Қабірде сегіз топтан сұрақ сұралмайды.
Қабірде сегіз топтан сұрақ сұралмайды.
2 ай бұрын 3499
Мұса Жамал

 «وسُؤالَ مُنكر ونكير حَقٌ، لورود الأحاديث - Мүнкәр, Нәкірдің сұрақ сұрайтыны - ақиқат, өйткені ол жайында хадистер келген» дейді Имам Ағзам Әбу Ханифа рахимаһуллаһ. («Әл-Уәсия»).

Бірнеше Сахих Хадистерде ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм қайтыс болған пенденің денесі қабірге қойылғаннан кейін екі періште келіп, оны отырғызып қойып сұраққа алатындығын айтқан, сонда сұрақтарға мүмін жақсы жауап береді екен де, ал кәпір мен мұнафиқ жауап бере алмай сасады екен1.

Ендігі жерде көкейге «қабірінде сұраққа алынбайтын пенделер бола ма?» - деген сауал да оралады. Оған қатысты ертеректе ғалымдардың жазып қалдырған кітаптарында қабірде сұрақ сұралмайтын мына мұсылман топтары аталып өтілген:

1) Шейттер. 

2) Мұсылман елінің шегарасын күзетіп қайтыс болғандар. Бұған байланысты хадисте былай делінген: «Әрбір мархұмның өлгеннен кейінгі амалы тоқтайды, бірақ шегара күзетшісінің амалы тоқтамайды. Оның амалы қияметке дейін артып отырады және ол қабір сынақшыларынан да аман болады (яғни, сауал сұраушы нәкір, мүнкер періштелердің сауалынан аман болады)»2. Хадисте «Мұрабит», яғни, «байлаулы» деген сөз қолданған. Бұған, шегара күзетшілерімен қатар қоғамның тыныштығын сақтаушы сақшылар, күзетшілер т.б. қоғам қауіпсіздігі үшін тағайындалған мамандар жатады.

3) Жұқпалы аурудан қайтыс болғандар.

4) Карантин кезінде қайтыс болған сабырлы кісі.

5) Шыншылдар. Өтірік сөйлемейтіндер, ақты ақ, қараны қара дейтін мұсылмандар.

6) Жас балалар. Балиғатқа толмай қайтыс болған кішкене балалар да қабірде сұралмайды.

7) Жұманың күндізінде немесе түнінде қайтыс болған адам.

8) Әр түні «Мүлік» сүресін оқып жүретін кісі. Соңғысы әрбір мұсылманның қолынан келетін амал. Өлелгенше күнде түнде үзбей тәбәрак сүресін оқып жүру қабірдің сынағынан аман алып қалады екен. Имам Нәсәи келтірген хасан хадисте былай делінген: «Кімде-кім әр түні «тәбәрәкәл ләзи биядиһил мүлк..» сүресін оқып жүрсе, Алла Тағала оның қабір азабымен азапталуына кедергі болады...»3. Сондықтан да мүлік сүресінің қабір азабына кедергі болатындығына қарап сахабалар «Кедергі сүресі» деп те атаушы еді.

Алла Тағала қабір азабынан сақтасын және мұсылман болған күйі жан тапсыруды жазсын! Уә ахиру даъуәнә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин! 


1 Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»;
2  Әбу Дәуід: «Сүнән». Сахих.
3  Имам Нәсәи: «Сүнәнуль Кубро».

0 пікір