Ақыр заманда екі рет сүр үрленеді. «Сүр» деп, араб тілінде кернейді айтамыз. Бірінші сүр үрленгенде дүниенің астаң-кестеңі шығып, тіршілік тоқтайды. Тірі жанның бәрі өледі. Бұл сәтті - «Саъқ-өлім» сәті дейміз. Тек, Алла тағаланың қалаған жаратылысы қана тірі қалады.
Екінші рет сүр үрленгенде рухтар өз денелеріне кіріп, қайта тірілу сәті болады. Бұл сәтті - «әл-Баъс» дейміз1.
Бірінші сүр үрленген кезде Алла Тағаладан басқа бүкіл тірі зат жойылады, тіршілік тоқтайды. Алайда Құдай Тағаланың қалауымен жеті нәрсе өз барлығын сақтап қалады. Олар:
- Арш.
- Күрсий.
- Қалам.
- Пейіш
- Тозақ.
- Пейіштегілер мен тозақтағылар.
- Рухтар.
Алла Тағала Құранда былай деп айтады:
««Сүр үрленген күні, жер мен көктегілердің барлығы өледі, тек Алла өзі қалағандары басқа...»2. Яғни, пейіш пен тозақ және ол екеуінің ішіндегі жаратылыстар, мысалы, азап періштелері, хор қыздар, олар Алланың қалауымен жойылмайды.
Мұғтәзилит ағымындағылар сүр үрленген кезде, пейіш пен тозақтың және рухтардың қалатындықтарын жоққа шығарған. Олардың пайымынша, қиямет қайымда сүр үрленген уақытта Жаратушы Алла Тағаладан басқа ешқандай жаратылыс өз барлығын сақтап қалмақ емес, тіпті пейіш пен тозақ та жойыладымыс. Өйткені Құранда: «Ол - әуелгі және соңғы» делінген. Алайда, Әһлу сунна уәл жамағат ұстанымы бойынша, Алла Тағала қалаған жаратылыстарын аман сақтап қалады. Соның ішінде пейіш пен тозақ және сол екеуінің ішіндегі жаратылыстар аман қалмақ. Өйткені, пейіш пен тозақ мәңгі3.
1 А. Қасым: «Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Өлгеннен кейін қайта тірілу (12-ереже, 1-бөлім)».
2«Сүр үрленген күні, Алла өзі қалаған жаратылыстардан басқа, жер мен көктегілердің барлығы өледі. Сүр екінші рет үрленгенде, бәрі орындарынан тұрып, (бұйрықты) күтіп тұрады». (Құран Кәрім, Зүмәр сүресі.).
3 Имам Мәймун ибн Мұхаммед ән-Нәсәфи (х. 508 жыл): «Бахруль Кәләм». 219 бет.