Алла Тағала жер бетіне келіп-кететін күллі тіршілік атаулының тағдырын әуелде Ләуһу Махфузда жазып қойған. Ләуһу Махфуз негізгі ана кітап болғандықтан Аллаһтың одан басқа «Ләуһу Маху», «Лауһу Исбат» есімді тағдыр кітаптары бар. Міне, осы тағдыр кітаптарында Алла қалағанын өшіріп, қалағанын сол күйінде қалдырады. Сол секілді адам тағдырының өзгеріп, өзгермеуі де Алланың қалауында. Аятта да бұл жөнінде: «Алла қалағанын өшіреді, қалағанын қалдырады. Негізгі Кітап (Уммул Китаб) Оның қасында» (13. Рағыд-39) деп ашық айтылған.
Алла қаласа пендесінің тағдырын немесе қазасын өзгертуі мүмкін. Дегенмен бұл мәселеде пенденің ниеті мен іс-әрекеті негізгі рөл ойнайтындығын мына хадистен аңғаруға болады.
Бір күні Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) құлайын деп тұрған үйдің қасынан өтіп бара жатып, жылдам жүреді. Сонда қасындағы сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Алланың қазасынан қашып барасыз ба?» – деп сұрағанда, Хазіреті Пайғамбарымыз: «Алланың қазасынан Алланың тағдырына (қадарына) сыйынамын», - деп жауап береді.
Хазіреті Омар (р.а.) хижри 18-жылы Шамға бармақ болып сапарға шығады. Жол жүріп келе жатып Сәрғ атты елді мекенге жеткенде Шамда оба ауруының шыққанын естіп, кері қайтпақ болады. Сонда Шам қолбасшысы Хазіреті Әбу Убайда ибн әл-Жәррах: «Уа, Мүминдердің әміршісі! Алланың тағдырынан қашпақсыз ба?» - дегенде, Хазіреті Омар оған: «Ей, Әбу Убайда! Әттең, бұл сөзді сенен басқа жан айтқанда ғой! Иә, Алланың тағдырынан қайтып, Алланың тағдырына қашып барамыз. Тағдырға не жазылғанын бір Алла біледі. Мәселен, сенің жайылымға шыққан түйелерің, бір жағы тақыр, оттығы жұтаң, бір жағы шалғынды сайға түсті делік. Сен түйелеріңді шалғынды, шайырлы жотаға жайып тойдырсаң да, немесе тақыр, шөпсіз жотаға жайып, аш қалдырсаң да, Алланың тағдырына сәйкес әрекет еткен болмайсың ба?», - деп қисынды жауап береді.
Хазіреті Абдуррахман ибн Ауф бұл мәселеге қатысты мынадай хадис айтады: «Бір жерден оба шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер сендердің тұрып жатқан жерлеріңде оба ауруы шықса, онда ол жерден шықпаңдар» (Бухари риуаяты).
Хазіреті Омардың ұсынысына Хазіреті Әбу Убайда ибн әл-Жәррах құлақ аспай тағдырда жазғанын көрермін деген ниетпен Шамға кетеді. Кейіннен Хазіреті Әбу Убайда және өзге де беделді сахабалардың осы оба ауруынан шәхит болған хабары Мәдинаға жетеді. Хижри 18-жылы Шам өлкесінде шыққан осы «Амуас обасынан» 25 мың адам өледі.
Хазіреті Омар тағдырдың өзгеруі үшін Аллаға үнемі дұға еткендігі белгілі. Ардақты сахаба былай деп дұға ететін: «Аллаһым! Егер есімімді шақилардың (жамандар, тозақтықтар) арасында жазған болсаң, атымды ол жерден өшір. Егер саидтардың (бақыттылар, жәннәттықтар) арасында жазған болсаң сол жерде берік қыл. Өйткені Сен «Алла қалағанын өшіреді, қалағанын қалдырады. Негізгі Кітап (Уммул Китаб) Оның қасында» (13. Рағыд – 39), деп айттың. Сенің бұл сөзің хақ» (С.Вехби, Мәжмуатул-Маариф, Коня 1327, 123 бет).