Бисмилләһир рахманир рахим
Жүректегі иманның мысалы – бес түрлі қорғаны бар қалаға ұқсайды:
- Бірінші қорғаны – алтыннан.
- Екінші қорғаны – күмістен.
- Үшінші қорғаны – темірден.
- Төртінші қорғаны – күйдірілген қыштан.
- Бесінші қорғаны – саман кірпіштен.
Қала тұрғындары кейіннен санағанда бірінші қамалды, яғни, саман кірпіштен тұрғызылған қамалды табандылықпен және ауызбіршілікпен қорғаса, дұшпан екінші қамалға, яғни, қыштан соғылған қамалға өтем деп үміттенбейді. Ал егер қала жұртшылығы саманнан соғылған қорғанды дұрыс қорғамай, немқұрайлылық танытса, жау одан өтіп, екінші қорғанға – қыштан тұрғызылған қорғанға көз тігеді. Одан соң үшінші қорғанды, кейін төртіншісін, ақырында қорғанның бәрін қиратып тынады.
Тура осы секілді "иманның" да бес түрлі қорғаны бар:
- Біріншісі – яқин. Бұл – жүректің алтын қорғаны.
- Екіншісі – ықылас. Бұл – жүректің күміс қамалы.
- Үшіншісі- парыз амалдарды өтеу. Бұл – жүректің темір қамалы.
- Төртіншісі – сүннеттерді орындау.
- Бесіншісі – әдепті сақтау.
Пенде егер әдепке берік болса, шайтан ол пендеден үмітін үзіп, оның өзге қорғандарына залал тигізе алмайды. Ал қашан әдептеріне немқұрайлы қараса, шайтан алдымен оның сүннеттеріне көз тіге бастайды. Сүннеттерінен кейін парыздарын, одан соң ықыласын құртады, ақырында «яқинын» жояды.
Сондықтан да, адам баласы күнделікті тіршіліктерінің бәрінде әдепті сақтауы тиіс, айталық – дәреттің әдебін, намаздың әдебін, сауда-саттықтың әдебін т.б. әдептерді қорғауы керек.[1]. (Әдеп кетсе, иман кетеді).
Ғибрат
Мұсылман кісі амалдардың әдебіне мән беруі тиіс екен. Әдепті тастаған адам артынан сүннет амалдарын тастайды, одан соң парыз амалдарға селқостық таныта бастайды, соның нәтижесінде ықылас кетеді, ықылас кеткеннен кейін иман әлсірейді. Демек "иманым неге әлсіз?" деген сауалдың жауабы - әдепті тәрк етуде жатыр екен. Діндарлықтың басы - әдеп екен. Пайғамбарымыз да (с.а.у.) бір сөзінде: "Кімнің әдебі болмаса, оның діні болмайды" деп қандай керемет айтқан.
[1] Имам Абдульқадир әл-Гәйләни хазырет: «әл-Ғуния литолибиль хақ». Бірінші кітап.
А. Қасым