Қанағат жайында бірер сөз
Қанағат жайында бірер сөз
2 жыл бұрын 3765
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Ұлы мәртебелі Алла былай деген:

«Еркек болсын, әйел болсын, кім мүмін болған күйі ізгі іс істесе, біз оны жақсы бір өмірде тірілтеміз». («Нәхл» сүресі, 97 аят).

Осы аяттағы «жақсы өмір» деген жеріне, көп тәпсіршілер «дүниедегі қанағатшылдық» деп түсініктеме берген. Яғни, қанағат - Алла Тағаладан берілетін жақсылық екен.

Алла Расулы да (с.а.у.) бір сөзінде: «Қанағат - таусылмайтын қазына» дейді және тағы бір сөзінде (с.а.у.):

«Дос іздеген адамға Алла жетеді. Сырлас іздеген адамға Құран жетеді. Қазына іздегенге қанағат жетеді. Уағыз іздеген адамға өлім уағыз ретінде жетеді. Ал кім осы төртеуін жеткілікті көрмесе, оған тозақ оты жетеді» - дейді.

Әбу Һурайрадан жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.у.) тағы да былай дейді:

«Тақуа болсаң, адамдардың ең діндары боласың. Қанағатшыл болсаң, адамдардың ең шүкірлісі боласың. Өзіңе жақсы көрген нәрсеңді адамдарға да жақсы көрсең, мүмін боласың. Көршіңе жақсы болсаң, мұсылман боласың. (Және айтарым:) Күлкіні азайтқын. Шынында да, көп күлкі жүректі өлтіреді». 

Алла Тағаланың: «...Оларды Алла көркем ризықпен ризықтандырды» - деген қасиетті аятындағы «ризық» сөзінің бір мәні қанағатты білдіреді.

Уәһб (р.а.) тәмсілдеп былай айтқан:

وقال وهب : إن العز والغنى خرجا يجولان فلقيا القناعة فاستقرا فيها.

«Кезуге шыққан абырой мен атақ жолда қанағатты жолықтырыпты да, сонда тұрақтапты».

Зәбур кітабында да қанағат жайында былай делінген:

"Қанағатшыл адам - аш болса да бай адам".

Тәүрат кітабында да: «Адам баласы қанағат етіп, бай сезінді. Адамдардан алшақтап, саламаттылық тапты. Іштарлықты қойып, адамгершілігі пайда болды. Азғантай шаршап, есесіне ұзақ демалды».

Мынадай аталы сөз бар:

«Алла Тағала бес нәрсені, бес жерге қойған: 1) Абыройды - Аллаға бойсұнуда. 2) Абыройсыздықты - күнәда. 3) Мәрттікті - түнгі намазда. 4) Даналықты - қарынның аштығында. 5) Байлықты - қанағатта».

 Сондай-ақ, кейбір даналар былай дейді:

«Дұшпаныңнан қысас арқылы кек алатының секілді, тойымсыздығыңнан қанағат ету арқылы кек ал!»

Мынадай да сөз бар:

«Кімнің көзі адамдардың қолына қараудан шаршаса, қайғысы ұзарады». (Яғни, кісінің қолына көп қарағанның уайым-қайғысы да көп болады деген сөз).

Әбу Язид далада досы екеуі киімдерін жуыпты. Сонда қасындағы досы оған:

- Киімдерді жүзім өсіп тұрған дуалға ілейік, - дейді.

Әбу Язид:

- Жоқ. Адамдардың дуалдарында киімді тесіп тастайды, - дейді ол.

Досы:

- Ағашқа ілейік.

Әбу Язид:

- Жоқ. Ағаштың бұтағын сындырады.

Досы:

- Олай болса, шөпке төсеп қояйық.

Әбу Язид:

- Жоқ. Шөп - малдың жейтін қорегі, - деп жердегі өсіп тұрған шөпке де жаймай қояды. Енді не істейміз дегенде, Әбу Язид киімді арқасына жаяды да, арқасын күнге қаратып отырады. Көйлектің бір шеті кепкеннен кейін, арқасына екінші шетін аударып қойып, солай киімін кептірген екен.


Имам Ғазали: «Раудатут Толибин». 

Абдусамат Қасым

 

0 пікір