«Әл-Ибәхия» - әр нәрсені мубах (рухсат) санайтын, аяттарға негізсіз тә’уилдер жасап, Ислам дінінің тыйымдарын халалға шығарған және парыз амалдарды жоққа шығарып, нәпсінің ұнатқан нәрселерін мубах дейтін теріс ағымның аты.
Бұл ағым өздерін Исламның бір бөлігі ретінде көрсетуге тырысқанымен, негізінде Ислам дінін іштен құртуды көздеген бөтен пиғылды дін дұшпандарының ойлап тапқан жолы еді. Бұлар өздерінің арасында бірнеше тармақтарға бөлінді. Ибәхия ағымын көбіне Батыйнилер мен шектен шыққан Шииі-Ғұлат ағымдары мақұл көріп, олар өздерінің ұстанымдарының іргесін осы «ибәхиялыққа» құрды.
Ибәхия ағымы Құран аяттарын негізсіз түрде және қалай болса, солай «тә’уил» (жорамал) жасау арқылы, Исламның тыйымдарын өзгертуге тырысты. Олар аят пен хадистердің «заһири», яғни, беткі мағыналарынан бөлек, «батыйни», яғни, ішкі, астарлы мағыналарының да барын көлденең тарта келе, ондағы батыйни мағыналарды да ашып көрсету керек деген сылтаумен, ешқандай ереже-шартсыз, қалай болса солай аят пен хадистердің астарын жорамалдауға кірісті. Осылайша, дін үкімдерін іске асыртпай тастауды көздеді. Мысалы, Құран Кәрімнің «әл-Хижр» сүресіндегі мына аятты алалық:
وَاعْبُدْ رَبَّكَ حَتَّىٰ يَأْتِيَكَ الْيَقِينُ ﴿(٩٩
«Саған «яқин» (өлім) келгенге дейін, Раббыңа құлшылық жаса!»
Кезінде ибәхия-батыйния ағымының өкілдері аталмыш аяттағы «яқин» сөзін: «анық білу», «тә’уилін білу» деп жорамал жасаған. Одан соң, сол жорамалға сүйене отырып: «кісі рухани белгілі бір дәрежеге жеткеннен кейін діни міндеттемелерден босатылады. Ондай адамдар ауыр күнә жасаса да Алла оларды тозаққа салмайды. Олар денемен орындалатын сыртқы құлшылықтардан босатылады. Бұндай адамдардың құлшылығы – «тәфәккур» ғана, яғни, «пікірлеу» ғана болмақ» - деген уәж қалыптастырып, мұндай адасушы пікірді халық арасына жаюға тырысқан.
Бұл – бұл ма, ибәхия ағымының өкілдері әр жеке бастың «меншіктік құқығын» жоққа шығара отырып, кімнің дүниесі болса да оны ала беруге болатындығын айтқан, тіпті біреудің әйелі өзгеге халал деп адасқан.
Бұдан да басқа сұрқия тұжырымдамаларымен көп мұсылмандарды тура жолдан тайдырған ибәхия ағымының кейбір жарықшақтары бүгінде де кездесіп жататындығы жасырын емес.
Төмендегі жазбада Мәтуриди ғұламасы Имам Нәсәфидің «Бахруль Кәләм» атты ақида кітабында келтірген Ибәхия ағымының көзқарастары мен сол көзқарастарға ғалымның берген жауаптарын ықшамдап беріп отырмын.
Имам Мәймун ән-Нәсәфи рахимаһуллаһ айтады:
1. Ибәхия ағымының өкілдеріның айтуынша (Алла оларға лағынет етсін), пенде Аллаға деген махаббаттың шарықтау шегіне жеткен кезде, мойнынан намаз, зекет, қажылық сияқты сыртқы ғибадаттарды орындау міндеті түседі. Одан кейін оның ғибадаты – «тәфәккур» ғана болмақ. Ол өзінің нұрымен көкке көтеріліп, пейішке кіреді де, хор қыздарын құшып, олармен қосылып келе алады-мыс.
Әһли сунна (суннит) жолының өкілдері бұндай сұрқия сенімді күпірлікке балайды. Пайғамбарлардың (ғалейһим сәләм) өздері өздігінен көкке көтеріле алмайтын болып тұрғанда, өзге пенделер қалайша өз беттерінше көтеріле алмақ? Алла Тағала Мұхаммед пайғамбарымыздың (ғалейһиссәләм) көкке көтерілуіне қатысты: «Бір түнде пендесін Мешіт Харамнан, төңірегі берекеге тұнған Месшіт Ақсаға алып келген Алла неткен пәк!» - деген. Иса пайғамбарға қатысты (ғалейһиссәләм): «Алла оны өзіне көтерген...», - дейді. Адам ғалейһиссәләмға қатысты да: «Сен және жұбайың екеуің пейіште тұрыңдар» - деп оларды пейішке орналастырған. Идрис ғалейһиссәләм жайында: «Біз оны биік бір мекенге көтердік» дейді. Ал, енді, пайғамбарлардың өздері Құдай Тағала көтермесе, өздігінен көкке көтеріле алмайтын болса, басқа пенделердің өздігінен қалаған кезде көтеріле алмасы айдан анық.
2. Ибәхиялардың тағы бір айтатыны:
«Алла Тағала әйелдерді және дүние-малды жаратты. Ол екеуі адамдарға халал (нәрсе). Тіпті, кім біреудің дүниесін қажетсінсе, ол барып оны ала береді. Сондай-ақ, кім басқа біреудің әйелін қажетсінсе, барып оны өзіне ала алады. Өйткені, Адам ата мен Хауа ана қайтыс болғаннан кейін, оларға тиесілі барлық нәрсе бәрімізге теңдей мирас ретінде қалды» - дейді олар.
Әһли сунна жолының өкілдері (суннит ғалымдар) оларға жауап ретінде былай дейді:
«Ешкімнің мал-дүниесі өзгеге халал емес, қашан өзі ризалықпен бермейінше. Бұған қатысты Алла Тағала былай деп бұйырған: «Ей, иман еткендер! Өз араларында бір-бірлеріңнің мал-дүниелеріңді жемеңдер. Тек, өзара ризалықпен саудаласып алғандарың болмаса». («Ниса» сүресі, 29 аят). Бұл мәселеге байланысты келтірілген хадистер де баршылық...
3. Ибәхиялардың арасында былай дейтіндері бар:
«Пенде Аллаға деген махаббаттың шарықтау шегіне жетсе, өзгенің әйелі ол үшін халал болмақ. Өйткені, өзгенің әйелдері, олар – раушан гүлі іспетті. Ол оны иіскей алады. Себебі ол Алланың сүйікті пендесі. Әйелдер болса, Алланың қүңдері. Сүйген зат өзінің сүйіктісін қалаған нәрсесінен тыймайды».
Бұған Әһли сунна жолындағы сүннит ғалымдар жауап ретінде былай дейді:
«Кісіге тек некелі әйелі ғана адал. Күңдер меншігіне өтсе және өзіне некелесе халал болады. Ал, өзгеге ол күң қожайыны рұқсат беріп үйлендірсе ғана халал болмақ. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Зина жасаушы әйел мен зина жасаушы еркекке дүре соғыңдар...», - деген. («Нұр» сүресі, 2 аят).
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) Маъиз есімді кісі (р.а.) зина жасағанда, оны тас боран ету жазасына кескен тұғын. Егер, некелі емес әйелмен ойнас жасау адал болғанда, Маъиз (р.а.) тас боран жазасына кесілмес еді.
4. Олардың арасында былай дейтіндер бар:
«Пенде Аллаға деген махаббаттың шарықтау шегіне жетіп, кейін ауыр күнә жасаса, Алла оны ол үшін тозаққа салмайды. Өйткені, тозаққа бір кірген адам, пейіштегілер сияқты қайта шықпайды».
Бұндай сұрқия пікірге айтарымыз:
«Қайсыбір пенде күнә жасаса, мейлі ол әулие болсын, мейлі әулие болмасын, оның жағдайы о дүниеде Алланың қалауында. Алла қаласа, өзінің рахымдылығымен оның күнәсін кешіреді, қаласа, өзінің әділдігімен оны күнәсі себепті жазалайды. Алла Тағала Құранда бұған қатысты: «Алла қалағанын азаптайды, қалаған адамды кешіреді», - деген. («Мәида» сүресі, 40 аят). Алла Тағала мұсылман пендесін күнәсінің мөлшеріне қарай жазалағаннан кейін, оған рахымшылық жасап тозақтан шығарады немесе пайғамбарлардың шапағат етулері себепті тозақтан шығарады...».
5. Олар тағы да былай дейді:
«Пенде Аллаға деген махаббаттың шарықтау шегіне жетсе, мойнынан діни тыйымдар мен бұйрықтарды орындау міндеті түседі. Одан соң, қалаған нәрсесін істеу оған халал болады. Алланың сүйікті пендесіне күпірлік пен өлімді таңдау еркі тұрса, ол өзін өлтіруді таңдайды. Өйткені ол Аллаға деген махаббаттың шегіне жеткен Алланың сүйікті пендесі. Мұнафиқтан басқасының бәрі Алланың сүйікті пендесі», - дейді олар.
Бұған жауап ретінде ӘҺли сунна былай дейді:
«Пенде діни тыйымдар мен бұйрықтардан босатылмайды. Керісінше, пенде Аллаға жақын болған сайын, оның жауапкершілігі де, мүкәлләфияты (діни міндеттемесі) да арта түспек. Мысалы, Мұхаммед пайғамбарымызды (ғалейһиссаләту уә сәлләм) алалық. Ол (с.а.у.) Алланың сүйіктісі әрі таңдаулысы еді. Солай бола тұра, аяғы ісіп кеткенше намаз оқитын. Солай бола тұра, Алла Тағала оған Алланың бұйрықтарын орындауды бұйырды: «Ей, Пайғамбар! Алладан қорық. Кәпірлерге бойсұнба». («Ахзаб», 1). «Түнде тұрып намаз оқы, тек аз бөлігінде дем ал...». («Мүзәммил» сүресі)...
Мысалы, Дәуід пайғамбар «Урия» дейтін әйелге қарап қойғаны үшін, Алла Тағала оны жазалаған еді. (Урия кейін Дәуід пайғамбардың жұбайы болады. Одан Сүлеймен пайғамбар дүниеге келеді).
Айша анамыз айтады: «Пайғамбардың (с.а.у.) отбасы Пайғамбар бақилық болғанға дейін үш күн қатарынан бидай ұнынан жасалған нанды тойып жеген емес...» - дейді. (Пайғамбарымыз (с.а.у.) Алланың сүйікті құлы бола тұра, дүниенің рақатын көрмеген).
Пенде мүмін әрі балиғат жасында бола бергеніше, одан ораза ұстау міндеті мойнынан түспейді. Сол сияқты, намаз, зекет сияқты өзге парыздарды орындау міндеті де мойнынан түспейді. Құранда: «Намаз оқыңдар және зекет беріңдер!» - деп бұйырған. Тек, науқас пен жолаушы адамдар басқа. Оларға ораза айында ішіп-жеуге рұқсат етіледі. Онда да, ораза ұстағандары абзалырақ...
Кімде-кім былай десе: «Аллаға деген махаббаттың шарықтау шегіне жеткен пенде, діни бұйырықтар мен тыйымдардан босатылады, бірақ пайғамбарлар ол екі нәрседен босатылмайды» десе, оның бұл сөзі - әулиелік дәрежесін Пайғамбарлық дәрежесінен биік көретіндігін, әрі әулие кісіні Мұхаммед пайғамбардан (с.а.у.) да абзал деп санайтындығын көрсетеді. Кімде-кім әлдебір әулиені Мұхаммед пайғамбардан абзал десе (ғалейһиссәләм), ол Алланы жоққа шығаратын кәпір болмақ. Олай деушіге тозақтың қатты азабы бар.
"Бәхруль Кәләм".