Тәкфир ұстанымы Исламмен үйлесе ме?
Тәкфир ұстанымы Исламмен үйлесе ме?
9 жыл бұрын 4738
Жалғас САНДЫБАЕВ, дінтанушы, фил.ғ.к.

Ислам – бейбітшілік пен мейірімділік дін ретінде әлемдегі алуан  нәсілі, түрлі тілдерді, әрқилы ұлттық ерекшеліктері бар ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп отырған әлемдік дін.

Енді бейбіт өмір мен ізгілік қағидаларын ардақтайтын, адамгершілік пен бауырмашылықты насихаттайтын Исламда – зорлық-зомбылық, мұсылман бауырын кәпірлікпен айыптау, намаз оқымаса ағайын туыспен қатынас үзу, өмір сүріп жатқан мемлекеттің заңдарын мойындамау, өзімен пікірлес болмағаны үшін басқалармен тығыз қарым-қатынаста болу, қоғам мүшелеріне құрметсіздікпен қарау, басқаларды бүлікке шақыру сияқты т.б. ұстанымдар бар ма? Егер бар болса, онда бұларға Исламның көзқарасы қандай деген сияқты сұрақтардың біздерді мазалап жүргені рас. Себебі, біздер ата-бабамыз ұстанған мұсылманшылыққа бет бұрған кезде, Ислам атын жамылған көптеген ағымдар ел ішіне кіріп, халқымыздың ауызбірлігіне іріткі салып бастады. Үй ішінен үй тігіп, жастардың бастарын әбден қатырып бітті.

Олай болса, біз сізбен бірге осы сұрақтардың бір қатарына аздап жауап іздеп көрейік. Өйткені, бұл мәселелердің әрбірі – үлкен тақырып, бөлек әңгіме. Арнайы талдау мен түсіндірмені қажет етеді. Бұларды бір немесе екі сөйлеммен тәмамдау мүмкін емес. Дегенмен, қысқаша тоқталып өтуге тырысайық.

Сонымен, Исламда басқа біреуді дінге күштеп шақыру, оны қорқытып-үркіту бар ма? Бұған нақты жауапты Алла тағаланың мына аятынан көреміз: «Дінде – күштеу жоқ» (Бақара: 256). Ислам тарихында да бұған мысалдар жетерлік. Бірде бәдәуи келіп, сахабалармен тұрған пайғамбардың (с.ғ.с.) жағасына шап береді де дөрекі сөздер сөйлей бастайды. Оның жағадан қатты ұстағаны сонша пайғамбардың мойынында қызарып із қалады. Пайғамбардың қасында тұрған Омар сияқты батыр сахабалар дөрекі бәдәуидің сазайын беру үшін қылышын ұстаған уақытта пайғамбар оларды тоқтатты. Сөйтіп, әлгі бәдәуимен жылы сөйлесіп, керісінше оған сый-құрмет көрсетті.

Екіншісі, Ислам намаз оқымайтындарға және өзге дін өкілдеріне қалай қарайды? Олардың әрбіріне «Сен кәпірсің» немесе «Сен намаз оқысаң да, оқымасаң да кәпір болдың!» деп айтады ма? Бұлай деуіміз – тәкфиршілер өздерін құптамаған және дінді дәл өздері сияқты ұстанбаған адамдардың барлығын кәпірге жатқызып, Алланың орнына үкім беріп қояды. Құранда мынадай аят бар: «Ей, адам баласы! Шын мәнінде, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» (Хужрат: 13).

Демек, адамдардың әртүрлі болуы, ұлттар мен ұлыстар, этностық топтар болып бөлінуі – Алланың жаратылысы. Мұнда Алла  ешкімді қатыгездікке, дұшпандыққа шақырып отырған жоқ, керісінше, бір-бірлеріңді танып, араласып, тату-тәтті өмір сүруге шақырады. Егер Алла қаласа, онда біздерді ұлттар мен ұлыстар етіп жаратпай,  барлығымызды бір үмбет етіп жасайтын еді. Құранда Алла былай деген:

«(Мұхаммед Ғ.С.) егер Раббың қаласа, адамдарды бір-ақ үммет қылар еді» (Һуд: 118). Сондықтан, бір мемлекетте түрлі адамдардың бірге өмір сүруі және олардың алуан түрлі болуы – тағдыр. Ал мұсылман адам тағдыр мәселесінде таласпайды. Өйткені, тағдырға қарсы келу – Құдайдың әміріне қарсы шыққанмен тең.

Олай болса, Исламда барлық адамның құқығы тең. Исламда намаз оқитын және намаз оқымайтын, мұсылман немесе өзге дін өкілі деп ажыратылмайды. Ислам тарихында бұған дәлел көп. Солардың бірі мына оқиға – Халифа Омардың кезінде бір яһуди хазіреті Әлидің үстінен шағым айтып келеді. Сонда Омар «сен яһудисің, ол – мұсылман, пайғамбардың күйеу баласы» деп, ешкімді бөліп-жарған жоқ немесе яһудиді қудалаған жоқ, керісінше, әділ үкім шығарды.

Үшінші мәселе, Исламда адамдарды мемлекетті басқару жүйесіне қарсы шақыру, билікке бағынбау немесе бүлікке шақыру бар ма? Әдетте, тәкфиршілер: «Басшылық намаз оқымайды – демек, олар – кәпір, мемлекет кәпірлердің қолында» деген сияқты ұрандарды жиі айтып, дінге жаңа кірген жастарды бүлікке шақырады.

Құрметті оқырман, естеріңізде болсын осындай пікірдегі адамнан қабырғаңызды аулақ ұстаңыз. Бұл – Исламға мүлдем жат. Дін Исламда бүлік – адам өлтіруден де ауыр күнә. Бұған мына аят дәлел:

«Бүлік шығару – адам өлтіруден де үлкен» (Бақара: 217). Өйткені, бүлік салдарынан қанша адамдар қырылып кетуі мүмкін. Бүлік – ұйып отырған елдің тыныштығын бұзып, берекесін қашырады. Сондықтан да бүлік шығарушы адамға Алланың  мейірімі де болмайды. Құран бізге осыны айтады: «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» (Майда: 64).

Шынайы Ислам, тәкфиршілер айтқандай, қоғамды «мұсылмандар» және «кәпірлер» деп бөлмейді, керісінше бірлікке шақырып, араз адамдарды жарастыруға жігерлендіреді.

Бір күні Пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларға қарап: «Сендерге мәртебесі жағынан ораза, намаз және садақадан да абзал нәрсе жайында хабар берейін бе?»  деп сұрайды. Сахабалар: «Әрине» дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ол — ренжіскенді жарастыру», – деп айтады (Әбу Дауд, Термизи және Ибн Мәжа).

Бір-бірімен ренжіскен адамдарды жарастыруды және достық пен сүйіспеншілікті ораза, намаз және садақадан жоғары қойып отырған Ислам қасындағы адамға «Сен кәпірсің» деп айтуға жол бермейді. Ал енді ата-бабасы мұсылман, қажылыққа барған, садақасын беріп, қолынан келгенше оразасын ұстайтын қазақ баласына «Сен кәпірсің» деп айтудың өзі күпірлік. Оларға исламның атынан бұлай шешім шығаруға кім құқық беріпті? Бұл дегеніміз – Алланың атынан сөйлеу деген сөз.

Құранда: «Көктер мен жердегі ғайыптың барлығы Аллаға тән» деген аят бар. Адамның көзіне көрінбейтін ғайып, оның жүрегіндегі иманы мен ниеті Аллаға ғана мәлім. Біз адамның түріне немесе сөзіне қарап «Сен кәпірсің» немесе «Сенің құлшылығың қабыл болмады», «Сен тозаққа түсесің» деген сияқты кесімді шешімді ешкім айта алмайды. Мұндай құқықты Алла ешкімге берген жоқ. Тіпті, пайғамбардың өзі (с.ғ.с.) ғұмыр бойы Алладан истиғфар (жарылқау сұрап) айтып өткен. Әбу Һурайра пайғамбардың (с.ғ.с.):«Аллаға қасам! Расында мен, «Алланың жарылқауын сұраймын және Оған тәубе етемін» деген сөзді күніне жетпіс мәртеден артық айтамын» деп айтқанын есіттім» деген хадисті жеткізген (Бұхари).

Пайғамбардың өзі осындай үміт арасында өмір сүрген болса, өздерінен басқасын кәпір деп санайтын тәкфиршілерге мұндай сенімділік пен құқықты кім беріпті деген ойға келесің.

Енді тәкфиршілердің айтатын «һижрат» (мұсылман мемлекетіне көшу) ұстанымдарына келейік. Олардың пікірінше, мұсылман Қазақстан мемлекетінен көшіп, шариғат ұстанатын ислам мемлекетіне көшуі қажет. Біріншіден, бүгінде әлемде халифалар дәуіріндегі сияқты таза шариғатпен ел басқарып отырған Ислам мемлекеті жоқ. Олар жастардың басын қатырып, әлемді дүрліктірген террористік топтың құрып жатқан «Ислам мемлекетіне» барып тұрамыз демесе. Онда да бұл ұйымның Исламмен ортақ мүддесі жоқ екенін барлығымыз жақсы білеміз.

Сонымен қатар, такфиршілер өздерінің һижра (көшу) ұстанымдарын пайғамбардың (с.ғ.с.) Мекке қаласынан Мәдинаға көшуін негіз ретінде алға тартады. Рас, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Меккеден Мәдина шаһарына көшті. Бірақ, ол ерікті түрде көшкен жоқ, оны қудалады. Сондай-ақ, Меккеден шығып бара жатып, арқасына қарап: «Отаным, отаным!» деп айтқаны мәлім. Мұнда ол кісінің туған жерінен еріксіз кетіп бара жатқанын байқаймыз. Ал енді біздегі тәкфиршілердің ықпалына түскендерді Қазақстаннан қуған кім бар? Өзге мемлекетті паналап кететіндей Қазақ елі ешкімді қуған жоқ. Адам туған жерін тастап қайда барады? Не істейді?

Өз Отанын тастап, өзгеге жәрдем беремін деген адамнан пайда жоқ. Мұндай адам – өтірікші. Менімше, мұндай адам – өзін-өзі алдап, отбасынан, ағайын-туыстан, тұрмыс машақаттарынан қашқан адам. Өкінішке орай, біздің елде де дінді жамылып, ойы арам, ауырдың үстімен жеңілдің астымен жүретіндер де жетерлік. Дінді білмейтін жастарымыз осындай кәззаптардың артынан еріп кетпесіне кім кепіл береді?

Түйін

Құрметті оқырман, біздің мемлекетті, Қазақ елін «кәпір» деп айтуға ешкімнің құқығы жоқ. Исламдағы имандылық, әдептілік, сабырлық пен мейірім, намаз оқу, ораза ұстау, қажылыққа бару, мұқтажға көмек беру, қайырымдылық жасау, садақа беру, азан шақырып ат қою сияқты т.б. көптеген адамгершілік құндылықтарды біздің халықтың әдет-ғұрпынан, тұрмыс-тіршілігінен көреміз. Қазақ халқының рухани әлемі мен мұрасы – Ислам құндылықтарымен тұнып тұр. Имандылық пен инабаттылықты насихаттап өткен билер мен шешендерімізді қайда қоямыз, қажылығын жасап, Меккеден мешіт соқтырған Құнанбайды қайтеміз? «Адам бол!» деп адамгершілікті насихаттаған Абайды, қылышынан қаны тамып тұрған атеизм кезінде имандылықты ту еткен Шаһкәрімді қайда жатқызамыз? Сонда олардың барлығы кәпір, ал дұрыс діни білімі де жоқ,  қолына жөнді қалам ұстай алмайтын, халқының мәдениеті мен тарихын білмейтін адам – мұсылман ба?

Әрине, олай емес. Қоғамды бүлік пен жанжалға итермелейтін, дұрысты бұрыс, ал бұрысты дұрыс деп үйрететін осындай діни ұйымдар мен сенімдерге сақ болғанымыз жөн. Мемлекетімізге мың да бір алғыс, оларға осындай заң тұрғысында сараптама жасап, тиісті заң нормаларымен реттеп отырмаса, онда қоғамдағы ел бірлігі, тыныштық пен тұрақтылықтың бұзылары сөзсіз. Жалғыз ҚМДБ (мүфтият) мұндай діни ұйымдарға қарсы тұруға шарасыз.

Кезінде мешітке барады деген адамнан сақтанамыз деп ойландық ба? Жоқ, ондай нәрсе ойға да кірген емес. Бірақ, мынадай теріс пиғылды діни ұйымдардың әрекеті бізді осыған әкелді. Сондықтан, дінді үйренемін немесе діни тәлім аламын деген адам мешітке барып, имамнан бағыт-бағдар алғаны жөн. Бүгінде елімізде, Құдайға шүкір, сауатты имамдар мен білімді дінтанушыларымыз көбейіп келеді. Елімізде бейбіт өмір мен бірлік болсын.

1 пікір