"Дін ғылымы екі түрге бөлінеді": Имам Бәздәуи (рахимаһуллаһ)
"Дін ғылымы екі түрге бөлінеді": Имам Бәздәуи (рахимаһуллаһ)
15 күн бұрын 954
А. Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Ханафи мәзхабының белді ғұламаларының бірі Фәхрульислам Әбульхасан Али ибн Мұхаммед әл-Бәздәуи рахимаһуллаһ (қайтыс болған жылы 1089 жыл) өзінің "Кәнзуль Усул иләл Маърифәтуль Усуль" атты "Усулуль Фиқһ" кітабының кіріспесінде: "Ілім екі түрге бөлінеді" дейді. Олар келесідегідей:

  1. Таухид пен Алланың сипаттарын тану ілімі.
  2. Шариғат пен дін үкімдерін білу ілімі. 

1) Таухид пен Алланың сипаттарын тану ілімі.

Ілімнің бірінші түрінде негіз, ол - Құран мен сүннетті басшылыққа алу және Эго мен бидғаттан ұзақ тұру, әрідесе, сахабалар мен табиғиндердің және салих ғалымдардың жүрген Әһлу суннә уәл жамағат жолына берік болу. Ол жол - мәшәихтарымыздың жүрген жолы және бізден алдыңғы сәләф солихин ғалымдардың жолы, яғни, Әбу Ханифа, Әбу Юсуф, Мұхаммед және олардың шәкірттерінің басым көпшілігінің жолы.

Ілімнің осы түріне арнап Әбу Ханифа (Алла оны рахымына бөлесін) «әл-Фиқһуль Әкбәр» атты кітап жазды. Онда Алланың сипаттарын айқындап, жақсылық пен жамандықтың Алла тарапынан тағдырда жазылғанын және барлық нәрсенің Алланың қалауымен болатындығын ашық анықтап кеткен. Сондай-ақ, ол кітабында пенденің бойындағы күш-қуаттың іспен бірге туындайтынын және пенделердің іс-әрекеттерін Алла Тағала жарататындығын білдірген. Және де (мұғтәзилиттердің) «әл-Аслах»1 теориясын жоққа шығарған.

Бұнымен қатар «әл-Алим уәл-Мұтәъаллим» кітабын және «әр-Рисәлә» кітабын жазды. Онда (Рисәлә кітапшасында) ол айтқан: «Ешкім күнәсі себепті кәпір болмайды және ол күнәсі себепті иман шеңберінен шықпайды, оған (о дүниеде) рахым етіледі» деген.

Имам Ағзам «Усул» ілімінде (ақида саласында) көшбасшы ғалым болатын және шыншыл тұғын. Әбу Юсуфтан мынадай рас дерек жеткен, ол (Әбу Юусуф) былай әңгімелейді: «Мен Әбу Ханифамен алты ай бойы Құранның жаратылған-жаратылмағаны жөнінде пікір таластым. Ақырында менің ойым мен оның ойы - «кім Құранның жаратылғандығын айтса ол кәпір болады» деген ойда бірікті» дейді ғалым. Осындай сөз Имам Мұхаммедтен де жеткендігі рас (Алла рахымына бөлесін). Және де Ханафи ғалымдарының кітаптарындағы, «мәбсутта» және одан басқа да кітаптарында орын алған әртүрлі мәселелер де олардың (Ханафи ғалымдарының) - «мұғтәзилә»2 ағымына және басқа да ағымдардың жолына иілмегендіктерін көрсетеді.

Ханафи ғалымдары ақыретте Алла Тағаланы көздер көретіндігін айтқан, сосын Алла қалаған пендесіне қабір азабы болатындығын, әрі қазір пейіш пен тозақ жаратылып қойылғандығын да айтқан. Тіпті Әбу Ханифа «жәбрия» ағымының басы Жәһм ибн Сафуанға: «Ей, Кәпір! Менен аулақ жүр!» дегендігі келтіріледі (өйткені Жәһм пейіш пен тозақтың қазір жоқ екендігіне сенуші еді).

Сол сияқты тағыда баса Құран мен сүннетте айтылған ақырет жағдайларының ақиқат екендігін мойындаған. Бұл тақырыпты айта берсек ұзап кетеді. 

2) Шариғат пен дін үкімдері ілімі.

Ілімнің екінші түрі - мәселелер ілімі, яғни, «фиқһ саласы». Ол үш сатыдан тұрады:

  1. Шариғат үкімдерін білу (халал, харам, фасид т.б. Шариғат үкімдерін оқып білу).
  2. Үкімдердің шығу жолын ұғыну, яғни, үкімдердің сүйенген аят-хадистерді және олардың мән-мағыналарын білу, және де негізгі усул қағидаттарын мәселелермен ұштастыруды меңгеру.
  3. Үкімдермен амал ету. Бұл үшінші саты - ілім алудың мұсылман үшін негізгі мақсат болып қалмас үшін (өйткені негізгі мақсат іліммен амал ету).

Кім осы үш жөнінен толықса, ол «Фәқиһ» (фиқһ ғалымы) атанады.

Алла Тағала шариғат ілімін «Хикмет» (даналық) деп атаған болатын: «Алла қалаған пендесіне даналық береді. Кімге даналық берілсе, оған көп жақсылық берілгені». Сахаба Абдулла ибн Аббас (Алла оған разы болсын) Құрандағы «хикмет» сөзін «халал және харам ілімі» деп тәпсірлеген еді. Және бір аятта: «Раббыңның жолына хикмет пен көркем уағыз арқылы шақыр!» делінеді. Яғни, фиқһ және шариғат деген сөз..

 Кім осыларды қамтыса, ол «нағыз фиқшы», ал қамтымаса ол бір жөні кемшілікті фиқһшы болып есептеледі.


әл-Аслах - Алла Тағала пенделерге ең жақсысы не болса, соны жасауға міндетті, Ол өз ісінде ерікті емес. Ол пенделерге ең игісін жасауға мәжбүр дейтін наным. Суннит түсінігінде Алла мәжбүр емес, әрбір ісінде ерікті.
Мұғтәзилә - ақылды нақылдан бұрын қоятын, соның салдарынан біраз діни сенім мәселелерін жоққа шығарған діни философиялық ағым.

islam.kz

 

0 пікір