Тағы да теріс ағым өкілдері (секта) туралы
Тағы да теріс ағым өкілдері (секта) туралы
6 жыл бұрын 5886

Тәуелсіздіктен кейін қаптап кеткен дәстүрлі емес діни ағымдардың қатары қайта тіркеуден кейін 18 конфессияға дейін азайғаны мәлім. Оған қайта тіркеу кезіндегі құжаттардағы жалған мәліметтер, құжаттардың жеткіліксіздігі және т.б. жағдайлар себеп болды. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Әлеуметтік даму министрлігіне ауысатын уақыттарда діни бірлестік ретінде тіркелуге қажетті 500 мүше болуы керек деген талап 250 ге азайтылғаны оқырманға мәлім. Дәстүрлі емес теріс ағымдардың залалынан жұртты сақтандыру өзектілігін жоймай келеді. Бұрынырақта олар секта деп аталса, кейіннен жаңа діни ағымдар, дәстүрлі емес діни бірлестіктер деп аталып кетті. Секта өзінің анықтамасында мемлекеттік дәстүрлі ұстанымға қарсы бағытта қалыптасқан, жабық, тұйықталған ағымдар. Секта әлеуметтік, дүниетанымдық, ғұрыптық қарсылық түрінде пайда болады, тек өзінің ұстанған жолының дұрыстығына күмәнсіз сенуімен ерекшеленеді. Секталарға тән нәрсе – өздерінің құдайдың қалаулы адамдары екендігіне бepiк сенім, оқшауланушылық, ғұрыптарына ерекше беріктік, секта мүшелерінің теңдігін жариялау. Азаматтарға тек өз пікірін таңу, басқа еркін ойларға жол бермеу, бар айтқанын мақұлдату, зорлық көрсету, санасына билік жүргізу, еркінен тыс әрекеттерге итермелеу, мүлкіне қол салу, тіпті жеке өміріне қауіп төндіру секілді теріс әрекеттер секталарға тән. Олардың арасында қаупіне қарай деструктивті және тоталитарлық секталар да болады. Бұндай жат діни ағымдардың теріс пиғылын сезген сәттен көп мемлекеттер етек-жеңін қымтап, қауіпсіздік тұрғысынан оларға тыйым салуда. Дәстүрлі емес діни ағымдарға ортақ ерекшелік, бәрі де ақиқатты жеке дара иемденеді, яғни өзіндік доктриналары мен ұстанымдарын, сенімдерін, рухани құндылықтарын өзгеден артық қояды. Қазақ қоғамы үшін мына жаңа діни ағымдардың қай қайсысын да дәстүрлі деуге келмейді: Жетінші күн адвентистері, Иегова куәгерлері, Баптистер, Елуіншілер, Саентология, Грейс шіркеуі, Сатанизм, Кришна санасы, Бахаи, Ахмадия, Исмаилия, Уаххабизм, т.б.

Рас, бүгінде республикамыз өзін әлемге көп ұлтты әрі көпконфессиялы мемлекет ретінде танытуда. Қазіргі ахуалға көз салар болсақ, 2017 жылғы 1 қаңтарда ресми тіркелген 18 конфессия атынан өкілдік ететін 3658 діни бірлестік бар. Олардың филиалдарының қызметін қамтамасыз ету үшін бар қажетті жағдай жасалған.  Республикада жалпы саны 3464 ғибадат үйі тіркелген. Олардың 495 протестант храмы мен ғибадатханасы, 294 православие, 109 католик шіркеуі, 7 иудей синагогасы, 2 буддашылар храмы, 7 “Кришна санасы” қоғамы және Бахаи қауымының ғибадатханасы бар. Елдегі дін ұстанушыларының 70 пайызы мұсылман сенімінде болуына байланысты 2550 мешіт «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» атты республикалық діни бірлестіктің меншігіне кіреді.

Теріс ағым өкілдерінің қатарына кімдер ілігеді десек, ең әуелгі кезекте жұмыссыздар, жақындарымен сыйыспай, қоғамнан безініп, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте не сергелдеңде жүргендер, өмірде жолы болмай түңіліп, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, діни танымы таяз жандар алдымен ілігетінін байқау қиын емес. Бұл жағдай Ақтөбедегі жағдайлардан кейін де анық білінді.

Теріс ағымдардың әдіс-тәсілдері өте құбылмалы екенін айтуға болады. Олар қажет кезінде жергілікті салт-дәстүрді, тіл, ұлттық ерекшеліктерді де  өз мақсаттарына жаратуды көздейді. Бүгінде әлеуметтік желілерге мықтап ауыз салған кейіпте. Өйткені жастардың көбі сонда. Діни түсінігі қалыптаса қоймаған албырт жастар әккі миссионерлердің құрығына қалай тез іліккендерін байқамай қалады. ҚР Бас прокуратурасы мониторинг жүргізу нәтижесінде жыл сайын ғаламтордағы экстремистік пиғылдағы көптеген сайттарды ауыздап отыруды әдетке алған. Экстремистер түсірген виеороликтерді көрген жастар түрлі психологиялық ойларға барып, қауіптерге бел буып, адасушылықтарға ұрынуда. Теріс пиғылдылар бұл әрекетімен өз жақтастарының қатарын көбейтуді көздеуде. Ал діни білімі аздар не дін жолының дұрыс-бұрысын ажырата алмайтындар жалған ақпараттарға сеніп, шетелдегі соғыс қызып тұрған аймақтарға аттануда.

Дәстүрлі емес діни ұйымдардың қаупі неде десек, олар өз адептеріне «біз және басқалар» деген түсінікті сіңіреді. Бұл олардың қоғамнан оқшаулануына, жақындарынан бөлектенуіне жол ашады. Ондай ұйымдар үшін адептерін қайткенде де өздеріне байлап ұстау үшін күштеу, психологиялық қысым көрсету,  зорлық-зомбылыққа бару еш қиындық тудырмайды. Академик Ғ. Есімнің түсіндіруінше, мына жағдайларға сақ болған дұрыс: - Сізге келіп  тұрған  миссионер өздері мен көшбас­шылары жайында, ұйымдарының толық атауы турасында толық ақпарат бермеуге тырысады; - миссионер өз ілімін таныстыруда ерекше белсенділік танытады; - ұйымның өкілдерімен сөйлескен кезде сізге психологиялық  тұрғыдан  ықпал жасап  тұрғандай сезіледі, тұлғаны бағындыру технологиясын пайдалануы мүмкін; - сізді ұйымға ақша немесе мүлік беруге шақырады (бұл орайда қайырылымдылықты сылтау етуі ықтимал); - ұйымға кіру отбасымен, достармен, сыртқы әлеммен байланыс жасауға тыйым салады; - ұйым мүшелеріне ақпарат алуға деген мүмкіндігін қысқартады (кітап, теледидар, газет, радио т.б. шектейді); - ұйымда жетекшіге сөзсіз бағыну қажет; - сізді ақырзаман жақындап қалды деп қорқытуы мүмкін, егер ұйымға кірмесең  қарғыс атады немесе құрып кетесің дегенді айтуы мүмкін. Кей жағдайда жалған діни ұйымдар заңды бұзатын нәрселерге баруы да мүмкін. Өз  өкілдерін нашақорлыққа, ішімдікке тәуелді жасайды. Ұйымға жаңадан кірген адамға қылмыс жасатуы немесе мүлкін беруді талап етеді. Жалған діни ұйымға кіру оңай, алайда одан шығу өте қиын. Рухани көсемдер мүшелікке өткен адамдарды өзіне бағындыру үшін барлық тәсілді, тіпті заңға қайшы әдістерді пайдалануға тырысады. Ұйымда адамдарды ұстап отыру үшін бопсалауға да барады. Осындай жағдайда жеке адам жалған «пайғамбар» мен «ұстаздың» бақылауына түседі. Тұлғаның өмірлік құндылықтары толығымен өзгереді, бүкіл өмірі жалған діни ұйымға бағынышты болады.

Сондықтан бүгінгі күні заң негізінде елімізге, ұлттық санамыз бен тарихи жадымызға жат, жалған сенімдермен күресті күшейтуде уақыт оздырмаған дұрыс. Халықтың сауатын көтеріп, діни саланы қатты қадағалауда ұстағанда ғана тәуелсіздігімізді баянды ете аламыз.   

Алматы қаласы Дін істері басқармасының әлеуметтік тапсырысы бойынша

Бағашаров Құдайберді,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы      

0 пікір