Имам Ғазали: "Арш аятын тура мағынада түсіну қате"
Имам Ғазали: "Арш аятын тура мағынада түсіну қате"
3 жыл бұрын 3281

Алла Тағаланың «Аршқа истия етуші» (мүстәуин) болуының мағынасы[1] – Алла Тағала «истиуә» сөзінен нені мақсат етіп тұрған болса, сол мағынада.

(Алла Тағаланың истиуә сөзіндегі қалаған мағынасы) сондай бір мағына, ол – (Алланың) ұлықтық сипатына қайшы емес және ол кейіннен жаратылған жаратылыстардың белгілері мен пәниліктің (мәңгі еместіктің) белгілерін қамтымайды.

(Алла Тағала қалаған «истиуә» сөзінің мағынасы) ол – Құранда Өзі айтқан «Аспанға истиуә етті» деген аяттағы истиуә сөзінің мағынасының дәл өзі. Алла Субханаһу Тағала Құранда былай дейді: «Кейін аспанға истиуә етті, (ол кезде) аспан бейнебір түтін еді»[2]. Бұл болса (яғни, аспанға истиуә етуі болса), тек бағындыру мен тәуелді ету арқылы болмақ (аспанды мекен ету емес).

(Алла Тағалаға мекен мен тарап беруден бойын аулақ ұстайтын) хақ жолдағылар да, және де (Алла Тағаланы жоғарыда деп Оған тарап беретін) теріс жолдағылар да Құдай Тағаланың Құрандағы «Сендер қай жерде болсаңдар да, Ол Алла сендермен бірге»[3] деген қасиетті сөзіне қатысты бір ауыздан: «Алла Тағала бәрінен хабардар, бәрін біледі» деп тәуил (жорамал) жасауға мәжбүр болған.  

Сондай-ақ, олар (дұрыс жолдағылар мен теріс жолдағылар) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір сөзін, бір ауыздан «құдіреттілік пен қожалыққа» жорамалдаған: «Мүміннің жүрегі – Рахман Алланың саусақтарының екі саусағы арасында»[4].

Және де олар Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір сөзін бір ауыздан «беделдік» пен «қадір тұтушылық» деп жорамалдаған: «Хажаруль әсуад – Алла Тағаланың жер бетіндегі оң қолы»[5].

Егер де, аталмыш аят пен хадистерді жорамалдамай, тура мағынасында қалдырар болса, ақылға сыйымсыз, сандырақ сөз болар еді. (Өйткені, Қағбадаға қара тасты Алланың оң қолы деп тура түсіну – абсурдты, сандырақ сөз. Немесе Алла Тағаланың адамдардың жүректерін саусағына алып алып, ойнап тұрады деп тура түсіну де ақылға сыйымсыз, теріс түсінік, және де Аспанда тұрақтады деп айту да шындыққа жанаспайтын нәрсе, сол себепті кезінде дұрыс бағыттағылар да, теріс бағыттағылар да, аталмыш үш «дерекке» тәуил жасап, оларды мәжәзи-астарлы мағынада жорамалдаған).

Ендеше, «Рахман Алла Аршқа истиуә» етті деген аяттағы «истиуә» сөзін – «орнықты», «мекен тұтты» деп тура мағынасында қалдырар болсақ, ол жағдайда дененің шынайы тұрғыда аршқа жайғасқанын, және де, көлемі жөнінен аршпен тең көлемде немесе одан үлкен яки одан кішірек көлемде болғандығын түсінер едік. Бұл болса, ақылға сыймайтын, абсурдты жағдай. Ал «абсурдқа жетелейтін нәрсе – абсурд саналады».

Имам Ғазали, «Ақида ережелері» (Араб тілінде).
Аударған: А. Қасым 



[1] «Рахман Алла аршқа истиуә етті». Тоһа сүресі, бесінші аят.
[2] Құран Кәрім: «Фуссиләт» сүресі, он бірінші аят.
[3] Құран Кәрім: «Хадид» сүресі, төртінші аят.
[4] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[5] Абдурраззақ: «әл-Мусаннаф».

0 пікір