Имам Нәсәфи (р.а.). Табыс табудың парыз, сүннет және рұқсат болатын кездері
Имам Нәсәфи (р.а.). Табыс табудың парыз, сүннет және рұқсат болатын кездері
10 күн бұрын 1888 islam.kz
Қазақшалаған А. Қасым

Қадария мәзхабының өкілдері айтады: «пендеге кәсіп қылып, нәпақасын іздеу парыз» деп.

ӘҺлу сунна уәл жамағат өкілдері болса былай дейді:

«Егер оның ішер асы бар болса, оған кәсіп қылу (ақша табу) сүннет, рұқсат амал. Ішер асы болмағанымен қолында сатып алар ақшасы болса оған кәсіп қылу рұқсат болмақ. Ал әйел, бала-шағасы бар болса және тарықса, кәсіп қылу (жұмыс істеп ақша табу) парыз болмақ».

Мүтәқашшифә мен Карромия ағымындағылардың пікірі бойынша: Кәсіп қылу - харам, мал-дүние сақтау - харам, себебі, Алла Тағалаға тәуекел ету уәжіп. Алла Тағала былай деген: «Егер иман еткен мүміндер болсаңдар Аллаға тәуекел етіңдер!». («Мәида» сүресі, 32 аят). Олардың айтысына қарағанда, жұмыс істеп нан табу Аллаға тәуекелділікті жоққа шығару болып есептеледі, сондықтан кәсіп қылуға болмайды, Алла Тағала күтпеген жерден өзі ризықтандырып қояды.

Біздің ондай уәжге айтарымыз:

«Аллаға тәуекел ету - парыз екендігі рас, бірақ кәсіп қылу (жұмыс істеу) тәуекел қылуды жоққа шығару емес. Өйткені, тәуәкелділік ол- жүректің сипаты. Ол деген (тәуекел деген) Аллаға сенім арту, одан сескену, оған үміт арту дегенді білдірмек. Ризықты кәсіптен деп білу де күпірлік және адасушылық. Ризықты Алладан деп білу - дін, шариғат.

Бұған дәлел Алла елшісінен жеткен мына бір риуаят, онда Алла елшісі былай деген:

«Кімде-кім отбасының қамы үшін және тіленуден арланып әрі көршісіне аяушылық таныта отырып халал дүние іздесе, ол адам қиямет күні жүзі толған айдай жарқырап келеді. Ал кімде-кім халал дүниені мақтану үшін, бай болу үшін іздесе, қиямет күні Алла Тағаланы оған ашулы болған күйі жолықтырады». (Ибн Әби Шәйбә, Бәйһәқи келтірген).

Кәсіп қылудың тәуекелді жоққа шығармау екендігіне тағы бір дәлел:

«Алла елшісі өзінің жұбайларына бір жылдық ішім-жемін қамдап қоятын». («Сахих Бұхари»).

Бұнымен қатар Алла Тағаланың өзі Құран Кәрімде: «Тапқан табыстарының тазасынан (Алла жолына) жұмсаңдар!» - деп бұйырған. (Бақара сүресі, 267 аят).

Табыс табу харам болғанда Алла Тағала табыстан түскен дүниеден жұмсауды бұйырмас еді. Және де Алла Тағала зекет беруді парыз қылды, егер табыс табу харам болса, зекет беруді неге парыз қылған?

Адал табыс табудың харам емес, халал екендігіне тағы бір дәлел - Пайғамбарлардың бәрі тәуекелшіл болуларымен қатар, кәсіп қылып жұмыс істеген еді. Мысалыға, Адам ғалейһиссәләм егінші болған, Идрис ғалейһиссәләм тігінші болатын, Нух ғалейһиссәләм ағаш ұстасы, Ибраһим ғалейһиссәләм дәнді дақылдардың саудагері, Мұса ғалейһиссәләм Шуғайб ғалейһиссәләмның жалдамашы жұмыскері, Шуғайб ғалейһиссәләм шопан, Мұхаммед пайғамбарымыз ғалейһиссәләм ғази (ардагер, жауынгер) болды, бұған байланысты Алла елшісінен мынадай бір сөз келтіріледі: «Алла Тағала мені қиямет қайымның алдында қылышпен жіберді. Менің ризығымды найзаның көлеңкесіне қойды, маған қарама-қайшы тараптағыны кішірейтіп, қор қылды» деген. (Имам Ахмед, Ибн Әби Шәйбә келтірген мүрсәл, мәуқуф хадис, әлсіз риуаят).

Бұл келтірген риуаяттардың бәрі жұмыс істеп, табыс табудың харам емес екендігін көрсетеді!1 


1Мәтуриди ғалымы Имам Нәсәфи рахимаһуллаһ, «Бәхруль Кәләм». 190 бет.

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: