салып: «Бұл баяғы Ибн Хәйәбанның бізге айтып кеткен адамы ғой. Онымен соғыспаңдар»,– деп араша түседі [4, 390-408 бб.]. 

Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с): «Салман менің әһли бәйтімнен» деп, өзіне өте жақын санаған атақты сахаба Салман Парыс та бұрын христиан еді. Тіпті, ол бұрын отқа табынушы болған. Бірақ ол ұзақ уақыт ақиқат дінді іздеп кейіннен христиан болып, христиандықты жақсы білетін поптардан дәріс алады. Ақырында, соңғы кездескен ұстазы өлер алдында келетін пайғамбардан хабар беріп, оның негізгі белгілерін айтып, соған жет деп өсиет айтып кетеді. Кейіннен Салман Мәдинадан Пайғамбарымызбен кездесіп, оның ұстазы айтқан бұлтартпас белгілерін көріп, иман келтіреді [5, 1/233 б.].   

Тәурат және Інжілдің кейіннен өзгеріске ұшырауы

Аталмыш екі кітаптағы кейбір әңгімелердің әр түрлі баяндалуын да елемеу мүмкін емес. Себебі, Құран түскен заманда екі кітап та адамдардың қолымен бұрмаланып, түпнұсқасы сақталмаған еді. Мысалы, Тәураттан кейін түскен Інжілдің өзі төрт түрлі болып кеткен. Оларды өзара салыстырып қарасаңыз, арасынан көптеген айырмашылықтарға тап боласыз. Мысалы, «Лука» Інжілінде Мәриямның күйеуі Жүсіпті Гелидің баласы десе, Матта Інжілінде Яқубтың баласы деп жазылған (Лука, 3\23; Матта, 1\16). Кейде бір Інжілде болған мағлұмат басқаларында кездеспейді. Кейде үшеуінде бар мағлұмат төртіншісінде жоқ. Тіпті, бір Інжілдегі бір уақиға сол кітаптың басқа жерінде мүлдем басқаша айтылады. Мысалы, «Матта» Інжілінде Яхия пайғамбарды бір жерде шегіртке мен балық жеді десе, басқа жерде оның сол кезде ешнәрсе жемегені айтылады (Матта, 3\4; 11\18-19). Бұдан басқа да толып жатқан қарама-қайшылықтар бар. Сондай-ақ, Тәурат та осыған ұқсас. Оның да негізгі түпнұсқасы сақталмаған. Сондықтан да ибрани тілі мен грек тілі және самири тілінде жазылған Тәураттардың арасында көптеген қарама-қайшылықтар кезігеді. Мысалы, оларда адамның жаратылысы әр түрлі айтылған. Тіпті, хазіреті Лут пайғамбардың шарап ішіп, өз қыздарымен зина жасағаны жазылған. Бұл – кітапты бұрмалаудың ең шектен шыққан түрі. Ұлы Жаратушының адамдарға үлгі-өнеге етіп жіберген пайғамбары адамның ары бармайтын іс жасауы көңілге қалай сияды? Бір қызығы, онда хазіреті Мұсаның өлімі мен жерленуі жайлы да айтылған. Тәурат Мұсаға берілген кітап болса, оның өлімінен кейінгі жағдайлар қалай қосылған? 

Кейбір батыс шығыстанушылары хазіреті Мұхаммед (с.а.с) Құранның мазмұнын христиан кітаптарынан тікелей оқыған деген қисынсыз пікір айтады. Хазіреті Мұхаммед оқу–жазу білетін бе еді?  Құран оның умми (хат танымаған) пайғамбар екендігін (Ағраф сүресі, 157-аят; Әли Имран сүресі, 164-аят) ашық баян етеді. Тарихи деректер де оның мүлде хат танымағанын мойындайды. Оның Құранды әһли кітаптың жазуынан оқып, көшірді дегендер, бұл пікірінен бас тартпаса олардың алдына тағы бір тосқауыл шығады. Ол – Тәурат пен Інжілдің арабшаға аударылмағандығы. Батыс шығыстанушылары кітаптардың хазіреті Мұхаммедтен кейін бірнеше ғасырдан соң яғни, Інжілдің IX-X,  Тәураттың XI ғасырда ғана тәржімәланғанын айтады.

 Қасиетті Құранда:«Олардың қолдарындағы Тәуратты растаушы Құран келген шақта, олар бұрын (ең ақырғы келетін пайғамбар арқылы кәпірлерге) үстемдік етуді тілеген бола тұра өздеріне Тәуратта таныған (Мұхаммед) келген заманда олар қарсы шықты» (Бақара сүресі, 89-аят) делінсе, тағы бір аятта: «Өздеріне кітап берілгендер Оны (Мұхаммедті) өз балаларын танығандай жақсы таниды. Осыған қарамастан олардың бір тобы әдейі шындықты жасырады» (Бақара сүресі, 146-аят) делінеді. 

Олар хазіреті Мұхаммедті алғаш естігенде-ақ Інжілде хазіреті Иса сүйіншілеп кеткен Фарақлит екенін жазбай таныды. Құранның да бұрынғы илаһи кітаптар секілді Жаратушыдан келгенін жақсы білді. Алайда, христиан басшыларының биліктен айырылып қалмауы үшін ақиқатты теріске шығарып, ислам дінін қабыл етпегендігі айтылады. Осылайша христиан әлеміндегі дін және мемлекет басшылары жеке мүдделері үшін хазіреті Исаның сүйіншілеп кеткен адамын қабыл етпей, ақиқаттан алшақ қалды деуге болады. 

Имам Матуриди, Құрандағы: «Әр топ өз сенімі мен ұстанымын мақтан тұтып, соған мәз болады» (Мүминун сүресі, 53-аят) деген аяттың тәпсірінде: «Дінді ұстанбай әркім жеке басымен қалар болса, ақиқат ісінде бір мәмілеге келе алмайды. Сол себепті, барлығы Хақ бір дінге жабысулары керек» [6, 4-5 бб.] дейді. Бұл жерде имам Матуриди, екі маңызды мәселеге көңіл бөледі. Бірі адамдардың бір дінде бас қосуларының қиындығы, екіншісі де діндар адамның өзіне лидер ретінде үлгі тұтатын көшбасшысының болмауы да мүмкін еместігі. Бұл екі маңызды істің оңтайлы шешімін пайғамбарларға келген бір ізділіктің сақталуы ретінде қарастырады. Сонымен қатар, Тәурат және Інжілде хазіреті Мұхаммед пайғамбар жайлы ашық баян етілуімен қатар Құран кәрім аяттарында кітап иелері жайлы кеңінен баяндалуы да кездейсоқтық жағдай емес. Бәлки, бұл үш кітаптың жалғыз Жаратушы Хақ тарапынан түскенін, бір-бірін толықтырып келгенін айғақтайды.    

 Пайдаланылған әдебиеттер: 

  • Мансур әл-Матуридие гөре ислам діші дінлер, «Емин иәйынлары» баспасы, Бурса. – 2013. 525 бет.Қады Иаз, әш–Шифа, «Дәрул күтубул ғилмия» баспасы, Бәйрут. – 1999. 
  • Ибн Хажар әл-Әсқалани. Фәтхул-Бәри би Сахихил Бухари. Египет, 1978. 
  • Абдулмалик ибн Қадихан Әл-Һинди, Кәнзул-Уммал фи сунанил әқуал уәл әфғал, 2960 бет. 
  • Сиратүн нәбәуия ли Ибн Һишам, Дәрүлфажрлит-Түрас, Қаһира. – 2004., 1-том, 277 бет.
  • Әбу Мансур әл-Матуриди, Китәбут таухид, «Дәру садыр» баспасы, Байрут. – 2007. 538 бет.
0 пікір