Исламдағы «тәнзиһ» сенімі
Исламдағы «тәнзиһ» сенімі
1 жыл бұрын 2210
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

*«Тәнзиһ» терминінің мағынасы - Құдіреті күшті Алла Тағаланы әртүрлі нұқсандықтан және Оның ұлықтығына лайықты емес, жаратылыстарға тән әртүрлі сипаттан ада екендігіне сену. Тәнзиһ - Алла Тағаланың шексіз кемелдігіне көлеңке түсірер әтүрлі нұқсандықтан Оны пәктеу. Құранда Алла Тағала өзін: «Оған еш нәрсе ұқсамайды»1, «Ешбір нәрсе Оның теңі емес»2 деп танытқан.


Бисмилләһир рахманир рахим 

1) Алла Тағала - бейнесі бар дене емес, сондай-ақ, шектеулі, өлшеулі атом (жауһар) емес.

2) Ол (Алла) ешбір денеге (материяға) өлшеулі болу жөнінен де, бөлшектерге бөлінгіштігі жөнінен де ұқсамайды.

3) Ол - жауһарлардың (атом) орнығар орны емес және Ол - араз (акциденция) емес әрі араздардың да орны емес.

4) Ол ешбір жаратылысқа ұқсамайды және ешбір жаратылыс Оған ұқсамайды.

5) Оған ешнәрсе ұқсас емес, Ол да ешнәрсенің ұқсасы емес.

6) Еш нәрсе оны шектей алмайды.

7) Оны ешбір атырап қамтымайды.

8) Оны тұстар, жерлер және көктер қоршамайды.

9) Ол Аршқа өзі айтқаны секілді және өзі қалаған мағынада «истиуә» етті. Бірақ (Оның) истиуәсы - жанасусыз, орнығусыз, мекендеусіз, енусіз және көшусіз. (Яғни, Алла Құранда өзі айтқандай Аршқа истиуә етті, бірақ ол аршқа жанасу мағынасында емес, сондай-ақ, аршқа орнықты, аршты мекен тұтты, аршқа енді, аршқа көшті деген мағыналарда емес, Алла өзі қалаған мағынада истиуә етті). 

10) Оны Арш көтеріп тұрған жоқ. Керісінше Арш та, Аршты көтеріп тұратын періштелер де Алланың құдірет-күшімен және мейірімімен көтеріліп тұр әрі олар Аллаға бағынышты, жұмса жұдырығында, ашса алақанында.

11) Алла Тағала - арштың да, аспанның да жоғарысында және көктің ең соңғы шегінен, жердің түбіне шейінгі барлық нәрсенің жоғарысында. Алайда, Оның жоғарылығы - арш пен көкке жақындығын немесе жер мен жер түбіне алыстығын арттырмайды (яғни, Алланың жоғарылығы «арақашықтық» мағынасында емес). Оның жоғарылығы - Арштан және аспаннан дәрежесі биік деген ұғымда және жер мен көктен деңгейлі (деген мағынада, яғни, Алланың барлық нәрсенің жоғарысында болуы «зати» емес, мағнауи жоғарылық, бәрінен деңгейі жоғары).

12) Сонымен қатар, Ол барлық жаратылысқа жақын. Құдай Тағала пендесіне күре тамырынан да жақын. Ол барлық нәрсеге куә. Оның жақын болуы - материалды заттың жақындығы сияқты емес әрі Оның заты - денелердің затына (материяға) ұқсамайды.

13) Құдай Тағала - еш нәрсеге енбейді әрі еш нәрсе Оған енбейді. (Яғни, христиандардың "Құдай Исаға енді" дейтіндері секілді Алла ешкімге енбейді, ешкімге құдай болу сипаты берілмейді).

14) Алла Тағала - мекенмен қамтылудан пәк әрі уақытпен шектелуден таза. (яғни, Алланың мекені жоқ әрі Ол уақытқа тәуелді емес). Құдай Тағала уақыт пен орын жаратылмай тұрып бар еді. Ол бұрын қандай болса, қазір де сондай (өзгермейді).

15) Алла Тағала сипаттарымен жаратылыстардан бөлек. Оның ұлы заты өзінен басқасы бола алмайтыны секілді, басқасында да заты болмайды (яғни, басқасына енбейді).

16) Алла Тағала өзгермейді және бір жерден келесі жерге көшпейді.

17) Түрлі жағдайлар мен құбылыстар Алла Тағалада бой көрсетпейді. Аллаға араздар (кейіннен пайда болатын жанама нәрселер) әсер етпейді.

18) Ол ұлы сипаттарымен бірге әзәли (мәңгі). Сипаттары жоқ болып кетпейді, мәңгі.

19) Оның кемел сипаттары кемелденуді қажетсінбейді.

20) Оның бар екендігі ақылмен білінеді (яғни, көзбен көрмегенімізбен, Құдайдың бар екендігін ақылмен білеміз). Пейіште салиқалы пенделеріне нығметін толықтыру үшін оларға ұлы заты көрініп, керім жүзіне қарау бұйырады3. (Яғни, ал пейіште Алла ондағыларға көрінеді, бірақ, кескін-кейіпсіз, еш нәрсеге ұқсамайтын күйі және бағытсыз көрінеді, яғни, оң жақта, сол жақта, үстінде, астында деген сияқты бағытта болмайды). Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


«Шура» сүресі, 11 аят.
«Ықылас» сүресі.
Имам Ғазали, «Ихия улумиддин» - ақида бөлімі. 

Аударып, дайындаған Абдусамат Қасым

0 пікір