«Саған ғана құлшылық қыламыз..»: Имам Мәтуридидің тәпсірінен үзінді
«Саған ғана құлшылық қыламыз..»: Имам Мәтуридидің тәпсірінен үзінді
8 ай бұрын 2833

Имам Мәтуридидің (рахимаһуллаһ) атақты «Тәуиләту әһли сүннә» атты бірнеше томнан тұратын ауқымды тәпсір кітабынан үзінді бере кетсек деп отырмыз.

Имам Мәтуриди (Алла оны рахымына бөлесін) «Фәтиха» сүресін тәпсірлей келей, «Иякә нәъбуду» - «Саған ғана құлшылық жасаймыз» деген жеріне қатысты былай деп өтеді: 

«Сағана ғана құлшылық жасаймыз...» аяты екі жөнге бағытталады (екі мағынаны білдіреді):

  • Бірінші мағынасы - тәухид (Алланы бірлеу, оған серік қоспау). Бұған қатысты Абдулла ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта, Ол (р.а.) былай деген: «Құрандағы құлшылық ұғымының бәрі - тәухид болып табылады (яғни, таухид мағынасын білдіреді немесе таухид ұғымы төңірегінде бірігеді-ауд.)» деген1.
  • Екінші мағынасы - Аллаға құлшылық етуге дәнекер болар барлық итағаттарды (бойсұнуды) білдіріп тұр.

Мағынаның екеуі де түбінде бір негізде топтасады. Өйткені, пенде құлшылықтың бәріне бір ғана Алланы лайық көріп, Оған ешкімді ортақ қоспауы тиіс және құлшылықты тек оған тиесілі қылуы ләзім. Сонда ол пенде мейлі құлшылығында болсын, мейлі жалпы діни істерінде болсын, «тәухид» (Алланы бірлеу) қағидатын іс жүзіне асырған болады. 

Осыған сүйене келе, мүмін жаратылыстардан үміттенбей, олардан қорықпай және қажеттілігін олардан көксемей, бір Аллаға ғана жөнелуі тиіс. Құранда: «Ей, адамдар! Сендер Аллаға мұқтажсыңдар. Алла болса бай, мақтаулы» дейді Алла Тағала2. Сондықтан да, мүмин-мұсылман шынайы мағынада Алладан өзгеге үміт артпайды, Алладан өзгеден қажеттілігін сұрамайды және Алладан өзгеден қорықпайды. Алайда, мүмін әлдебір жаратылыстан (мысалы, адамнан) Хақ Тағаланың жазып қойған кесапаттарының бірі оның (жаратылыстың) себепкерлігімен келуі мүмкін деп қауіптенеді. Немесе Алла Тағаланың сыйлаған әлдебір нығметіне құлын себепкер қылатындығынан үміттенеді, сондықтан (белгілі жөнде) үміт артып, (жаратылыстан жақсылық) күтуі мүмкін. Бірақ ол бұнысы үшін адасқан болмайды.

Нәтижесі - күнәнің барлық түрінен Аллаға сиыну және барлық жақсылыққа қол жеткізуді Алладан тілеу...".


1  Имам Суюти: «Дүрр».
2  Фатыр сүресі, 15 аят.

Аударған А. Қасым.

 

 

0 пікір