«Қағбаны қисық аяқ, жалтыр бас адам қиратады...»: Ақырзаманда қағбаның қирауы
«Қағбаны қисық аяқ, жалтыр бас адам қиратады...»: Ақырзаманда қағбаның қирауы
9 күн бұрын 3689
Абдусамат Қасым, хадис тағылымы

Сахаба Абдулла ибн Амрден жеткен хадисте Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деген: 

 يخرِّبُ الكعبةَ ذو السُّوَيْقتينِ منَ الحبَشةِ ، ويسلِبُها حليتَها ، ويجرِّدُها من كسوتِها ، ولَكَأنِّي أنظرُ إليهِ أُصَيْلِعُ أُفَيْدعُ يضرِبُ عليها بمسحاتِهِ ومِعولِهِ

«Кағбаны екі аяғы қысқа эфиопиялық біреу қиратады. Кағбаның әшекейлерін сөгіп, жапқышын алып тастайды. Мен (қазір) оған қарап тұрғандаймын (оны көріп тұрғандаймын) - басы таз, аяқы қисық. Балтасымен және қайласымен қағбаны ұрып жатыр!». (Имам Ахмед, Имам Табарани келтірген).

Заманның ақырында Қағба тастың қирайтыны жайында баян еткен риуаяттар бар. Кағбаны хадисте де айтылып тұрғандай Эфиопиялақ қара нәсілді бір ұсқынсыз адам қиратып, жапқыштағы алтын жіптерті сөгіп (немесе кағбадағы қазыналарды алып), жапқыштың өзін жұлып түсіріп тастайды. Ол жағдай жер бетінде «тәухид иесі» қалмаған кезде орын алмақ дейді ғалымдар. Қиямет қайымға аз қалған шақта жер бетінде Аллаға сенген мүмін-мұсылман қалмайды екен. Сол кезде иесіз қалған Кағба тас талқандалмақ. Мәліметтерге қарағанда бұл жағдай қияметтің үлкен белгілерінің біразы орын алғаннан соң жүзеге асады екен.

Мысалыға, Тажалдың шығуы, Мәһдидің бой көрсетуі, Иса пайғамбардың көктен түсуі, Яжуж-Мәжуж қауымы сияқты қияметтің үлкен белгілері одан бұрын болады. Мәһдиге кағба тастың қасында қол беріледі (бият етіледі), Иса пайғамбар түсіп Дәджалды өлтіреді. Иса пайғамбар көктен түскеннен соң әлемде қырық жыл әділеттілік орнайды. Одан кейінгі кезеңде қисық аяқты біреу келіп, қасиетті Қағбаны қиратады. Бұған қатысты хадисші ғұлама Имам Хажар әл-Асқаләни (р.а.) былай деген: 

«Кейбір кісілер аталмыш хадистің Құранның мына бір аятына қайшы дейді: «Олар Меккені қауіпсіз мекен қылғанымызды көрмей ме!...» (Анкабут сүресі, 67 аят). Және де Алла Тағала Піл иелерінен Меккені қорғап, олардың әскеріне Кағбаны қиратуға жол бермеді, ол кезде ол «қыбла» емес болатын. Енді мұсылмандардың қыбласы болғаннан кейін қалайша эфиопиялық біреуге қиратуға мүмкіндік бермек?!» дейді олар. Оған жауап ретінде былай деуге болады: «Хадистегі Кағбаның қиратылуын қиямет қайым таяғанда - заманның ақырында болатын жағдай ретінде түсінген жөн. Ол жағдай жер бетінде «Алла, Алла» дейтін бірде-бір адам қалмаған кезде жүзеге аспақ. Сахих Мүслімде келтірілген хадисте айтылғандай: «Жер бетінде «Алла, Алла» дейтін бірде-бір адам қалмайынша, қиямет қайым болмақ емес!». Сол себепті де Саъид ибн Сәмъанның риуаятында: «Кағба қиратылғаннан соң, ешқашан қайтып қалпына келтірілмейді...» делінген».

Әбу Дәуідтің «сүнәнінда» келтірілген хадистің басқа бір нұсқасында былай делінеді:

«Эфиопиялықтар сендерге тиіспейінше сендер тиіспеңдер. Шынында Кағбаның қазынасын эфиопиялық екі сирағы қысқа адамнан басқасы шығармайды».

Осы хадиске түсіндірме жасаған Имам әл-Мәнәуи (р.а.) былай деп өтеді: «Кағбаның қиратылуы Иса ғалейһиссәләмның кезеңінде болмақ, оған (жәрдем сұраушының) дауысы жетеді, ол оған (көмек) жолдайды...».

Хәлими болса аталмыш оқиғаның Иса пайғамбардың қайтыс болуынан кейін болатынын көлденең тартқан. Ол былай дейді:

«Кағбаның қиратылуы Иса пайғамбар дүние салғаннан соң және Құран (бүкіл мұсылмандардың қолынан, жүрегінен, жадынан) алынып қойғаннан кейін орын алмақ. Кейбір ғалымдардың айтысы бойынша: “Кағбаның бір бөлігін Исаның көзі тірісінде бұзады, сол кезде Иса ғалейһиссәләм оған (әскер) жібереді, ол қашып кетеді. Кейін Иса бақиға аттанғаннан соң және Құран адамдардан алынғаннан кейін қайта оралып, Қағбаны толықтай қиратады. Бұл діннің негіздерінің толығымен жоғалуының белгісі болады” — деп тұжырым жасаған. 

Демек, бұл жағдайды қазіргі біздің заманға тән деу ерте. Өйткені, қияметтің біраз кіші белгілері жүзеге асқанымен, үлкен белгілері әзірге келмеді. Оның үлкен белгісі - жер бетінде Алла дейтін мұсылман қалмауы. Ал қазіргі таңда Құдайға шүкір бүкіл әлемде Исламды қабылдап, мұсылман дініне өтіп жатқан халықтың қарасы өтеп көп. Бірақ, Қиямет таяған кезде жер бетінде мұсылман қалмайды. Мұсылман қалмағандықтан да Кағба тас иесіз қалып, ұсқынсыз, арсыз біреудің қолымен қиратылады. Одан кейін Кағба тас қайта қалпына келмейді. Бұдан кейін көп кешікпей қиямет қайым орнайды! 

Алла Тағала мұсылман болған күйі жан тапсыруымызды жазсын! 

 

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: