لا نكفر أحدا من أهل القبلة بذنب مالم يستحله
«Құбыла иелерінің ешбірін күнәсі себепті кәпірге шығармаймыз, қашан күнәні халалға шығармайынша»[1].
ولا نقول لا يضر مع الإيمان ذنب لمن عمله
«Бұнымен бірге, иманы болғаны үшін күнә істеушіге күнәнің еш зияны болмайды деп те айтпаймыз»[2].
ونرجو للمحسنين من المؤمنين أن يعفو عنهم ويدخلهم الجنة برحمته ،
«Дегенмен, мүмін-мұсылмандардан ізгі іс істегендерді Алла жарылқап, оларды өзінің рақымдылығымен пейішке кіргізетіндігін үміт етеміз»[3].
ولا نشهد لهم بالجنة ، ولا نأمن عليهم،
«Әйтсе де, мүміндер үшін «пейіштік болады» деп күәлік етпейміз (нақты айтпаймыз) және оларға кепілдік те бермейміз».
ونستغفر لمسيئيهم ، ونخاف عليهم ، ولا نقنطهم
«Мүміндердің күнәһарларына (күнә жасағандарға) Алладан кешірім тілейміз. Олар үшін (күнәлары себепті) қауіптенетініміз секілді, Алланың мейірімінен де үміттерін үзбейміз».
والأمن والإياس ينقلان عن ملة الإسلام وسبيل الحق بينهما لأهل القبلة
«Тым сенімді болу да, мүлдем үміт үзу де адамды Ислам үмбетінен шығарады. Қыбла иелері үшін (мұсылмандар үшін) осы екеуінің ортасында болу – ең хақ жол».
Имам Тахауи.
(«әл-Ақидатут Тахауия» атты кітаптан).
[1] Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қыбла иелерін кәпірге шығармаңдар», - деген. (Имам Табарани, «әл-Әусат». Айша анамыздар риуаят етілген). *Қыбла иелері деп, құбылаға беттеп намаз оқумен бірге, Мұхаммед пайғамбардың алып келген Ислам шариғатының барлық нәрсесін ақиқат деп білетіндерді айтамыз. Сол себепті, Имам Тахауи бұдан алдын былай деп өткен: «Біз мұсылмандарды «Құбыла иелері» ретінде, олар Пайғамбардың (ғалейһиссәләм) алып келген барлық нәрсесін мойындауын тоқтатпайынша атаймыз», - дейді. Осыған қарағанда, Рафизилердердің (шиіттердің) ішіндегі «Ғұлат» тармағының құбылаға қарап намаз оқыса да, бұл анықтамаға жатпайтындығын ұғынуға болады. (Ғұлат – шиізм бағытындағы арасында Әзіреті Әлиді құдай деп, ал шиізмдегі он екі имамды пайғамбар деп адасқандар).
Имам Тахауидің "құбыла иелерін кәпірге шығармаймыз..." деуі біріншіден – мұсылман адам бір үлкен күнә жасаса, иман шеңберінен шығып, кәпір болады деп сенетін Харижит ағымындағыларға қарсы айтылған сөз. Екіншіден - үлкен күнә жасаған мұсылман кәпір болмаса да иман шеңберінен шығып, күпір мен иманның ортасында болады деп тұжырымдаған мұғтазилит ағымындағыларға да қарсы айтылған сөз. Олардың бұл сенімдерінің жалған екендігіне дәлел боларлық бірнеше аяттар бар. Сондай аяттың бірінде Алла Тағала былай деп бұйырған: «Ей иман еткендер! Алла Тағалаға тәубе етіңдер», - дей келе күнәһар мүміндерге тәубе етулерін бұйыруда. (Тахрим сүресі, 8 аят). Анықтап қарасақ, осы аятта күнә жасаған мұсылмандарды «мүмін», яғни, «иман еткендер» деп атап тұр. Бұл - күнәнің мұсылманды иман шеңберінен шығармайтындығына дәлел болмақ... (Бәбирти шархы).
[2] Имам Тахауидың бұл сөзі – Мүржия ағымына қарсы айтылып отыр. Мүржия ағымы, Харижия ағымына кереғар бір ағым. Харижиттер «Иман күнә жасаған адамға пайда бермейді» десе, Мүржия ағымы керісінше: «Иманы бар адамға, жасаған күнәсінің еш зарары жоқ» деп есептеген. Мүржия ағымындағылардың да сенімі қате екендігі айтпасақ та белгілі. Өйткені, көптеген аяттар мен хадистерде күнә істегендердің о дүниеде жауапқа тартылатындығы айтылады. (Бәбирти шархы).
[3] «Үміт етеміз» деу арқылы, ешкім істеген жақсы амалдарына түбегейлі сенім артып қалмауы керектігін білдіріп тұр. Үміт пен қорқыныш арасында болу керек.
Аударып, түсіндірмесін жасаған: Абдусамат Қасым.