Мархұмның о дүниеде мерейлі болатындығының 10 белгісі
Мархұмның о дүниеде мерейлі болатындығының 10 белгісі
1 жыл бұрын 3100

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерінде пенденің ғұмырын жақсы өткізгеніне дәлел боларлық айқын белгілер көрсетілген. Бұ дүниемен қоштасқан адамнан сол белгілердің біреуі байқалса – оның нығметке бөленгені. Аллаһ тағаладан сондай игілік, қайырлы өмір нәсіп етуін сұраймыз.

1. Өлер алдындағы куәлік.

Себебі Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кімнің ең соңғы сөзі: «Лә иләһә илләллаһ» болса жаннатқа кіреді», – деп айтқан1

2. Өлер алдында маңдайынан тер шығуы.

Бурәйда ибн әл-Хасиб Хорасанда болған кезінде ауырып жатқан бауырына көңілін сұрап барады. Оның хал аузында жатқанын көреді. Сонда оның маңдайынан тер шығып жатады. Сол кезде ол: «Аллаһу әкбар! Пайғамбардың (с.а.с.): «Мүмін өлгенде маңдайынан тер шығады», – дегенін естіген едім», – депті2

3. Жұма күні қайтыс болу.

Оған Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Егер мұсылман жұма күні түнде немесе күндіз өлсе, Аллаһ оны қабір азабынан сақтайды», – деп айтқан сөзі дәлел болады3

4. Ислам жолында жан тапсыру

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Шейіт Аллаһтың алдына барғанда алты түрлі сый-сияпатқа бөленеді: Қаны төгілген сәтте күнәсі кешіріледі, жаннаттағы орны көрсетіледі, қабір азабынан босатылады, үлкен азаптан аман қалады, иманының жемісін көреді, жаннаттағы хор қыздарына үйлендіріледі, туыс-жақындарынан жетпіс адамға шапағатшы болады», – деген4.

Маңдайына соғыста өлу жазылмаса да, жүрегімен, шын ықыласымен сұрағандарға да шейіттік нығмет беріледі. Оған Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Кімде-кім Аллаһтан шейіт болуды шын ықыласымен сұраса, ол төсегінде жатып өлсе де Аллаһ оған шейіттіктің сауабын береді», – деген хадисі дәлел5.

Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім Аллаһ жолында соғысқа шығып өлсе немесе оны біреу өлтірсе, ол шейіт болады және осы жорықта атынан не түйесінен жығылып (мойнын үзіп алса да), жылан-жәндіктер шақса да, төсегінде өлсе де яки Аллаһтың қалауымен қандай бір халде өлсе де ол - шейіт, ол - жаннатқа барады», – деген6.

Аллаһпен үздіксіз байланыста болған адамның өлімі жайлы Сәлман әл-Фәрисиден жеткен сахих хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Соғыста не болмаса мұсылмандарға қиыншылық төнген сәттерде олармен бір күн және бір түн бірге болу - бір ай ораза ұстап намазға тұрудан да қайырлы. Егер ол сол мезетте өліп кетсе, оның бұрын істеп жүрген амалдары, құлшылықтары жазылып тұрады, ризығы да көбейе береді және от азабынан аман қалады», – депті7

5. Оба секілді жұқпалы дерттен өлу.

Пайғамбар (с.а.с.): «Жұқпалы ауру – әрбір мұсылманның шәһидтігі», – деген8

6. Іш аурудан болған өлім.

Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім іш ауруынан өлсе, ол – шәһид»9; «Шәһидтер бесеу – жұқпалы кеселден, іш ауруынан, сондай-ақ суға кетіп немесе бұзылған нәрсенің астында қалып өлгендер және Аллаһ жолында құрбан болғандар», – деген10.

7. Әйел адамның босану кезінде немесе жүктілік кезінде қайтыс болуы. Сондай-ақ адамның кездейсоқ жағдайда өртеніп өлуі және өкпеқаптың қабынуынан көз жұмуы. Жәбир ибн Атиктен (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Аллаһ жолында өлгендерден басқа жеті түрлі жағдайда қайтыс болғандар шәһидтер деп саналады: Жұқпалы аурудан, суға кетіп өлген, өкпе қабынуынан, іш ауруынан, өртенгеннен, бұзылған нәрселер астында қалғандар және ішіндегі баласымен өлген әйел», – депті11

8. Туберкулезден қайтыс болса.

Рашид ибн Хубәйштен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Туберкулез ауруынан өлсе – шәһид», – деген.12

9. Өзінің мал-мүлкін, қаражатын қорғау үшін қарсылық көрсетіп өлуі және діні мен өзін қорғау кезінде мерт болуы. Сағид ибн Зәйттен жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім мал-мүлкін, қаражатын тартып алғысы келген адамға қарсы шығып шайқасып өлсе, ол – шәһид, кімде-кім туыстарын қорғап өлсе, ол – шәһид, кімде-кім дінін сақтап қалу үшін күресіп өлсе, ол – шәһид және кімде-кім дұшпаннан қорғанған кезінде өлсе, ол – шәһид», – деген13

10. Жақсы амал-құлшылық істеу сәтінде болған өлім

Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім өмірінің соңында Аллаһтың дидарын қалап, соңғы сөзінде – «Лә иләһә илләллаһ» деп айтып өлсе, ол жаннатқа кіреді, кімде-кім Аллаһтың дидарын қалап, ораза ұстап жүріп өліп кетсе, ол жаннатқа кіреді және кімде-кім Аллаһтың дидарын қалап, садақа беріп тұрып өліп кетсе ол да жаннатқа кіреді», – деген14

А. Зулай, «Қабір азабы».


1  Әбу Дауд, әл-Хаким.
2  Ахмад, әл-Хаким, әт-Тирмизи.
3  Ахмад, әт-Тирмизи.
4  Ахмад, Ибн Мәжәһ, әт-Тирмизи.
5  Муслим, әл-Бәйһақи. 16
6  Әбу Дауд, әл-Хаким.
7  Муслим, ән-Нәсәи, Ахмад.
8  Әл-Бұхари, Муслим.
9   Муслим, Ахмад.
10  Әл-Бұхари, Муслим.
11   Мәлик, Ахмад, Ибн Мәжәһ.
12  Ахмад.
13  Ахмад, ән-Нәсәи, әт-Тирмизи, Әбу Дауд.
14   Ахмад.

0 пікір