Неге «Ықылас» сүресін Құранның үштен біріне тең дейді? Сыры неде?
Неге «Ықылас» сүресін Құранның үштен біріне тең дейді? Сыры неде?
2 ай бұрын 2530

Бисмилләһир рахманир рахим

«Ықылас» сүресінің артықшылығы жайында бірнеше риуаяттар жеткен. Соның бірінде аталмыш қасиетті сүренің Құранның үштен біріне тең келері білдіріледі. Бұл дегеніміз, үш рет оқыған кісі Құранды толық оқығандай сауапқа кенеледі деген сөз. Алайда, оның сыры мен астарындағы мәні неде? Бұл сұраққа Исламның бірегей ғұламасы, ұлы ойшыл, фақиһ, мүжтәһид Имам Ғазали (рахимаһулла) былай деп оның сырын ашуға тырысқан. Ұлы ғалымға құлақ түрелік, Ол (р.а.) былай дейді:

«Пайғамбар ғалейһиссәләмның «Құл һуалла сүресі Құранның үштен біріне татиды» деген сөзінің жөн-жоспарын қалай түсінесіз?

  • «Ондағы мақсат сан емес, Құран оқуға деген ынталандыру болып табылады» деуіңіз мүмкін. Алайда, бұл Пайғамбарлық маңсабына жарасар мән бе?!
  • Немесе «бұлай айту (Құранның үштен біріне татиды деу) ақылға да, жорамалға да сыймайды. Құранның аяттары алты мыннан асады, Ықылас сүресі болса қысқа сүре. Ол қалайша алты мың аяттың үштен бірі болмақ?» деуіңіз мүмкін. Бірақ бұлай деуіңіз Құранның сырларынан тым аз хабардар екендігіңізді және назарыңыз сөздердің тек беткі мағынасымен шектеліп қалғандығын көрсетеді. Бұлай деудің себебі, сүрелердің маңыздылығын - ондағы аяттардың көптігімен ұлықтау, артық көру жатыр. Ал қысқа сүрелерді қысқа санайсыз. Бұның мысалы - көптігіне қарап күміс ақшаларды бір түйір жауһар тастан артық көру секілді.

Біліп қойыңыз! Ықылас сүресі Құранның үштен біріне тең екендігі анық, онда шүбә жоқ. Ал, бірақ оның мәні неде?

«Құранның маңыздылықтары» атты тарауда айтып өтілген «үш танымды» қайта қараңызшы. Олар: Алла Тағаланы тану, ақыретті тану және тура жолды тану. Осы «үш таным» - Құранның негізі, қалғандары оның тармақтары. Ендігі жерде «Ықылас» сүресі осы «үш танымның» бірін ғана ішіне қамтиды: Ол - Алла Тағаланы тану, Оны бірлеу және Оны ширктің әртүрлі түрлерінен пәктеу. Мұны сүредегі «Алланың тумаған, туылмаған және оған тең келер ешкім жоқ» деген жеріндегі мағына осы. Ал аталмыш сүреде Алланы «самад» сипатымен сипаттауы - қажеттілікті қамтамасыз етер соңғы тұрақ Бір Өзі дегенді ұқтырады.

Иә, Ықылас сүресінде аталып өтілген үш танымның қалған екеуі - ақырет танымы мен тура жол танымы жайлы сөз етілмейтіні рас, сондықтан да, оны «Құранның үште біріне тең» деген. Яғни, Құрандағы негіздің үштен бірін қамтыған дегендік. Құдды Пайғамбар ғалейһиссәләмның «Қажылық - Арафаттан тұрады» деген сөзі секілді, яғни, «арафатта тұру» бұл қажылықтың басты негізі, қалғаны оның тармақтары»1.


1 Имам Ғазали (рахимаһуллаһ): «Жауаһируль Құран». Ықылас сүресі. Араб тілінде.

Қазақшалаған А. Қасым

 

0 пікір