Рафизит ағымының бір тармағында: «Әзіреті Әли мен оның достары дүниеге қайта оралып, осы дүниедегі дұшпандарынан кектерін алады және жер бетін әділдікке толтырады» – дейді. (Рафизит - шиизм бағыты).
Бұларға қарсы "Әһлу сунна уәл жамағат" жолының суннит ғалымдары былай деп жауап айтқан:
«Кім болса да, қайтыс болғаннан соң қайта тірілу күніне дейін дүниеге оралмайды. Өйткені өлген адамның қайта дүниеге оралатындығына қатысты шариғи дәлел келмеген».
Біздің бұл уәжіміздің дұрыстығына мына аяттар дәлел:
«Біз сендерді жерден жараттық және қайта жерге қайтарамыз әрі тағы бір рет жерден шығарамыз»1 . Бұл аятта "екі рет" деп емес, «тағы бір рет» деп тұр. (Егер дүниеге оралу ақиқат болғанда, аятта "бірнеше рет" дер ме еді?)
Сондай-ақ басқа бір аятта былай делінеді:
«Олардан бұрын қаншама нәсілді жоқ еткенімізді және де олардың қайтып оралмайтынын көрмей ме?»2
(Тағы бір аятта: «Олардың алдында қайта тірілетін күнге дейін бөгет (барзах әлемі) бар» дейді»).
Бұған Алла елшісінің мына хадисі де дәлел, Ол (с.а.у.) былай деген:
«Өлімнен кейін тек пейіш немесе тозақ бар». (Яғни, өлген адам қабірінде не кеңшілікте болады немесе азапталады, одан басқа бұ дүниеге келіп, кетіп жүрмейді-ауд.)3.
1 «Тоһа» сүресі, 55 аят.
2 «Ясин» с.ресі, 31 аят.
3 Имам Нәсәфи, «Бәхруль Кәләм», 283 бет.