Хадис тағылымы: «Алланың заты жайында толғанбаңдар!»
Хадис тағылымы: «Алланың заты жайында толғанбаңдар!»
2 ай бұрын 4310
Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Қасиетті Құран Кәрімде жаратылыстарға қарап, ой жүгіртуімізді бұйырады. Өйткені, жаратылыстарға қарап біздер Жаратушы Құдай Тағаланың шеберлігін, оның шексіз күш-құдіретін көреміз. Алайда, Алла Тағаланың заты жайында толғанудан тыйяды. Яғни, Алла қандай? Ол қайда орналасқан? Оның мекені бар ма? Мекені жоқ болса, ол қайда? Оның кұдіретінің шегі бар ма, жоқ па? Алла естуші болса, қаншалықты естуші? Алла Тағала аршта отыр ма? – деген сияқты Алланың Ұлы Затын пікірлеуден тыйяды. Себебі, адам ақылы шектеулі. Адамның ақылы Алланың болмысына, оның құдіретінің мөлшеріне жетуі мүмкін емес.

Құдай Тағаланың болмысы мен заты жайында ақылға келіп-кететін сауалдарға, Құран Кәрімде «Лайсә кәмислиһи шәй-ун» («Оған еш нәрсе ұқсас емес»),  «Алланы еш нәрсеге теңемеңдер...». («Нәхл» сүресі, 74 аят) деп бір-ақ ауыз сөзбен жауап берген. Яғни, Хақ Тағаланы қиялдап, Оны бір нәрсеге ұқсату, оған әлдебір ағзалар танып, оған форма беруге талпыну, Оның мекені бар деу т.б. осы сияқты жаратылыстарға ұқсатудан дініміз тыйып тастаған. Ескілікті Кәләм ғалымдары: «Мә әхтуру бибәлик – Аллаһу ләйсә кәзәлик» деген ереже қалыптастырған болатын. Оның мағынасы: «Алла жайында ойыңа не келсе де, Алла Тағала ондай емес» дегендік.

«Алланы еш нәрсеге теңемеңдер. Негізінде Алла әр нәрсені біледі, сендер білмейсіңдер». («Нәхл» сүресі, 74 аят). 

Аят-и кәримада Алла Тағаланы бір нәрсеге теңеуден тыйяды. Осындай аяттардан әрекет ете отырып, Әһлу сунна сенімінде Әшғари мен Мәтуриди ғалымдары «тәнзиһ» қағидасын бекіткен еді. Тәнзиһтің мағынасы: Құдіреті күшті Алла Тағаланы әртүрлі нұқсандықтан және Оның ұлықтығына лайықты емес жаратылыстарға тән әртүрлі сипаттан ада екендігіне сену.

Алла Тағаланың затын толғанудың кесірінен тарихта Алланы жаратылыстарға ұқсатып түсіндіретін «мүшәббиһа» және Алла Тағалаға дене-мүше танып, оған форма беретін «мүжәссима» атты теріс ағымдар пайда болды. Алайда, осындай теріс ағымдардың қате сенімдерін терістеп, оның Исламның пәк сеніміне сай еместігін түсіндірген ғалымдардың арқасында мұсылман жұрты теріс дінге кетуден аман қалды. Қазірде де, сол ескілікті ғалымдардың жазып қалдырған еңбектерінің арқасында, бүгінгі күні бой көрсетіп жататын әртүрлі теріс ағымдардың шырмауына түсуден өзімізді қорғай алудамыз.

Ендеше, дініміз Алла Тағаланың заты мен сипаттары жайында ой жүгіртуден тыйяды екен. Оған қатысты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бірнеше хадис жеткен. Сондай хадистердің бірінде былай делінеді:   

 عنِ ابنِ عبَّاسٍ: أنَّه صلَّى اللهُ عليه وسلَّم خرَج على أصحابِه فقال: ما جمَعكم ؟ فقالوا: اجتمَعْنا نذكُرُ ربَّنا ونتفكَّرُ في عظَمتِه، فقال: تفكَّروا في خَلْقِ اللهِ، ولا تفَكَّروا في اللهِ؛ فإنَّكم لن تقدُروا قَدْرَه

«Сахаба Абдулла ибн Аббас (рахимаһуллаһ) былай әңгімелейді: Алла елшісі (с.а.у.) сахабаларына шықты. (Олардың жиналып отырғанына қарап) Сендерді не жинады? – деп сұрады. Олар (р.а.): «Біз жиналып отырып, Раббымызды еске алудамыз және Оның ұлықтығын пікірлеудеміз» деп жауап берді. Сонда Алла елшісі оларға: «Алланың жаратқан жаратылыстарына ой жүгіртіңдер. Алланың өзі жайында ой жүгіртпеңдер. Шынында, сендер оның құдіретінің көлемін өлшей алмайсыңдар» деді» - дейді ардақты сахаба[1].

Имам Ражаб әл-Ханбали (1335-1395 ж, р.а.) былай деген:

«Жаратушы жайында (Оның заты жайында) қатты пікірлеуге болмайды. Пенделер жаратылыстарға қатысты, олар жайында естігендері жайлы ой жүгіртіп, толғануға болады. Одан артығына кетудің қажеті шамалы. Өйткені, егер олар солай істесе (Алланың заты жайында ойланса), адасады»[2].   

Бұл шындық басқа бір хадисте былай айтылған: «Алланың жаратылыстары жайында пікірлеңдер. Бірақ, Алла жайында (оның заты жайында) пікірлемеңдер, құрисыңдар!»[3].

Және бір хадисте Әбу Зәрр әл-Ғифари былай дейді: «Алла елшісі: «Алланың нығметтері жайында пікірлеңдер. Алланың өзі жайында (заты жайында) пікірлемеңдер» деді».[4]

Демек, ақылымыз шегіне жете алмайтын Алла Тағаланың заты жайында терең қиялдап, толғану харам екен. 

Ал бірақ ақылымыз жететін жаратылыстар жайында ой жүгіртіп, пікірлеу, толғану дініміздің бұйрығы: Көк аспан, жұлдыздар, планеталар, қанша галактика бар, қанша жұлдыз бар, басқа планетада тіршілік бар ма, жоқ па, жер айнала ма, әлде бір орында тұра ма, жер домалақ па, әлде тегіс пе, жер атмосферасы қанша қабаттан құралған, көлік сумен жүре ала ма, ол үшін не істеу керек, поездар қаншалықты жылдам жүре алады, ол үшін не істеу керек т.б. осы сияқты пенденің дүние және ақыретіне пайдасы тиер дүниелерді пікірлеп, бас қатырғаны дұрыс екен.

Өйткені, жаратылыстарды зерттеп, табиғат заңдылығына терең бойлаған сайын мұсылман адам, біріншіден - Жаратушы Алла Тағаланың шексіз құдіреті мен теңдесіз шеберлігіне қанық бола түседі. Екіншіден, білімі артып, өзіне және қоғамға пайдасы тиеді. Сол себепті, Алла Тағала Құранның бірнеше аятында аспан мен жерге және оның ішіндегілерге ой жүгіртіп, пікірлеуді бұйырады.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


[1] Имам Асфаһәни: «ал-Ъазама»; Имам Сахауи: «әл-Мақосид»; Имам Суюти: «Жәмиъ».
[2] Ибн Ражаб әл-Ханбали: «Жәмиъуль Ъулум уәл-Хикәм».
[3] Имам Суюти: «Жәмиъ».
[4] Имам Сахауи: «әл-Мақосид»; Имам Суюти: «Жәмиъ».

0 пікір