Жүректің ең үлкен жазасы - кісінің жазаланғанын сезбеуі. Оның ең ауыры - жазаны керектірер күнә істі істеген кезде өкінудің орнына, көңілді болуы. Мысалы, харам табысқақуануы немесе күнә істі істеуге мүмкіндігі туғанда қуануы (жүректің жазаларынан). Керісінше діннің бір бұйрығын орындаған кезде ішкі жан дүниесі олай қуанбайды.
Мен ғалымдардың және дүниеден баз кесуші боп көрінген сопылардың көбінің хал-ахуалдарын, әрі ішкі жан дүниелерін зерделеп қарадым. Олардың көбінің әлгіндей өздері сезбейтін «жүрек жазаларына» тап болғандықтарын көрдім. Жүрек жазаларының көбісі оларда «бас болу» ынтығынан туындаған.
Олардың ғалым дегендерінің қателіктерін айтсаң, ашуланады, уағызшылары уағыздарында жасандылық танытады, ал тақуа сопылары - екі жүзді немесе риакар.
Олардың ең әуелгі рухани жазалары - адамдарға алданып (адамдардың қошаметіне алданып) хақтан алыстаулары.
Сондай-ақ, жасырын жазалары - мінәжаттың дәмін сезуден қалулары және құлшылықтың ләззатынан махрұм болулары.
Әйтсе де, ішкі жан дүниелері мен сыртқы харекеттері бірдей, ішкі жан дүниелері сырттарынан да пәк мүмін ер адамдар мен мүмін әйел адамдар да жоқ емес. Алла Тағала солар себепті жер бетін бәледен сақтауда.
Олардың іштері сырттарынан таза. Олардың көздеген мақсаттары «Сурәйя» жұлдызында (жұлдыздар плеядасы), тіпті одан да биіктерде.
Олар атағы шығып таныла бастаса, тарыздарын өзгертіп, танылмайтын күйге оранады. Егер біреуінен керемет таңғажайып іс байқалса, оны жоққа шығарады (танылуды қаламайды),адамдар ақыреттен ғапыл күйде жүрсе, олар сусыз жерде табандарынан таусылуда (яғни, пейішке апарар тура жолда ыстығы мен суығына төзіп келеді). Оларды жер жақсы көреді, көктегі періштелер оларға қуанады. Алла Тағала біздерді де солардың қатарларынан еткей!1
1Ибн Жәузи: «Сойдуль Хауатыйр». Араб тілінде.
Қазақшалаған А. Қасым