Жұмаққа кім бірінші кіреді?
Жұмаққа кім бірінші кіреді?
2 жыл бұрын 3248

Жұмаққа ең бірінші кіретін адам, ол - Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бүкіл пайғамбарлардан бұрын кіреді және Оның үмбеті бұрынғы пайғамбарлардың үмбеттерінен бұрын кіреді. «Пейіштің есігін ең бірінші қағатын кісі мен боламын» - дейді Пайғамбарымыз бір сөзінде (с.а.у.). («Сахих Мүслім»). Тағы бір сөзінде: «Мен жұмақтың есігіне келіп, ашылуын сұраймын. Сонда жұмақтың сақшысы: «Кім бұл?» - деп сұрайды. Мен: «Мұхаммедпін» - деймін. Ол: «Сенен бұрын ешкімге ашпауға бұйырылдым» - дейді» - деген.

Басқа бір хадисте: «Пейіш - мен кірмейінше барлық пайғамбарға харам болады. Пейіш - менің үмбетім кірмейінше барлық басқа үмбеттерге харам болады» - деген. Яғни, Қиямет күні Мұхаммед пайғамбардан бұрын ешқандай пайғамбар пейішке кірмейді және Оның үмбетінен бұрын ешкім пейішке кірмейді деп отыр.

Мұсылман үмбетінің ішінен бірінші пейішке кіретін кісі Әзіреті Әбу Бәкір болады. Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Маған Жебірейіл періште келді де қолымнан ұстап, менің үмбетім кіретін пейіштің есігін көрсетті» - дейді. Сонда Әзіреті Әбу Бәкір (р.а.): «Уа, Расулаллаһ! Мен де Сіздің қасыңызда болып, сол есікке бір қарағым келеді» - деп арманын жеткізеді. Сонда Алла елшісі оған: «Уа, Әбу Бәкір, сен онсыз да үмбетімнің ішінен бірінші болып пейішке кіресің» - деген екен. (Әбу Дәуід, "Сүнән").

Мұхаммед үмбеті ішінен пейішке бірінші кіретіндер, олар - шейіттер, Раббысына бойсұнуын тоқтатпаған құл және отбасылы арлы пақыр. Бұл жайында Алла елшісі былай деген: «Маған үмбетімнің ішінен пейішке ең бірінші кіретін үш топ және тозаққа ең бірінші боп кіретін үш топ көрсетілді. Пейішке ең әуелі кіретін топтар, олар: шейіттер, құлдығы Аллаға бойсұнуға кедергі болмаған құл және отбасысы бар арлы кедей. Ал тозаққа ең әуелі кіретін үш топ, олар: залым, әділетсіз басшы, Алланың ақысын бермейтін (зекет бермейтін) бай және тәкәппар кедей». (Ибн Әби Шәйбә, «әл-Мусаннаф).

Басқа бір сөзінде пейіш пен тозақтың тұрғындары жайында Алла елшісі айта келе былай деген: «(Исра түні) Пейішке ұңілгенімде пейіштің тұрғындарының көбі кедейлер екенін көрдім және тозаққа ұңілгенімде ондағы тұрғындардың көбі байлар мен әйелдер екенін көрдім» - деген. (Имам Ахмед, «Мүснәд»).

Пейішке бірінші кіретіндердің бірі - кеңшілікте де, таршылықта да Аллаға шүкірін ұмытпаған пенде болмақ. Бұған байланысты хадисте: «Бұл дүниеде кеңшілікте де, таршылықта да (жақсылықта да, жамандықта да) «әлхамдулилләһ» деп Аллаға мақтау айтатындар, қиямет күні Пейішке ең бірінші шақырылады» - делінген. (әл-Хәким, әл-Бәйһақи)1.

Алла Тағала баршамызды пейіш жұртшылығынан етсін! 


1Ибн Кәсир: «әл-Бидая уән-Ниһая», 20/410.

Дайындаған Мұса Жамал

 

0 пікір