Жындар әлемі жайында
Жындар әлемі жайында
3 жыл бұрын 18688
Дайындаған Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

«Жын» сөзі араб тіліндегі «көзге көрінбейтін», «жасырылған» деген мағынадағы «жәннә» етістігінен туындаған. Жындар адамдарға көрінбейтін,  адамдар үшін құпияға толы жаратылыстар болғандықтан, оларға «жын» деген атау берілген.

«Шайтан» деп кімге айтылады? Шайтан деп, «асау», «жауыз», «азғын», «қарсы келуші» жындарға айтылады. Ібіліске де "шайтан" атауының қолдануының себебі сол. Ауыз екі тілде «шайтан» деп адамға да, жындарға да, тіпті хайуандарға да қолданылуы мүмкін. Алайда "шайтан" дегенде, ойға Ібіліс малғұн келетіні анық, оған бұл атау Раббымызға қарсы келіп, Оның әміріне теріс әрекет еткені үшін тағылған. Және де Аллаға қарсы келуші жындарға да «шайтан» атауы беріледі және олар Ібіліс малғұнның балалары болып есептеледі. 

Ибн Абдульбирр (рахимаһуллаһ) жындардың атауларын былайша айтып өтеді:

«Кәләмшылар мен тілші ғалымдар жындарды түрлі деңгейлерге бөледі: Таза жынға олар «Жинний» сөзін қолданған. Ал адамдармен бірге тұратындарды олар «Ъамир» (көпше түрі «Ъаммәр») деп атаған. Жас сәбилерге тиетіндерді «Әруах» деп атаған. Азғын, жауыз жындарды (арабтар) «шайтан» дейді. Тым азғындарын «Мәрид» деп атаған. Одан да азғындарын және күштісін «Ифрит» деп атаған».

Жындар жайында қасиетті Құранның бірнеше аяттарында баяндалады. Құранда арнайы «Жын» сүресі де бар. Одан бөлек, сахих хадистерде де жындар жайында жетерліктей сөз етілген. Сондықтан да, мұсылман жұртшылығы «жын» деп аталатын тылсым бір әлемнің барын жоққа шығармайды. Олар жайында тек біздің дінде ғана айтылмайды, христиан, йәһуди діндерінде де жындарға қатысты сенім бар. 

Жындардың жаратылысы

Алла Тағала жындарды адам баласынан бұрын жаратқан[1]. Құранның бір аятында жындарды "қарушы оттан" жаратқандығы айтылса[2], басқа бір аятта жындардың "түтінсіз оттың жалынынан" жаратылғандары білдірілген[3]. Сондықтан да, олар - оттың жалыны сияқты жеңіл, үлпілдек, әрі көзге көрінбейтіндей мөлдір. Ал адам баласы топырақтан жаратылғандықтан, ол салмақты әрі тығыз денеге ие.

Жындардың түрлері

Жындар да еркек және әйел болып бөлінеді[4]. Жындар да адамдар сияқты ішіп, жейді. Уақыты келгенде ажалы жетіп өледі. Дегенмен, олардың арасында мүлдем ішіп, жемейтін, үйленбейтін, тіпті өлмейтіндері де бар ұқсайды. Деректерге қарағанда, Уәһб ибн Мүнәббәһ (рахимаһуллаһ) жындар жайында сұраған адамға:

«Олар әр түрге бөлінеді. Таза жындардың өзі – жел тәрізді. Ондайлар ішпейді, жемейді, өлмейді, үйленіп көбеймейді. Бірақ жындардың арасында ішіп, жейтін, үйленіп, көбейетін және соңында ажалы жетіп өлетіндері де бар...» -

- деп жауап берген[5].

Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жындар қауымын үш топқа бөлген:

  1. Ауада ұшып жүретін қанатты жындар,
  2. Жылан, ит, шаян т.б. жын-жыбыр түріндегі жындар,
  3. Адамдар сияқты ішіп, жейтін, үйленетін, ұрпақ көбейтетін жындар. Осы үшінші топтағылар дін бұйрықтарын орындауға міндетті болғандар[6]. Басқа бір риуаятта бұл үшіншісіне «көшіп, қонып жүретін жындар тобы» деп сипаттама берген[7].  

Құрылысшы жындар және Мысыр пирамидаларының құрылысы

Сондай-ақ, Құран аяттарында жындардың арасында құрылысшы және суға сүңгуіші жындар тобының бары жайында да сөз етілген[8]. Тәпсірлерге қарағанда Алла Тағала Сүлеймен пайғамбарға құрылысшы жындарды бағындырып, олар оған адам баласының шамасы жетпейтін үлкен-үлкен ғимараттар тұрғызған. Сондай-ақ, олар теңіздің түбінен неше түрлі жер бетінде теңдесі жоқ сұлу інжу-маржандар мен түрлі асыл тастарды алып шығатын болған[9].

Мәселен, Мысыр жеріндегі пирамидалардың құрылысының сырын әлі күнге дейін ешкім дөп басып айта алмайды. Қазіргі ғалымдар сондай алып ғимаратты сол заманғы мүмкіндіктермен тұрғызудың ақылға сиымсыздығын айтып, таңдай қағысады. Екі тонналық тас блогтарын тасымалдау мүмкін шығар, бірақ 40 тонналық, 70 тонналық, 90 тонналық, тіпті 200 тонналық (Менкаура пирамидасында, Мысыр) тас блоктарын қалай тасымалдаған, сол жөні әлі күнге дейін ғалымдарға түсініксіз. Кім біледі, оны да Құранда айтылған «құрылысшы» жындар соққан болар. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Өйткені, қазіргі Палестинадағы Сүлеймен пайғамбар соқтырған мешіттің орнындағы "әл-Ақса" мешітінің оңтүстік-батыс жағындағы б.з.д-гі уақыттан қалған "әл-Бурак" қабырғасының (еврейлер ол қабырғаны "көз жасы қабырғасы" деп атайды, орысшасы "стена плача") жертөлесінде өте үлкен тас блоктары табылған (каменный блок), ондағы ең үлкен тас блогының ұзындығы - 13,55 метр, биіктігі - 3 метр, ені - 3,3 метр, ал салмағы - 250—300 тоннаға жетеді екен. Бұндай тас блоктары Мысыр жеріндегі "Менкаура" пирамидасында да кездеседі. Ал енді Сүлеймен пайғамбардың мешітін жындар соққан десек, оның батысындағы қабырғадағы алып тасты жындар қойған деуге негіз бар. Бұл болса, өз кезегінде Мысыр пирамидаларының құрылысына да жындардың қатысы бар болуы мүмкін деген ойға алып келеді. Анығы Алла Тағалаға мәлім. 

Жындар да мұсылман дініне сенулері керек

Жындар да адамдар сияқты діннің әміріне бұйсұнуға міндетті. Құранда Алла Тағала "адам мен жындарды өзіне құлшылық етсін деп жараттым" деген[10]. Ал Алланың әміріне қарсы келіп, Ібілістің жолына түскендері о дүниеде тозақта жанатындығын айтқан[11]. Сондықтан да, жындардың арасында да мұсылмандары бар, кәпірлері бар, тіпті христиан, йаһуди, буддизм т.б. Исламнан басқа дінді місе тұтатындары да кездеседі. Олар да адамдар сияқты түрлі-түрлі жолдарды ұстанады, түрлі тайпалар мен қауымдарға бөлінеді[12].

Адамға бекітілген жын

Бұлармен қатар, адамға бекітілген жынның түрін де айтпай кетуге болмайды. Ондай жынды «қарин» дейді. Қариндер адам баласын іштей жамандыққа үгіттеп, түрлі күнә істерге итермелеп тұрады екен. Сондықтан да, қандай да бір жаман ой туындап, азғырынды пікір пайда болса, «әғузуді» айтуды кеңес еткен Пайғамбарымыз (с.а.у.)[13].

Жындардың мүмкіндіктері

Алла Тағала жындарға қас-қағым сәтте жердің бір ұшынан, екінші ұшына барып келетіндей құдірет берген. Олар адам баласының сан ғасырдан кейін ғана бағындыра алған ғарышқа, жындар күнде ұшып барып келе алатындай қасиетке, о бастан ие[14]. Әріберіденсоң, адам баласы тек айға ғана аяқ баса алған болса, жындар күн системасынан әріге де бара алуы мүмкін.

Сондай-ақ, жындардың адам баласының ішінде жүріп, оны азғыра алу қасиет берілген. Бірақ жын-шайтандар адам баласын күштеп жаман жолға түсіре алмайды, тек азғыру арқылы теріс жолға түсіруге тырысады[15]. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір сахих хадисінде шайтандардың адамның қан тамырымен жүретіндіктерін хабар берген.

Жындар адамның денесіне кіре ме?

Бұған жауап ретінде Имам Ахмедтің сөзін келтірелік. Бір кісілер Имам Ахмедке: «Жындар адамның денесіне кірмейді» дейтіндер бар, соған не дейсіз? – деп сұрайды. Сонда Имам Ахмет: «Олар өтірік айтады. Оның аузымен олай деп айтып тұрған да сол жынның өзі», - деген екен.

Сиқыршылар мен тәуіптер, бақсылар мен палшылар кәпір жындардың көмегіне жүгінеді. Кәпір жындар белгілі бір талапта оларға көмектесіп, сиқыршылардың айтқан адамына кіреді. Мысалы, дуа жасайтын сиқыршылар біреуді дуалайтын кезде жынды жібереді. Жын оның белгілі бір жеріне кіріп орнығады да сол жеріне зақым тигізеді. Ол жер - адамның миы болуы мүмкін, жүйке жүйесі болуы мүмкін, жүрек, бауыр сияқты ішкі ағзаларына орналасуы мүмкін, тіпті әйелдердің жатырына отырып алып, бойға бала бітірмей қоятын кездері де кездеседі, және де, еркектердің беліне кіріп алу оқиғасы да орын алып жатады. Әртүрлі дуа мен сиқырларға қарсы Алла елшісі (с.а.у.) «Фалақ» пен «Нас» сүрелерін оқып жүруді кеңес еткен. Бұл қос сүре - сиқыр мен дуаға қалқан.

Жындар түрлі бейнеге ене ме?

Жындар түрлі бейнеге ене алады. Мысалы, түйенің бейнесіне, есектің бейнесіне, қой, ешкінің бейнесіне енуі мүмкін. Тіпті танитын бір адамның бейнесінде де көрінуі ғажап емес. Деректерге қарағанда, шайтан бір кезінде құрайш мүшріктеріне «Шейх Нәжди» есімді кісінің бейнесінде көрінгендігі мәліметтерде айтылады. Тағы бірде ол оларға «Сүрақа ибн Мәликтің» бейнесінде көрінген екен. Мысалы, сахаба Әбу Һурайраға шайтан пақыр бір адамның бейнесінде көрініп, садақа азық-түлігінен алғандығы «Сахих Бұхариде» келтіріледі.

Сондай-ақ, қап-қара иттің бейнесінде және қап-қара мысықтың бейнесінде де көрінуі мүмкін. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Қара ит, ол – шайтан» деген сөзі бар.

Жындар әлемі - тылсым, құпия әлем. Олардың әлеміне терең бойлап, тұрмыс-тіршіліктерімен етене таныс болу мүмкін емес. Аят-хадистерде айтылған мәліметтер мен ғұламалардың жеткізген ақпараттардан таныс болғанымыз болмаса, жалпы жындар әлемі біздер үшін белгісіз ғайыпқа толы әлем. Әйтсе де, "жындар әлемі" дейтін бейнебір тылсым әлемнің бары анық. 

Жын-шайтандарға қарсы оқылатын дұғалар

Сөзіміздің соңын жын-шайтандарға қарсы оқылатын кейбір дұғалармен аяқтайық:

«Әғузу бикәлима́тиЛла́һит тә́ммә́ти мин кулли шайта́нин уә һә́ммәтин, уә мин Кулли айниль Лә́ммә». (Бұл дұғаны өзгеге оқығанда "Уғизукә..." деп бастайды).

«Лә хәулә уә лә қууәтә иллә билләһиль Алииль Азим».

«Лә иләһә иллаллаһу уәхдәһу лә шәрикәләһ. Ләһуль мүлку уә ләһуль хамду юхи уә юмит. Уә һуә хайюль лә ямут. Биәдиһиль хойру. Уәһуа аля күлли шәй-ин қодир».

«Әъузу бикәлимәәтилләәһит тәәммәәти мин шәрри мә холәқ. Әлләтии лә южәуизуһуннә биррун уә лә фәәжирун мин шәрри мә янзилу минәс сәмәә-и уә мәә яъружу фиһәә. Уә мин шәрри мәә бәссә филь-Ардый уә мә яхружу минһә. Уә мин шәрриль ләйли уән нәһәәри. Уә мин шәрри күлли тоориқин, Илләә ториқон ятруқу бихойрин, Йә Рахмәну!» 


[1] Құран Кәрім: «Кәһф» сүресі, 50 аят.
[2] «Хижр» сүресі, 27 аят.
[3] «Рахман» сүресі, 15 аят.
[4] «Жын» сүресі, 6 аят.
[5] Тәфсиру Табари. Хижр сүресі, 27 аят тәпсірі.
[6] Ибн Хаббан, Әбу Дәрдадан риуаят еткен хадис.
[7] Имам Табарани, әлХәким, Ибн Хаббан риуаят еткен.
[8] «Сод» сүресі, 37 аят.
[9] Ибн Кәсир, «Сод» сүресінің 37 аятының тәпсірі.
[10] «Зүррият» сүресі, 56 аят.
[11] «Жын» сүресі, 15 аят. 16 аят.
[12] «Жын» сүресі, 11 аят.
[13] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім»; Имам Тирмизи: «Сүнән».
[14] «Жын» сүресі, 9-8 аят.
[15] «Ибраһим» сүресі, 22 аят.

0 пікір