«Мұқаллидтің» иманы жайында (ақида)
«Мұқаллидтің» иманы жайында (ақида)
4 жыл бұрын 4559
Абдусамат Қасым

«Мұқаллид» деп, діни бір мәселеге ақли (логикалық) немесе нақли (аят-хадис) дәлелін қарастырмастан сенген кісіні айтады. Мысалы, мұсылман отбасыда дүниеге келген бір адамның зерттеп-зерделеместен мұсылманшылық жолды ұстануы сияқты немесе ата-бабасы мұсылман болғандықтан бұның да Ислам жолына түсіп, оның ақиқаттығын қабыл еткені секілді т.б.     

Мәтуриди мәзхабының ғалымы Имам Бәздәуи «мұқаллидке» былай деп анықтама берген:

«Ешқандай дәлелсіз Исламның барлық іргелі-негіздеріне жүрекпен сеніп, (тілімен) иқрар етіп мойындаған адам»[1].

Асылында фиқһи мағынада да әлдебір мәселенің үкімін дәлеліне үңілместен қабыл етіп, сол бойынша амал етушіні "мұқаллид" деп атайды. Мәселен, біздердің бір мәселенің үкіміне байланысты Имам Ағзам Әбу Ханифаның берген пәтуасын негізге алып, оның сүйенген дәлеліне үңілместен соған сай амал етуіміз осыған мысал. Бірақ, бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған "мұқаллид" ол - Исламдағы сенім мәселелерін дәлелсіз қабыл етіп, оларға дәлелсіз сенген кісіге қатысты болып отыр.   

Ертеректе кәләм (теология) ғұламалары мұқаллид үкіміндегі мұсылманның иманының дұрыс не бұрыстығы төңірегінде пікір таластырған.

Мұғтәзилит ағымы өкілдерінің пікірінше, мұқаллидтің иманы саналмайды. Өйткені, әр нәрсенің ақитаттығын ақылдың жәрдемімен ешқандай күмән қалдырмайтындай дәрежеде білмейінше, ол кісі мүмін емес, яғни, иман еткен болып есептелмейді. Олардың бұл пайымына қарағанда, Алла Тағаланың барлығы мен бірлігін немесе жалпы Ислам сенім-негіздерін зерттеп-зерделемей, ақиқаттығына көзін жеткізбей сенген қарапайым мұсылманның иманы жоқ.

Алайда, Имам Ағзам Әбу Ханифа, Суфиян әс-Сәури, Имам Мәлик, Әузәъи және барлық фиқһ ғұламалары мен хадис ғұламалары мұқаллид үкіміндегі мұсылманның иманының дұрыс екендігіне шүбә келтірмеген. Десе де, ол әлемнің жаратылғандығын және оны жаратқан жаратушының бар екендігін ақылымен зерттеп-зерделемегені үшін де күнәһар болмақ.

Осы тұрғыда айта кету керек, мұқаллид үкіміндегі мұсылманның иманы жөніндегі талас - көбіне тау басында туып-өсіп, әлемнің жаратылысы жайында және оны жаратқан бір жаратушының бар екендігі жайында еш ой жүгіртпей, бірақ ол жөнінде естіген заматта сене салған кісінің иманы төңірегінде болып отыр. Ал, мұсылман жұртшылығында өсіп жетілген және табиғаттың кереметін көргенде таңданып Құдайды еске алатын мұсылманның иманына қатысы жоқ[2]. 

Демек, Әһли сүннет сенімі бойынша, соның ішінде Мәтуриди мәзхабында мұқаллидтің иманы - «сахих» (дұрыс саналады). Өйткені, иман – тасдыйқ, яғни, растау деген сөз. Кімде-кім Исламның ақиқаттығын растап сеніп жатса, ол мүмін саналады, мейлі дәлелімен сенген болсын, мейлі дәлелсіз сенген болсын[3]. Қалайша бір жаңалықты естіп, оны растығын қабыл еткен кісіге қарасты «сенді» деп айтуымыз қате болмайтыны сияқты, дін негіздерін естіп не оқып білген кісінің де оның ақиқаттығына дәлелсіз сенуін «иман» деуіміз қате емес[4].

Қорыта айтқанда, иманда маңыздысы – сену. Иманды болу үшін барлық дін негіздерін дәлелімен білуі шарт емес. Дәлелсіз де Исламдағы иман етілуі керек дүниелерге жүрекпен сенсе, оның ақиқаттығын қабылдаса, ол мүмін саналып, о дүниеде пейіштік болмақ. Әрине, әрнәрсенің дәлелін біліп, дәлелімен сенуі нұр үстіне нұр. Дегенмен, дәлелсіз де дін негіздерін қабыл етіп, оның ақиқаттығына нануы мүмін-мұсылман атануына жеткілікті. Сондай-ақ, мұсылман отбасында дүниеге келіп, ата-анасы мұсылман болғандықтан мұсылманшылық жолын ұстанған кісінің де иманы саналады.


[1] Имам  Бәздәуи: «Усулуддин». 155 бет.
[2] Имам Сабуни: «әл-Бидәя». 155 бет. (161).
[3] Әбуль Муъин ән-Нәсәфи: «Тәбсыйротуль Әдиллә». 157 бет.
[4] Имам  Сабуни: «әл-Бидәя». 154 бет.

0 пікір