Ұлы ойшыл Имам Ғазали (рахимаһуллаһ) өзінің «Құран жауһарлары» (Жауаһируль Құран) атты кітабында бұл сұраққа терең әрі мағыналы түрде былайша жауап жазған, аударып оқырмандармен бөліскенді жөн көрдік:
«Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Құл һуаллаһу ахад (Ықылас сүресі) Құранның үштен біріне тең» деген хадисіне келсек, сен мұның мәнін түсіне алмай жүрген шығарсың.
Кейде сен: «Бұл сөз адамдарды Құран оқуға қызықтыру үшін айтылған, әйтпесе нақты өлшем емес» деп ойлайсың. Бірақ пайғамбарлық мәртебе мұндай (негізсіз) сөз айтудан тым биік. Тағы бірде: «Мұны ақылмен түсіну де, жору да қиын. Құранда алты мыңнан астам аят бар, сонда осы бір кішкентай сүре қалайша соның бәрінің үштен бірі болмақ?» — деп таңырқайсың.
Бұлай ойлауың — Құран ақиқаттарын жете білмегендігіңнен және оның тек сыртқы сөздеріне ғана қарауыңнан. Сен Құранның қадірі сөздерінің ұзын-қысқалығына байланысты деп есептейсің. Бұл — алдында тұрған жалғыз асыл тастан гөрі, саны көп тиындарды артық көретін адамның таяз түсінігі іспетті.
Құранның үш негізі
Біліп қой, «Ықылас» сүресі Құранның үштен біріне тең екені — бұлжымас ақиқат. Құранның алдына қойған басты мақсаттарын үш топқа бөлуге болады:
- Алла Тағаланы тану (Мағрифатуллаһ) (Оның сипаттары мен бірлігін білу).
- Ақыретті тану (О дүниедегі есеп-қисап пен мәңгілік өмірді білу).
- Тура жолды (Сиратул мұстақим) тану. (Дұрыс пен бұрысты тану).
Құрандағы барлық білім осы үш негізден тұрады, ал қалған аяттар — осылардың толықтырушысы мен тармақтары.
«Ықылас» сүресінің мәні
«Ықылас» сүресі осы үш негіздің біріншісін, яғни Алланы тану мен Оның таухидын (бірлігін) толық қамтиды. Ол Жаратушыны тегі мен түрі жағынан ұқсасы болудан, ата-ана мен ұрпақтан (негіз бен тармақтан) және теңдесі болудан пәктейді. Ал сүредегі «Әс-Самад» сипаты — бүкіл болмыстың мұқтаждығы тек Соған ғана барып тірелетін, Одан басқа ешбір мақсат-мұрат жоқ дегенді білдіреді.
Иә, бұл сүреде ақырет немесе тура жолдың ережелері туралы айтылмаған. Бірақ Құранның ең басты үш негізінің бірі — Алланы тану болғандықтан, ол Құранның үштен біріне (яғни негізгі мақсаттарының үштен біріне) тең болып саналады. Бұл Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Қажылық дегеніміз — Арафат» деген сөзі сияқты. Яғни, қажылықтың ең басты тірегі — Арафат, ал қалған амалдар соған тән қосымшалар»[1].
[1] Имам Ғазали (рахимаһуллаһ): «Жауаһируль Құран». Он бесінші тарау.