Имам Шатыйбидың (р.а.) ақидадағы ұстанымы
Имам Шатыйбидың (р.а.) ақидадағы ұстанымы
7 ай бұрын 1697
Дайындаған Абдусамат Қасым

ХІІІ (13) ғасырда өмір кешкен «Мұсылман Андулусиясынан» шыққан, (Гранада, қазіргі Испания), орта ғасырда туындаған беделді Ислам ғалымдарының бірі - Имам Шатыйби Ибраһим ибн Мұса (рахимаһуллаһ).

Имам Шатыйби (р.а.) «Мақосидуш Шәриға» «шариғат мақсаттары» деген өз алдына ілім саласының негізін қалаушы ғалым.

Жазып қалдырған еңбектерінің арасында ең танымалдылары «Муафақат» және «Иътисам». Әрбірі бірнеше томнан тұратын бұл ауқымды еңбектер күні бүгінге дейін іргелі-негізді еңбек ретінде дін мамандары тарапынан оқылуда.

Имам Шатыйби (р.а.) - Мәлики мәзхабы, Әшғари ақидасында. Сүннит жолындағы беделді ғұламалардың бірі.

Төменде Имам Шатыйбидің ақидадағы кейбір нәзік тақырыптарға қатысты ұстанымы қысқаша баяндалады. 

1. «Ахад хадистердің» дәлел болуы:

Имам Шатыйби бойынша, ахад хадистер (хабаруль уахид) - «бұлтартпас яқини ілім» білдірмейді, «занни ілім» білдіреді, сондықтан да ахад хадистер ақида мәселелеріне дәлел бола алмайды, бірақ егер қосымша Құран аяты сияқты немесе «мүтәуәтр хадис» секілді «көмекші» «қатғи» (бұлтартпас) дәлелдер табылып жатса, ахад хадистер ақида тақырыбына дәлел бола алады, онда да өз бетінше емес, қатғи дәлелдердің аясында қосымша дәлел іспетті саналады. Имам Шатыйбидің бұл ұстанымы - Әшғари және Мәтуриди мәзхабының ұстанымының дәл өзі. Мәтуриди мәзхабында ақида мәселесіне негіз болуы үшін хадистер «мүтәуәтір» немесе «мәшһур» болмағы керек. Бұл - ақидада. Ал амалда, яғни, фиқһта ахад хадистер өз алдына негіз болып табылады. 

2. Тәуил жасау:

Имам Шатыйбидің «мүтәшәбиһат аят пен хадистерді тәуилдеуге» қатысты ұстанымы - Әшғари және Мәтуридидің ұстанымына жақын. Ғалымның пікірінше, тәуил мәселесі - ижтиһәди мәселе. Егер әлдебір мүтәшәбиһ дәлел - айқын қатғи дәлелге кереғар келсе, ол дәлел ретінде қабыл етілмейді, мысалы, дәлелдің беткі мағынасы Алла Тағаланы жаратылғандарға ұқсатып қоюға жетелейтіндей болып жатса, басқа дәлелге қажеттілік туады.

Оның ойынша, беткі мағынасы «тәшбиһке», яғни, Алланы жаратылғандарға ұқсатып қоюға жетелетін мүтәшәбиһ аят пен хадиске қатысты екі түрлі тәсілді қолдануға болады: Бірі - тәфуид, яғни, ешқандай мағына бермей, мағынасын Аллаға қалдыру; Екіншісі - тәуил жасау.

Әшғари және Мәтуриди мәзхабында да осы ұстаным, әрі осы екі ұстаным да дұрыс саналады, тіпті «тәфуид» ұстанымы абзалырақ.

Имам Шатыйбидің пікірінше мүтәшәбиһат аят пен хадиске қатысты «тәуиль» тәсілі де, «тәфуид» тәсілі де сәләф ғалымдарынша қолданылған, өйткені кей дәлелдерде «тәуиль» тәсілін қолдану оңтайлы болмақ, себебі дәлелде айтылған нәрсені өтірікке шығарғаннан гөрі, оны тәуильдеп жорамал жасаған артығырақ дейді ол.

Десе де, мүтәшәбиһ аят пен хадистердегі сөздерге еш мағына бермей, оны сол күйінше ақиқат деп сеніп, мағынасын Аллаға қалдыру, яғни, «тәфуид» тәсілі - ең абзалырағы. Ғалымның бұл ұстанымы Әшғари мен Мәтуриди ғалымдарынша да солай. 

3. Алланың пейіште көріну мәселесі.

Имам Шатыйби бойынша, Әшғари мен Мәтуриди ғалымдарының айтатыныдай, Алла Тағала пейіште көріледі, бірақ тұссыз көрінеді, яғни, төбеде тұрмайды немесе оң жақта, сол жақта, үстіде астында тұрмайды, әрі адамның қарамақарсысында тұрған күйі көрінбейді, Оның пейіште де тұсы болмайды. Ол (Алла) біз қиялдағандай дене емес. Пейіште көрінетіні хақ, бірақ кәйфиеті (көріну сипаты) бізге беймәлім. («Иътисам»). 

4. «Истиуә» мәселесі.

Имам Шатыйбидің ұстанымынша, «Алла аршқа истиуә» етті деген аят мүтәшәбиһат аяттар қатарынан. Ондағы «истиуә» сөзіне сенеміз, оны қабылдаймыз, бірақ оның мағынасына тереңдемейміз. Ол аяттың астарында Алла Тағала нені мақсат етіп тұрғанын білу, зерделеу бізге міндеттелмеген. Имам Шатыйби истиуә мәселесінде алдыңғы буын Әшғари ғалымдарының «тәфуид» тәсілін дұрыс көргенін байқауға болады және Оның бұл сөзі Имам Мәліктің (р.а.): «Истиуәнің (бар екендігі) - мәлім. Қалай екендігі - беймәлім. Оған иман келтіру - уәжіп. Ал, ол жайында сауал қылу – бидғат» деген әйгілі сөзін еске түсіреді. 

5. Алланы жоғарыда деу.

Бұл мәселеде де Имам Шатыйби (рахимаһуллаһ) суннит ғалымдарының көпшілігінің ұстанымын қайталайды. Оның сенімі бойынша, Алланы жоғарыда, төбеде деуге болмайды. Алланың тұсы жоқ. Алла затымен жоғарыда орналасқан деу - бидғат.Бірақ Алланың төбеде деу бидғаты - кісіні кәпір етпейтін бидғат дейді Ол (р.а.). Имам Шатыйби бидғаттарды - кісіні кәпір ететін бидғаттар және кісіні кәпір етпейтін бидғаттар деп бөлген. («Иътисам»).

Бидғат деген, дінде жоқ, діннің іргелі-негізді ереже, қағидаттарына теріс амал.

6. Алланың қолы, жүзі, көзі, Алланың күлуі, дүние аспанына түсуі т.б. Мүтәшиб аят пен хадисте келген сипаттарға қатысты ұстанымы.

Имам Шатыйби Алланың қолы, жүзі, көзі, аяғы деген секілді аят пен хадистерде айтылған мүтәшәбиһат (екі ұдай мағыналы) сөздердің мағынасын қазбаламай, олардың түпкі мәнін Аллаға қалдырған дұрыс деп есептейді, бірақ оларды беткі мағынасында да қабылдауды дұрыс көрмейді. Яғни, сәләфит-уахабистер айтатыныдай: «Алланың да қолы бар, бірақ өзіне лайықты қолы бар, біздің қолға ұқсамайды» деп, ол сөздерді беткі мағынасында қабылдауды Имам Шатыйби «бидғат» деген. Өйткені, аталмыш мүтәшәбиһат сөздерді беткі мағынасында қабылдау - Алланың ағзалары бар дегенге алып келеді. Сондықтан, оларға мүлдем мағына бермей, сол күйінше сену керек, оның мәнін бір Аллаға қалдыру керек дейді.

Имам Шатыйби «иътисам» атты бидғаттарға қатысты жазған іргелі кітабында былай деп өтеді:

«Мұсылман үмбетінің арасында бой көрсеткен Бидғат иелеріне - нұқсандықтардан пәк Аллаға «ағзалар» тән ететін Заһири мәзхабын мысал келтірсе болады, атап айтсақ: көз, аяқ, бет, тұс (төбеде деу) т.б. жаратылыстарға тән етілер нәрселер (яғни, бұларды беткі мағынасында қабыл ету дұрыс емес, оларға сол күйінше сеніп, түпкі мағынасын Аллаға қалдырған жөн)».

 Бұл мәселеде де Имам Шатыйбидің ұстанымы Әшғари мен Мәтуриди ғалымдарының ұстанымына сәйкес екендігін көруге болады.

0 пікір