Намазға тұрмай ұйықтап жата беретіндердің қияметтегі жазасы
Намазға тұрмай ұйықтап жата беретіндердің қияметтегі жазасы
2 ай бұрын 2621
Мұса Жамал

Сахаба Сәмура ибн Жүндуб радияллаһу анһ Алла елшісінен саллаллаһу алейһи уә сәлләм мынадай хадис жеткізеді. Ол жерде Алла елші көрген түсін баяндай келе тозақтағылардың жағдайынан хабардар еткен. Сонда Пайғамбарға (с.а.у.) басы таспен мыжылып, қайта қалпына келтірілген және қайта ұрылып, қайта қалпына келтірілген адам көрсетіледі. Сөйтсе, ол адам - бұ дүниеде Құран үйреніп, алайда оны кейіннен оқымай тастап қойған және намаз уақыты кірсе де тұрмай ұйықтап жата беретін адамның жағдайы екен:

«Басы таспен мыжылған адамға келсек, ол - (бұ дүниеде) Құранды алып (үйреніп), кейін оқымай тастап қойған және парыз намазға (тұрмай) ұйықтап жата беретін адам» дейді Пайғамбарымыз (с.а.у.)1.

Құран үйрену - үлкен нығмет. Алла Тағала оны біреуге нәсіп қылған болса, соның қадірін білмек керек. Қадірін қалай білеміз? Құранды күнде оқып, жаттағандарымызды қайталап және Құранның тыйған нәрселерінен тыйылып, бұйырғанын орындау арқылы қадірлеген боламыз. Ал әріп танып, Құранды арабшасынан оқуды үйреніп, біраз паралар жаттап, алайда кейіннен Құран бетін ашпай, тәрк етсек, о дүниеде жазасы ауыр екен - ол мұсылманның басы таспен ұрылып, қақ жарылады. Артынан бас қайта қалпына келтіріліп, қайта таспен жарылады.

Және мұндай азапқа тап болудың екінші себебі - уақыты кірген намазды оқымай, ұйықтап жата берушілік. Бұны жоғарыдағы хадисте «парыз намазға тұрмай ұйықтап жата беретін адам» деді. Мысалы, таң намазының уақыты кірсе де тұруға ерініп ұйықтап жата беретін мұсылманның басын о дүниеде таспен ұрып жарып азаптайды деп отыр Пайғамбарымыз (с.а.у.).

Осы тұрғыда: «ұйқыдағы адам жауапкершіліктен босатылады» деген сахих хадис те бар. Жоғарыдағы хадис осы бір хадиске кереғар емес пе, деген сауал ойға оралады. Кереғар емес, неге десеңіз, жоғарыдағы хадис - жалқауланып, тұрғысы келмей ұйықтап жата беретін мұсылманға қатысты айтылған. Ал намазға тұрамын деп жатып, алайда абайсызда, еріксіз ұйықтап қалған кісіге кешірім бар. Мұндай кісілер «ұйқыдағы адамға күнә жазылмайды» деген мағынадағы хадистің үкімінің аясына жатқызылады. Бүгінгі келтіріп отырған хадис болса, уақыты кірген намазын тұрып оқудың орнына, немқұрайлығы себепті намазын қазаға қалдырып, ұйқысын жалғастыра беретін мұсылманға көбірек қатысы бар.

Қорыта айтқанда:

  • Құран ілімі берілген пенде, жалқауланып немесе дүниенің соңынан кетіп, Құранды оқудан қалса, оны жиыстырып қойса, о дүниеде басы таспен ұрылып жазаланады екен.
  • Сондай-ақ, бес уақыт намаздың бірінің уақыты кіріп, алайда тұрып оқудың орнына, ұйқысын жалғастыра беретін, осылайша намазын өткізіп алатын мұсылман да қиямет күні әлгіндей жазаға тартылады.

Ендеше, ағайын! Құран оқи алу да Алланың берген сыйы екен. Сондықтан да, үйдегі Құран кітапты ашып күндегісін оқып тұруды ұмытпау керек. Өйткені, Құран оқылмаса - жетім. Құран - рухани ем және әр әріпіне жеті жүз есеге дейін сауап жазылатын ерекше қасиетті кітап. Сондай-ақ, көп жағдайда таң намазына ұйықтап қалу жағдайы жиі кездеседі, тұрам деп ниет етіп жатып, алайда еркінен тыс ұйықтап қалып жатса мақұл, ал немқұрайлық танытып, тұрғысы келмей ұйықтап жата беру ауыр күнә, жазасы ауыр іс екен.

Сондықтан да, Құранымызды күнделікті оқып тұрайық. Намаздарымызды барынша қазаға қалдырмай уақтылы оқып тұрайық. Уа ахиру дъуәнә әниль хамду лилләһи Рабббиль аләмин!


1  «Сахих Бұхари»

0 пікір