Мұсылманның тозақта жанбайтын жерлері (хадис тағылымы)
Мұсылманның тозақта жанбайтын жерлері (хадис тағылымы)
1 жыл бұрын 5141

Сахаба Әбу Һурайрадан (радияллаһу анһ) жеткен бір риуаятта Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деген: 

- تأكلُ النارُ ابنَ آدمَ ، إلا أثرَ السُّجودِ ، حرَّم اللهُ عزَّ و جلَّ على النَّارِ أنْ تأكُلَ أثرَ السُّجودِ

«Адам баласын тозақ оты жейді (күйдіреді), бірақ сәжденің ізі бар жерді жей алмайды. Алла Тағала сәжденің ізі бар жерлерді тозаққа харам қылды». («Сахих Мүслім», «Сахих Бұхари»).


Аталмыш хадисте ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) «Адам баласын тозақ оты жейді...» деу арқылы, адамның ағзаларын тозақ жандырып, күйдіретіндігін айтып отыр. Құдды, бір нәрсені жеген кісі, оны жеп жоқ қылатыны секілді. 

«Бірақ сәжденің ізі бар жерлерді жей алмайды...». Сәжде жасалатын ағзаларға оттың зияны тимейді екен. Сәжде ағзалары қайсы? Сәжде ағзалары жетеу, олар - маңдай, екі қол, екі тізе және екі аяқ. «Маңдай» сөзіне адамның бет-жүзі толық кіреді. 

«Алла Тағала сәжденің ізі бар жерлерді тозаққа харам қылды». Алла Тағала аталмыш жеті ағзаға намазда сәжде жасағаны себепті, намазға деген және сәждеге деген құрмет ретінде, ол жерлеріне тозақ отының күйдірмеуін қалаған. 

Демек, мұсылман адам белгілі бір күнә себепті, о дүниеде Алланың жазасына ұшырап, тозаққа түсіп жатса, оның сәжде жасаған дене мүшелеріне тозақ жалыны тимейді екен.

Алайда, хадистің астарына үңілсек, екінші бір мәнін де ұғынуға болады. Хадисте «сәжде ізі бар жерлер тозақта жанбайды...» деу арқылы, бір шеті, намаз оқитын кісілердің тозаққа түспейтіндігін де ишара етіп тұрғандай. Хадисті осы жөнінен түсінсек, Алла елшісі (с.а.у.) біздерге «Адамдар тозақта жанады, бірақ намаз оқитындар жанбайды, намаз оқитындарға тозақ харам етілді» дегісі келіп тұрған сынайлы. Аллаһу аъләм. 

Хадистен алынатын тағылым:

1) Намаз оқитын мұсылмандар да тозаққа түсуі мүмкін екен. Бұлар көбінесе біреулердің ақысын жеп, соның нәтижесінде, есеп-қисап күні ақысын өтей алмай, оның бүкіл күнәсін көтергендер мен осы дүниеде ауыр күнәлар жасап, соған тәубе етпей өлген күнәһар мұсылмандар кіреді, онда да араларындағы Алла кешіргендері басқа. Алла Тағала кейбір күнәһар мұсылманды кешіруі мүмкін. Қалай болғанда да, тозаққа түскен мұсылман ол жерде мәңгі қалмайды. Жүректеріндегі иманы себепті жазасын өтегеннен соң немесе шапағатшылардың шапағатымен тозақ отынан шығарылып, пейішке кіргізіледі.

2) Сондай-ақ, намаз оқығанымен теріс ағымда жүрсе, тозаққа кіруі мүмкін. "Сәуәдуль ағзам" жолынан, яғни, көпшіліктің тұтқан "Әһлу сунна уәл жамағат" жолынан ауытқып, теріс ағымдардың жетегінде кеткендер де о дүниеде тозақы болуы әбден мүмкін. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.) 73 тармақтың біреуі ғана пейішке кіретіндігін, ал қалғаны тозаққа түсетіндігін ескертеді. Пейішке кіретін бір тармақ кімдер дегенде "сауадуль ағзам" деген, яғни, "көпшіліктің ұстанған жолы" деген болатын.  

3) Тозаққа кірген мұсылманның сәжде жасайтын жеті ағзасы отқа күймейді. Олар - бет-жүзі, екі қолы, екі тізесі және екі аяғы. 

4) Тозаққа намаз оқитындардың өздері кіруі мүмкін болса, намаз оқымайтын, харам істерге барып жүретін мұсылманның халі мүшкіл екені анық. Сондықтан да, Құдай кешіреді деп ғапылдықта өмір кешу өз-өзін алдау. Алла өзінің кеңшілігімен кешіреді, бірақ әділдігімен де жазалауы мүмкін. Сондықтан да, мұсылман адам үміт пен қорқыныш арасында болып, бұ дүниеде харам істерден ұзақ тұрып, құлшылықтарын кемітпей орындап жүруі тиіс. 

5) Хадисте намаздың және сәжденің маңыздылығы білдірілуде. Намаз оқып, сәжде жасау - пендені тозақ отынан құтылудың бірден-бір жолы. Пенденің Аллаға ең жақын болатын жері - сәждедегі сәті. Сондықтан да, сәждені көбейту керек. Сәждені көбейту - намазды көп оқумен болатындығы сөзсіз.  

Алла Тағала баршамызды тозақ отынан сақтап, өзінің рахымына бөлесін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым

0 пікір