Мәсих Дәжжал (Тажал) кім?
Мәсих Дәжжал (Тажал) кім?
1 жыл бұрын 7701

а) «Дәжжал» сөзінің мағынасы

 «Дәжжал» сөзі – өтірікші, алдампаз деген мағынаны білдіреді. Адамзат тарихындағы ең үлкен өтірікші осы Дәжжал болғандықтан, ол бұл есіммен аталған. Сондай-ақ оның Мәсих Дәжжал деген де аты бар. Ибн Әсир: «Оның «Мәсих» деп аталуы – көзінің сипалып, жабылып қалғандығынан, ал «Дәжжал» деп аталуы оның жалғаншы болғандығынан», – деген. Ал Исаның (аләйһис-сәләм) «Мәсих» деп аталуына келсек, ол адамдарды сипап, ауруларын жазатын.

ә) Дәжжалдың сипаттары

Дәжжал Адамның (аләйһис-сәләм) ұрпағынан шығады. Аллаһ тағала оған бірнеше ерекше мүмкіндіктерді беріп, оны адамдарға сынақ үшін жібереді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) үмбеті Дәжжалдың ылаңынан аман қалуы үшін бізге оны сипаттап әрі одан құтылудың жолдарын үйретіп кеткен. Оның сипаттарына келер болсақ, ол – қызыл өңді, қысқа бойлы, қисық аяқ, бұйра басты, ашық маңдайлы, жуан мойынды және оң көзі соқыр ер адам. Оң көзі солған жүзім сияқты, кіріп те кетпеген, әрі шығып та тұрған жоқ. Сол көзін шел басқан. Екі көзінің арасына арабша бөлек-бөлек «к - ф - р» деп немесе «кәпір» деп жазылған. Оны сауаты болсын, болмасын әрбір мұсылман оқи алады. Сондай-ақ Дәжжалдың ұрпағы болмайды.

б) Дәжжал туралы хадистер

 Абдуллаһ ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Мен түсімде Қағбаны тауап етіп жүр екенмін...», – деген. Сосын Мәриямұлы Исаны (аләйһис-сәләм) көргенін, содан соң Дәжжалды көргенін айтып, оны сипаттап: «Ол – денелі ер кісі, қызыл (түсті), бұйра басты, бір көзі соқыр екен. Оның көзі солған жүзім сияқты», – деген. Сонда (сахабалар): «Бұл Дәжжал хузағалық1 Ибн Қутнға ұқсайды екен», – депті2.

Дәжжал өзін «құдаймын» деп халықты азғырады. Осы себепті де, Ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) адамдар арасында Дәжжал туралы айтып тұрып, оның Жаратушы Аллаһ сияқты емес екенін баяндап: «Шын мәнінде, Аллаһ тағаланың бір көзі соқыр емес. Мәсих Дәжжал болса оң көзі соқыр. Көзі солған жүзім сияқты», – деген3.

Ән-Наууас ибн Самған (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) Дәжжалды сипаттап: «Ол – көзі солған, шашы өте бұйра жігіт. Оны Абдул-Узза ибн Қутнға ұқсатамын», – деген4.

Убада ибн Самит (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Мәсих Дәжжал ер кісі, қысқа бойлы, сұсты, бұйра шашты, бір көзі соқыр, көзі жабылып қалған, (ол көзі) кіріп те кетпеген, шығып та тұрған жоқ. Егер (оны құдай деп) шатасатын болсаңдар, біліп қойыңдар: Раббыларыңның бір көзі соқыр емес», – деген5.

Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «...Ал адасушылықтың Мәсихы (Дәжжал) болса, ол бір көзі соқыр, ашық маңдайлы, кең мойынды, бүкірлеу», – деп айтқан6.

Хузайфа (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Дәжжал сол көзі соқыр, шашы қалың», – деген7.

Әнәс (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Екі көзінің арасында «кәпір» деп жазылған», – деген8. Ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте «оң көзі соқыр» делінсе, Хузайфа (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте «сол көзі соқыр» делінген. Ғұламалар бұл туралы: «Екі көзі де айыпты. Оң көзі көр, солған жүзім сияқты, ал сол көзін шел басқан», – деген... 

...

ғ) Дәжжалдың шығатын жері

 Дәжжал шығыстағы Хорасан аумағындағы Асбаһан9 деген қаланың яһудия деген ауданынан шығады. Жоғарыда келген Фатима бинт Қайстың (Аллаһ оған разы болсын) хадисінде: «Керісінше, шығыс жақта», – делінген. Әбу Бәкір (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Дәжжал Хорасан деп аталатын шығыс жерінен шығады», – деген10. Әнәс (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Дәжжал Асбаһанның яһудия деген жерінен шығады. Онымен бірге яһудилердің жетпіс мыңы болады», – деп айтқан11.

д) Дәжжал Мекке мен Мәдинаға кірмейді

Фатима бинт Қайс (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Дәжжал: «...Сосын шығамын да, жер бетін шарлаймын. Қырық күннің ішінде тоқтамаған жерім қалмайды. Тек Мекке мен Тайибадан басқа, ол екеуі де маған харам қылынған. Олардың қайсыбіріне кіруді қаласам, қолына жалаңдаған қылыш ұстаған періште қарсы тұрып, мені одан қайтарады. Расында, олардың әр тарапында қорғаушы періштелер бар», – деген.

е) Дәжжалға ілесетіндер

 Дәжжалға ең көп ілесіп, оған жәрдем беретіндер яһудилер болады. Әнәс ибн Мәлик (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Дәжжалға Асбаһан яһудилерінің үстеріне желбегей киген жетпіс мыңы ілеседі», – деген12.

ж) Дәжжалдың фитнасы

Дәжжалдың фитнасы – Аллаһ тағала Адамды (аләйһис-сәләм) жаратқаннан бергі жер бетіндегі ең үлкен фитна. Себебі Аллаһ адамдарды сынау үшін оған ерекше мүмкіндіктер берген: Аллаһ тағала оған жаннат пен тозақ берген, оның жаннаты – тозақ, тозағы – жаннат, онымен бірге ағын сулы өзендер болады. Аспанға жаңбыр жаудыруды бұйырса, жаңбыр жауады, жерге өнім шығаруды бұйырса, өнім шығады. Оның артынан жер асты қазыналары ілесіп жүреді. Сондай-ақ ол өте үлкен жылдамдықпен жол жүреді т.с.с. Хузайфа (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Дәжжал сол көзі соқыр, қалың шашты. Онымен бірге жаннат пен тозақ бар, оның тозағы – жаннат, ал жаннаты – тозақ», – деген13.

Хузайфа (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен келесі бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мен Дәжжалдың қасында не бар екенін оның өзінен жақсы білемін. Онымен бірге ағатын екі өзен бар, оның бірі – көзбен көргенде, аппақ су, ал екіншісі – жалындаған от. Қайсыларыңа ол жетсе, от болып көрінгенге барып көзін жұмсын. Сосын басын еңкейтіп, одан ішсін. Ол – салқын су», – деп айтқан14.

Ән-Наууас ибн Самған (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.) Дәжжал туралы айтқанда, сахабалары: «Уа, Аллаһтың елшісі! Ол жер бетінде қанша қалады?» – деп сұрайды. Сонда (Пайғамбар (с.а.с.)): «Қырық күн: бір күні бір жылдай, бір күні бір айдай, ал бір күні бір аптадай болады, қалған күндері өз күндерің сияқты», – дейді. (Сахабалар): «Жердегі жылдамдығы қандай?» – дейді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Артынан жел айдаған нөсер жаңбыр сияқты. Бір елге келіп, оларға (өзін құдаймын деп) дағуа қылады. Олар оған иман келтіріп, (дағуасын) қабылдайды. (Сөйтіп, Дәжжал олар үшін) аспанға бұйырса, жаңбыр жаудырады, жерге бұйырса, көгін шығарады, малын ұстаса семіріп, сүті көбейеді. Сосын басқа бір елге келіп, оларға дағуа қылады. Олар оның сөзін қабылдамайды. (Дәжжал) олардан кетіп қалғанда, (ол жердегі халық) қолдарында еш мал-дүниесі жоқ кедей болып қалады. (Дәжжал) қиранды жерден өтіп бара жатып: «Қазыналарыңды шығар!» – дейді. Сонда жер қазыналары оның артынан құрма ағаштары сияқты ілесіп жүреді. Сосын бір жас жігітті шақырып, оны қылышпен қақ Ортасынан бөліп тастайды. Сосын ол (өлікті) шақырса, (қайта тіріліп) күліп тұрған күйі келеді», – деген15.

Әбу Сағид (Аллаһ оған разы болсын) келтірген риуаятта: «Дәжжал өлтірген әлгі кісі – адамдардың ең жақсысынан немесе ең жақсы адам. Ол Дәжжалға Аллаһ елшісінің қаласы Мәдинадан шығып: «Сенің бізге Аллаһ елшісі ескерткен Дәжжал екендігіңе куәлік беремін!» – дейді. Дәжжал: «Егер мынаны өлтіріп, қайта тірілтсем, (құдай екеніме) күмәнданасыңдар ма?» – дейді. (Адамдар): «Жоқ!» – дейді. Сөйтіп, өлтіріп, қайта тірілтеді. Сол кезде (әлгі кісі): «Аллаһпен ант етейін! Бүгін сен туралы білгенім арта түсті!» – дейді. Дәжжал оны қайта өлтірмекші болғанымен, шамасы келмейді», – деген16.

Сонымен қатар Аллаһ тағала Дәжжалға адамдар арасында ылаң салуы үшін шайтандармен сыбайластық мүмкіндігін берген. Әбу Умәма әл-Бәһили (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте: «...Дәжжалдың фитнасының бірі – ол бір бәдәуиге: «Егер әке-шешеңді тірілтсем, менің Раббың екеніме сенесің бе?» – дейді. (Әлгі кісі): «Иә», – деп жауап берсе, оның әке-шешесінің бейнесіне кірген екі шайтан оған келіп: «Балақайым, оған ілес! Расында, ол – сенің Раббың!» – деп айтады», – деген17.

Осындай себептермен адамдар топ-топ болып оның соңынан ереді. Ел арасына іріткі сала жүріп, Дәжжал ең соңында Мәдинаға кіруге әрекет жасайды. Мәдина халқы толқып, Дәжжалға қосылу үшін ондағы кәпірлер мен мұнафиқтардың жетпіс мыңы қаладан шығып кетеді.

и) Дәжжалдың ақыры

Бізге келіп жеткен хадистерге сүйенсек, Дәжжалдың оқиғасы былайша өрбиді. Ол шыққаннан кейін қырық күнде бүкіл жер бетін өте үлкен жылдамдықпен шарлап шығады. Жүрген жерінде өзін «құдаймын» деп үгіттеп, көп адамдарды сендіреді. Тек азғана шынайы мүміндер оның фитнасынан аман қалады. Оның әскерінің басым бөлігі яһудилер болады. Мұнан соң Дәжжал Шамға бет алады. Осы кезде бәлекет Мәсихқа қарсы игі Мәсих – Мәриямұлы Иса түседі. Исаның (аләйһис-сәләм) айналасына мүміндер жиналады. Сөйтіп, Иса Дәжжалдың артынан қуып барып, оны өлтіреді.

з) Дәжжалдың фитнасынан сақтану жолдары

Дәжжал адамзат тарихында ең үлкен фитна болғандықтан, ол туралы айтпай қалған пайғамбар болмаған. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қауымына Дәжжалды, бір көзі соқыр суайтты ескертпеген бірде-бір пайғамбар жіберілмеген. Оның бір көзі соқыр емес пе? Ал Раббыларыңның бір көзі соқыр емес қой?! Оның екі көзінің арасына кәпір деп жазылған», – деген18. Әсіресе ақырзаман үмбетінің пайғамбары Мұхаммед (с.а.с.) Дәжжалдың сипаттарын атап көрсетіп, онымен кездескен адамға одан құтылу жолдарын соқырға таяқ ұстатқандай етіп үйретіп кеткен. Енді Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бізге үйреткен Дәжжалдан сақтанудың жолдарына тоқталайық:

1. Дәжжалға қарсы тұру үшін Ислам дініне бекем болып, иманмен қарулану керек. Жаратушы Аллаһ тағаланың есімдері мен сипаттары бар. Сол есім-сипаттарында Оған серіктес ешкім жоқ. Солармен таныс болу керек. Мысалы, Дәжжал ішеді, жейді, ал Аллаһ ондай сипаттардан пәк. Дәжжалдың бір көзі соқыр, ал Аллаһтың бір көзі соқыр емес. Аллаһты ешкім дүниеден көз жұмбайынша көре алмайды, ал Дәжжалды барша адамдар көреді.

2. Аллаһ тағаладан Дәжжалдың фитнасынан пана сұрау, әсіресе намазда. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер біреулерің тәшаһһуд оқып болса, Аллаһтан төрт нәрседен пана сұрап: «Уа, Аллаһ! Сенен мен тозақ азабынан, қабір азабынан, өмір мен өлім сынағынан және Мәсих Дәжжалдың фитнасынан пана сұраймын», – деп айтсын», – деген19.

3. «Кәһф» сүресінің алғашқы он аятын жатқа білу.

 Ән-Наууас ибн Самған (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Кім оны көрсе, «Кәһф» (сүресінің) алғашқы он аятын оқысын!» – депті20. Әбу Дәрдә (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Кім «Кәһф» сүресінің әуелгі он аятын жаттаса, Дәжжалдан құтылады», – деп айтқан21. Ғұламалардың айтуынша, мұнда бізге тарих беттерінен белгілі, имандарын, діндерін сақтап қалу мақсатында үңгірге келіп паналаған жас жігіттердің оқиғасымен сабақтастық мағына жатыр.

4. Одан қашып, жолықпауға тырысу керек.

Имран ибн Хусайн (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім Дәжжал жайлы естісе, одан қашсын! Аллаһпен ант етейін! Өзін мүмін санап келген кісі көңіліне ұялаған күдік-күмәндары себепті оған еріп кетеді», – деген22

«Ақырет өткелдер», арабшадан аударып, құрастырғандар:
А.Кадыров, Қ.Спатай, З.Аман 


1  Араб руларының бірі.
2  Әл-Бұхари, Муслим.
3  Әл-Бұхари, Муслим.
4  Муслим.
5  Әбу Дауд.
6  Ахмад.
7  Муслим.
8  
9  Қазіргі таңда Иранда Исфаһан деп аталатын қала бар. Бірақ Дәжжал осы қаладан шыға ма, жоқ па, анығын Аллаһ біледі.
10  Әт-Тирмизи.
11  Ахмад.
12 Муслим.
13  Муслим.
14  Муслим
15  Муслим
16 Әл-Бұхари.
17  Ибн Мәжәһ.
18  Әл-Бұхари.
19  Муслим.
20  Муслим.
21  Муслим.
22  Әбу Дауд, әл-Хаким.

 

0 пікір