IX-Х ғасырларда өмір сүрген «суннит» жолының әйгілі ғұламасы, ақидада «Әшғари мәзхабының» негізін қалаушы Әбул Хасан әл-Әшғари (М. 874-936 ж.) өмірінің бастапқы кезеңдерінде сол дәуірде белең алып тұрған «Мұғтәзилия» атты діни-философиялық ағымның белді мүшелерінің бірі-тұғын. Мұғтәзилия бағыты «әуелі ақыл, одан соң нақыл» деген қағиданы ұстанды.
Сенімдерін "Бес негіз" (әл-Усулуль Хамсә) қағидатына негіздеген олар - Құранның жаратылғандығын айтып, Алланың көптеген сипаттарын жоққа шығарды. Онымен қоса, үлкен күнә жасағанды мәңгі тозақта қалады деп сендірді. Қабір азабын өтіріксініп, о дүниеде Пайғамбардың шапағат ететінін қабыл етпеді т.б. осы сияқты аят пен хадистерде келтірілген, әһли сунна уәл жамағат сеніміне теріс түсініктер қалыптастырды.
Қырық жыл бойы мұғтәзилия мәзхабын ту етіп келген Имам Әшғари күндердің бір күнінде ол жолдың теріс жол екендігін аңғарып, мешітке жиналған көпшілікке минберде тұрып өзінің шынайы жолды тапқандығын, мұғтәзилия мәзхабынан бас тартатындығын жария етеді. Имам Әшғаридің мұндай шешімге келуіне ұстазына қойған үш сұрақ түрткі болған.
Бір күні Әбуль Хасан Әшғари өзінің ұстазы Әбу Әли әл-Жүббәиге үш сұрақ қояды:
- Үш туысқан бауырлар хақында не айтар едіңіз: Біріншісі, Аллаға итағат еткен күйі өледі. Екіншісі, Аллаға қарсы келген күйі өледі. Ал, үшіншісі - кішкене күнінде өліп кетеді? – деп сұрайды Имам Әшғари ұстазынан. Сонда ұстазы:
- Біріншісі (Аллаға итағат еткені) – пейіштік. Екіншісі (Аллаға қарсы келгені) – тозақта жазаланады. Үшіншісі (сәби кезінде өлгені) – жазаланбайды да, сауапқа да кеңелмейді, - деп жауап береді.
- Егер үшіншісі (яғни, кішкене күнінде өлгені) Жаратушының алдына барғанда: «Уә Раббым! Менің жанымды неге жастайымнан алдың? Неге үлкейгенімше қоя тұрмадың? Саған иман келтіріп, сенің бұйрықтарыңа бойсұнып, пейішке кірер едім ғой?» - деп айтса ше, Алла Тағала оған қалай жауап берер еді?
- Алла Тағала оған: «Үлкейсең күнә жасайтыныңды, содан тозаққа кіретінінді мен алдын-ала білдім. Сол үшін кішкене күніңде қайтыс болуың сен үшін пайдалы еді» деп жауап берер еді (яғни «әл-Аслах»).
- Ал, егер, екіншісі (Аллаға қарсы келіп өлгені): «Уа, Құдайым! Сен менің балиғатқа толғанда кәпір болатынымды білмедің бе? Неге мені кішкене күнімде өлтірмедің? Сәби күнімде жанымды алып, мені о дүниеде сәби боп өлгендердің мәртебесіне қоюың, тозақта мәңгі жануымнан әлдеқайда игі емес пе? Мен үшін өлім хайырлы бола тұра, неге менің өмір сүруіме жол бердің?» десе, бұған Алла қалай жауап берер еді? – деп сұрайды Имам Әшғари. Ұстазы жауап бере алмай абдырап қалады.
Өйткені, мұғтәзилиттердің «ас-салах уәл-аслах» дейтін іргелі-негізді қағидалары болған. Ол қағида бойынша, Алла Тағала – дана, ол - хикмет иесі. Пенделеріне жаман, пайдасы жоқ нәрселерді жаратуы, немесе істеуі даналығына қайшы. Сол себепті, ол пенделеріне ең жақсысын істеуге мәжбүр. Сондықтан да, кәпір болып өмір сүрген адамды Алла Тағала не кішкене күнінде жанын алуы керек еді, не есі-ауысқан, жынды қылып, солайша жанын алуы керек еді. Кәпір үшін осы - ең жақсысы болмақ аталмыш қағидаға қарағанда. Кішкене сәби мен жындыдан есеп алынбайды о дүниеде. Десе де, шынайы өмірде олай емес екендігі мәлім. Кәпір күйінше өліп жатқан қаншама адам бар. Бұл - мұғтазилиттердің аталмыш «ас-салах уәл-аслах» қағидасымен ұштаспайды. Имам Әшғаридың сауалына ұстазының жауап бере алмағаны сол[1].
Содан кейін, Имам Әшғари және соңынан ілесушілер сол күннен бастап «мұғтәзилия» бағытынан айырылып, Пайғамбар мен сахабалардың салып кеткен сара жолына түседі. Имам Ахмад ибн Ханбәлдің ақида ереже-қағидаттарын негізге алған Имам Әшғари, бұрын өзі жақтаған ағымның қателіктерін әшкере етуге бар күшін салады. Кейін жақтаушылар қатары көбейіп, тәлімдері жүйеленіп, дами түседі. Уақыт өте келе «әл-Әшғария» ақида мектебі пайда болады.
Бүгінде Әшғария ақида мектебі Ислам үмметінің ұстанатын екі үлкен мәзхабтың бірі. Екіншісі, «Мәтуриди» ақида мектебі. Екі мектептің арасындағы кейбір айырмашылықтарды айтпағанда, іргелі сенім негіздемелерде титтей де айырмашылық жоқ деуге болады.
Алла жатқан жерін пейіш етсін!
[1] Имам Алиюль Қари: «Шарху әл-Фиқһил Әкбәр». 220 бет; Имам Ғазали: «әл-Иқтисад филь Иътиқад». 126-127 беттер. Бәйрут-Либия. 2003 ж.
Шәкіртінен бұндай сұрақты күтпеген ұстазы не жауап берерін білмей абдырап қалады[1].