"Рахмани" (салиқалы) түстің белгілері
"Рахмани" (салиқалы) түстің белгілері
10 ай бұрын 4224

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйретуі бойынша, түстер үш түрлі болып келеді:

1) Рахмани түстер. Бұны «салиқалы түс», «хақ түс» деп те атаған. Қазақша "аян".

2) Шайтани түс.

3) Адамның іштей ойлаған дүниесін түсінде көруі.

Бұған қатысты Алла елшісі бір хадисінде былай деген: «Түстер үш түрлы: Алладан сүйінші болып табылатын «салиқалы түс», шайтанның қайғыртатын түсі және адамның ішінде туындағанын түсінде көруі. Кімде-кім өзіне ұнамайтын бір түс көрген болса, оны ешкімге айтпасын, тұрып намаз оқысын». (Имам Ахмед, «мүснәд»).

Бүгін «Рахмани» түстің белгілері жайында айтып өтсек деп отырмыз. Алдымен салиқалы түстердің ерекшеліктерін айта кетелік.

  • Салиқалы түстер (Рахмани түстер) - Алла тарапынан келген аян іспетті. Бұлар Алла Тағаладан келген түс болып табылады. Оған байланысты Алла елшісі: «Салиқалы түстер – Алладан. Ал «хүлм» болса, шайтаннан...» деген болатын. («Бұхари», «Мүслім»). Хүлм деп, бұл жерде қорқынышты, жанға жайсыз түстерды айтып тұр. Ал «Алладан...» дегенінен – салиқалы түстердің «ақиқат, шынайы» түс екенін ұғынамыз, қазақша "аян".
  • Сондай-ақ, Салиқалы түстерді – пайғамбарлықтың қырықта бірі делінеді хадисте. Әрі ол «Алладан сүйінші» ретінде есептеледі. Сондай-ақ, көрушіні таңырқату, оны қуанту сипатта болып келеді.
  • Және де Салиқалы түстер (Рахмани түстер) - жорамалдауды қажет етпейтіндей анық-айқын және жорамалды қажет ететіндей жабық, астарлы түс болып екіге бөлінеді.

Енді төменде аталмыш түс түрінің белгілерін атап өтелік.

Рахмани түстердің (салиқалы түстердің) белгілері келесідегідей:

1) Үштен көп адамның көруі. Бір мазмұндағы түстің көпшіліктің (үш және одан көп адамның) түсіне кіруі. Бұған бір мысал, Әзіреті Омардың ұлы Абдулланың айтуынша, бір адам Қадір түнінің уақытын Рамазанның ақырғы жеті күнінде екендігін түстерінде көреді және басқа бір топ адамдар аталмыш қасиетті түннің Рамазанның ақырғы он күнінде екендігін түстерінде көреді. Мұны Алла елшісіне айтқандарында Алла елшісі (с.а.у.) оларға: «Сендер оны Рамазанның ақырғы жеті күнінде іздеңдер!» деп кеңес айтады. Өйткені, екі топ сахабалардың да көрген түстерінің «ақырғы жеті күнінде» бірігіп тұрған еді. Сондықтан Алла елшісі (с.а.у.) соны таңдады.

2) Сүйінші сипатта болуы. Ибн Салах (рахимаһуллаһ) салиқалы түстің белгісін айта келе: «Түстің салиқалы екендігінің белгісі – итағат үшін сауапты сүйіншілеп, ал жаман іс үшін күнәні ескертуі» деген екен. Алла елшісі де бір сөзінде: «Пайғамбарлықтан сүйіншілеушілер ғана қалды» деп айтты. Сонда қасындағылар: «Сүйіншілеушілер не нәрсе?» деп сұраған кезде, Ол (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Салиқалы түс» деп жауап беріпті. («Сахих Бұхари»).

3) Ескертуші сипатта болуы. Кейде түстер бір күнәға немесе бір жамандыққа ескертуші болып кіруі мүмкін. Деректерге қарағанда Имам Шәфиғи (рахимаһуллаһ) түсінде Имам Ахмедтің (рахимаһуллаһ) ауыр сынаққа тап болатындығын көреді. Кейін көрген түсін Имам Ахмедке жазып жіберіп, дайын болуын ескертіпті.

4) Шыншыл, салиқалы кісінің көруі. Салиқалы, Рахмани түстер көбіне салиқалы, тура жолдағы және харамдардан тыйылып жүрген кісілерге кіреді екен. Сөзі шыншылдың, түсі де шыншыл болмақ. Өтірікшіге салиқалы түс кіре бермейді. Алла елшісі (с.а.у.) бір сөзінде: «Ақырзаман жақындағанда мұсылманның түсі өтір айтпайды. Түсі шынайы болғанның сөзі де шынайы...» - деген. (Имам Ахмед, «мүснәд»). Басқа бір хадисінде: «Салиқалы кісінің көрген көркем түсі – пайғамбарлықтың қырық алты да бір бөлігі болып табылады» - деген. Демек, салиқалы түстің бір белгісі – оны тақуа, шыншыл адамның көрген болуы екен1.

5ّ) Сәресі уақытында көру. Пайғамбарымыздан жеткен бір хадисте былай делінеді: "Түстің ең шыншылы - сәресі уақыттарындағысы!". Сәресі уақыты дегеніміз, таң намазының уақыты кіруге жақын қалған уақыттар. (Тирмизи, "Сүнән"). Бұл уақыттарда Алланың мейірімі төгілетін уақыт және бұл уақытта адамның жүрегі тыныштықта болады. 

Түстеріңіз Рахмани болсын! Уә ахиру дъауанә әнильхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым


 1Мәліметтер Шейх Сәһл ибн Рифаъ әл-Ъутәйби: «Китабур-Руя» атты кітабынан алынды. Араб тілінде. 

0 пікір