Кереметтің түрлері
Кереметтің түрлері
1 ай бұрын 1887
Абдусамат Қасым, Исламтанушы

«Керемет» деген, Алла Тағаланың әулие құлдарынан көрінетін және әдеттегі жағдайларға жатпайтын таңғажайып кұбылыс.

Демек кереметтер әулие кісілерден туындайды екен. Әулие деп кімді айтамыз? Әулие деп, Алла Тағаланы бүкіл сипаттарымен таныған, тағат-ғибаттарын үзбейтін, харам, мәкруһ болған барлық күнәлардан ұзақ тұратын және нәпсәни құмарлыққа түсуден сақтанатын кәміл адам.

Әулие кісілердің ерекшеліктері үш сипатта топтасады:

  1. Дұрыс ақида (әһлу сунна ақидасы).
  2. Алланың құлдарымен жақсы қарым-қатынаста болушылық (міскіндерге көмек, ғаріптердің қасынан таба білу, әділетсіздікке қарсы тұру, уәдесінде тұру, кісінің ала жібін аттамау т.б.).
  3. Нәпсі тәрбиесі (немесе рух тазалығы). 

Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бір кісі: «Алланың әулие құлдары қандай болады?» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Олар сондай кісілер, оларды кім көрсе, Алла Тағаланы естеріне алады» деп жауап береді. (Табәри).

Барлық таңғажайып құбылыстарды қазақша «керемет» деп атасақ, кереметтер кісіге қарай бірнеше түрге бөлінеді екен, яғни, бұл дегеніміз: әлдебіреуден көрінген таңғажайып құбылыстар, оның Құдайдың досы әулие кісі екендігін білдіре бермейді екен, шайтан да таңғажайып құбылыстарды көрсете алады, алайда ол әулие емес. Демек, кереметтер де адамына қарай әртүрлі болып келеді, ендеше кереметтер де адамына қарай келесідегідей түрлерге бөлінеді:

1) Мұғжиза. Пайғамбарларға тән таңғажайып құбылыс. Алла Тағаланың өзі жіберген пайғамбарының пайғамбарлығының ақиқаттылығын адамдарға көрсету үшін оның (пайғамбарының) қолымен көрсеткен таңғажайып құбылыс. Мұғжизаларды Алланың қалауымен тек Пайғамбарлар көрсете алады. Оны басқа ешкім қайталай алмайды. Мысалы, Мұса пайғамбардың (ғ.с.) аса таяғының шынайы түрде жыланға айналуы, Мұхаммед пайғамбардың аспандағы айды екіге жаруы т.б.

2) Керемет (الكرامة). Керемет -пайғамбар болып есептелмейтін, бірақ тақуа, дін тағылымынан ауытқымайтын салиқалы әулие кісілерден көрілетін таңғажайып құбылыс. Керемет көрсетуі мүміннің әулие екендігінің белгісі.

3) Ирһәсат (الارهاصات). Пайғамбарлардың бойларында пайғамбарлық қасиеті келмей тұрғанда көрілген таңғажайып құбылыстар, бұл олардың болашақта болатын пайғамбарлық ерекшелігінің іргесін қуаттау үшін беріледі. Мысалы, Иса пайғамбардың құндақтағы жасында сөйлеуі, Әзіреті Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) төбесінен әрдайым бір бұлттың еріп жүруі кереметтің осы түріне мысал бола алады.

4) Мәъунәт. (المعونة). Әлдебір мүмінге жәрдем ету үшін Алла Тағаланың жаратқан әдеттен тыс жағдайлар. Бұл күнәсінан сауабы көп, қолдан келгенше Аллаға жақын болуға тырысып бағатын, жүріс-тұрысы жақсы, мінез-құлығы дұрыс адал мүмін-мұсылмандарда көрілетін таң қаларлық халдер. Мысалы, тікелей келген қауіп-қатерден қасқағым сәтте аман қалуы, басқа түскен қиыншылықтардан тез әрі оңай құтылуы, жазылмайды деген аурудан айығып кетуі т.б. осы сияқты таңғаларлық құбылыстар. Бұлар Алла Тағаланың пенделеріне сыйлаған сыйлығы, төккен мейірімі және көрсеткен жәрдемі болып табылады.

5) Иһәнә (الإهانة). Өзін құдаймын немесе пайғамбармын деп әйгілеген жалғаншының ол уәжін өтірікке шығарар таңғажайып бір құбылыстың көрінуін «әл-Иһәнә» деп атайды. Басқаша айтқанда: күпірлігімен және күнәһарлығымен танымал біреудің қалауына қайшы туындаған таңғажайып іс. Мысалы, өзін соңғы пайғамбармын деп әйгілеген Мүсәйләмәтуль Кәззәб есімді адам өзінің пайғамбарлығын дәлелдеу үшін муғжиза көрсеткісі келеді де, құдықтағы суды көбейтемін деп құдыққа түкіреді, алайда құдық суының артқаны былай тұрсын, бар суының өзі тыртылып кетеді. Осылайша, Алла Тағала жалғаншының жалғандығын әшкере ету мақсатында және оны елдің алдында масқара ету үшін оның ойындағысының терісіне бір керемет жаратқан еді.

6) Истидрәж. Кәпір адамның көрсеткен таңғажайып құбылысы. Мысалы, шайтан малғұнның адамның бейнесінде көріне алуы, бір мезетте ғарышға ұшып, біре меззетте жердің арғы бұрышында бола білуі осыған мысал. Истидраждың тағы бір анықтамасы: азғын, кәпір адамның азғындығын арттырып, күпірлік батпағына батқан сайын Алла Тағаланың оған осы дүниеде нығмет есігін ашып, оны осы дүниеде уақытша дәрежесін көтеріп қоюы. Мұндай кісілер бұл жетістіктерін өзінен деп біліп, Құдайын ұмытады, Оған шүкір етудің орнына тәкәппарлығы мен азғындығы арта түседі. Белгілі уақыттан соң Алла Тағала күтпеген жерден оның жанын алып, ақыретте қатты азапқа душар етеді. Мысалы, өзін Құдаймын деп әйгілеген Перғауынның 400 жылдық өмірінде бірде-бір рет ауырмауы, залым Нәмрут патшаның ұзақ жылдар бойы жер бетінде патшалық құрып, көздегеніне қол жеткізіп отыруы осы истидражға мысал бола алады. Бұлар қамшының сабындай қысқа өмірде салтанат құрып, халқын жаншып, тәкәппарлана шалқып өмір сүріп келді, алайда уақыттары келгенде қасқағым сәтте Алла жандарын алып, осылайша мәңгі тозаққа түсті. Демек, бұ дүниедегі байлық пен жетістік, дәреже мен мансап әрдайым Алла Тағаланың мейірімінің нышаны бола бермейді екен. 

Уа ахиру даъуәнә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!

 

 

 

0 пікір