«Қиямет күні залым адам: «әттең-ай, пәленшені дос тұтпағанымда ғой! дейді...»: Аят тәпсірі (Ибн Кәсир, Құртуби).
«Қиямет күні залым адам: «әттең-ай, пәленшені дос тұтпағанымда ғой! дейді...»: Аят тәпсірі (Ибн Кәсир, Құртуби).
3 сағат бұрын 162
Дайындаған А. Қасым

Жаратушы иеміз Алла Тағала қасиетті кітабында былай деп хабар береді:

«Сол Бір Күні (яғни, Қиямет күні) залым адам өкініштен өз қолын тістейді де, былай дейді: «Әттең-ай! Мен де Пайғамбармен бірге (тура) жолды ұстансам еді! Әттең, сорлы басым-ай! Пәленшені дос тұтпағанымда ғой! Расында, ол маған (Алладан) келген Зікірден (Құраннан) адастырды... (Міне осылай) Шайтан адам баласын (көмексіз) тастап кететін опасыз (яғни, ауыр жағдайда алдап, қолдаусыз қалдырады)». («Әл-Фұрқан«"» сүресі, 27-29-аяттар).

 وَيَوْمَ يَعَضُّ الظَّالِمُ عَلَىٰ يَدَيْهِ يَقُولُ يَا لَيْتَنِي اتَّخَذْتُ مَعَ الرَّسُولِ سَبِيلًا (27) يَا وَيْلَتَىٰ لَيْتَنِي لَمْ أَتَّخِذْ فُلَانًا خَلِيلًا (28) لَّقَدْ أَضَلَّنِي عَنِ الذِّكْرِ بَعْدَ إِذْ جَاءَنِي ۗ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِلْإِنسَانِ خَذُولًا (29)

 Ибн Кәсирдің тәпсірі (Алла рахымына бөлесін):

«Алла Тағаланың: «Сол күні залым өз саусақтарын тістейді де: "Әттең, мен де Пайғамбармен бірге бір жол ұстансам еді!" дейді» деген сөзінде: Алла Тағала Пайғамбардың жолынан және Оның Алладан әкелген айқын, еш күмәнсіз ақиқатынан айырылып, басқа жолды ұстанған залымның өкініші туралы хабарлайды. Өкініш пайда бермейтін кезде ол залым өкінеді, өкініш пен қасіреттен қолдарын (саусақтарын) тістейді.

Бұл аят мейлі Уқба ибн Әбу Муғайтқа, мейлі басқа бір пәтшағарға байланысты түссің, бұл жерде бұл аят әрбір залымды қамтып тұр. Алла Тағала басқа аятта былай деген:

«Сол күні олардың жүздері отта аударылып-төңкеріледі де, олар: «Әттең, біз Аллаға және Пайғғамбарға бағынғанымызда ғой!» - дейді. Және олар айтады: «Раббымыз! Біз өз бастықтарымыз бен үлкендерімізге бағындық, сонда олар бізді тура жолдан адастырды. Раббымыз! Оларға азаптан екі есе бер және оларды үлкен қарғыспен қарға!" - дейді» («Ахзаб» сүресі, 66-68 аяттар).

Ендеше, әрбір залым Қиямет күні қатты өкініп, қолдарын тістеп: «Әттең, мен де Пайғамбармен бірге (соның жолымен) бір жол ұстанғанымда ғой!» деп айтады.

Және аяттағы: «Әттең, сорлы басым-ай! Пәленшені дос тұтпағанымда ғой» дегені: яғни, оны тура жолдан тайдырып, адасу жолына бұрған адасуға шақырушы адамды меңзейді. Бұл аят Умәйя ибн Халафты, әлде оның бауыры Убай ибн Халафты немесе басқа біреуді айтса да - аят бұлармен шектелмейді, кісіні тура жолдан тайдырған барлық адамды қамтиды.

«Расында, ол мені Зікірден (Құраннан) адастырды, ол маған келгеннен кейін». Яғни, Құран маған жеткеннен кейін, Ол (жаңағы адастырушы серігі) мені адастырды1.

Құртұбидің тәпсірі (Алла рахымына алсын):

«(Алланың) «Сол күні залым өз саусақтарын тістейді» деген сөзі Уқба ибн Әбу Муғайт туралы. Ол Жумәхи тайпасынан шыққан Умәйя ибн Халафтың (немесе Умәйяның бауыры Убай ибн Халафтың) досы еді.

Бірде Ол (Уқба) той жасап, Құрайыш руын шақырды, әрі Алла елшісін (с.ғ.с.) де шақырды. Бірақ Пайғамбар (с.а.у.) оған: мұсылман болмасаң, келмеймін деп бас тартты. Құрайыш руының мырзаларының біреуі тамағынан қалып қоюын қаламаған Уқба, мұсылман болып, шаһаданы айтты. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) оның үйіне келіп, тамағын ішті.

Кейін оның досы Умәйя ибн Халаф оның кәлима айтқанын естіп сөкті. Сонда Уқба: «Құрайыш ақсүйектерінен бір адам болса да келмей қалып қоюы үлкен қателік болар деп ойладым», – деді. Сонда досы оған: «Егер қайтып барып, оның бетіне түкіріп, желкесінен басып, пәлен-түген деп айтпасаң, мен саған риза болмаймын!» – деді.

Сонда Алланың дұшпаны (Уқба) досының бұйырғанын істеді. Сол кезде Алла Тағала: «Сол күні залым өз саусақтарын тістейді» деген аятты түсірді.

Осы хаққында Ад-Даххак (р.а.) былай деп әңгімелейді: Уқба Алла елшісінің (с.ғ.с.) бетіне түкіргенде,түкірігі өзінің бетіне қайта кері қайтып, өзінің жүзін және ернін күйдіріпті, тіпті оның бетінде ізі қалып қойып, бетіндегі сол із өлгенге дейін кетпепті дейді Ол (Даххақ).

Оның қолдарын тістеуі – досына бағынғаны үшін өкінген қайғылы адамның әрекеті. Ол: «Әттең, мен де Пайғамбармен бірге дүниеде (Жәннатқа баратын) жолды ұстанғанымда ғой дейді2.

Имам Бәғауи (р.а) тәпсірі:

Осы аяттың соңғы бөлігіндегі «Ал шайтан адам баласын тастап кетуші...» деген жеріне қатысты Имам Бәғауи (р.а.) былай дейді: «Бұл жердегі шайтан – адамдар мен жындардан шыққан кез келген шектен шығушы, бүлікшіні білдіріп тұр. Алланың жолынан адастырушы кез келген адам – ол шайтан. Ал: «адам баласын тастап кетуші...» дегеннің мағынасы: азаб пен бәле басына келген кезде тастап, одан безеді. Бұл аяттың үкімі жалпы айтылып отыр, ол күнә жолында бірге жүрген екі достың бәрін қамтиды3.

1Ибн Кәсир (р.а.): «Фұрқан» сүресінің тәпсірі.
2Имам Құртуби: «Фұрқан» сүресінің тәпсірі.
3Имам Бәғауи: «Фұрқан» сүресінің аяты.

0 пікір