«Бізге Құран жетеді, хадистер керек емес» деген ағымның шығу тегі
«Бізге Құран жетеді, хадистер керек емес» деген ағымның шығу тегі
2 ай бұрын 2096

ХХ-ғасырда белең алған «Құраниттер» ағымының басты ұстанымы - «Хадистердің беделін мұсылмандардың назарында түсіріп, оның «шариғи қайнаркөз» болу сипатын жою болып табылады. Сол үшін де әрбір қолайлы сәтте: «бізге Құран жетеді, хадистер керек емес» деген «теріс пікір вирусын» адамдардың санасына салып отырады. Әрине, мұндай пікір дін дұшпандары тарапынан қолдау көрілді. Алайда, дін ғалымдары әр кезде олардың дін бұзарлық ұстанымдарына керекті жауаптар жазып, олардың мұсылмандардың санасын улауларына жол бермей келеді.«Құраниттер» ағымы енді шыққан ағым емес. Оның түбі сонау төрт мәзхаб ғалымдарының заманына дейін барады. Бірақ ол заманда оларды «Құраниттер» деп атамайтын.

Енді, мұндай теріс ұстанымның шығу тегі қайсы? Кімдерден пайда болған? - деген заңды сауал ойға оралады. Бұған жауапты орта ғасырда өмір кешкен Исламның бірегей ғұламасы Имам Жәләлуддин әс-Суюти (м 1445-1505 ж.) рахимаһуллаһ өзінің еңбектерінің бірінде былай деп жауап береді: 

«Бұндай азғын, бұзық пікірдің тегі - зындықтар мен Рафизия-шиіттердің (шиизм) шектен шығушы «ғұлат» ағымдарында жатыр. Олар Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеттерін шариғи дәлел ретінде мойындамай, теріске шығарып, Құранмен шектелуді жөн санаған болатын. Олардың бұлай деулеріне итермелеген фактор әртүрлі. Олардың бір бөлігі айтады: «О баста пайғамбарлық қасиеті әзіреті Әлиге қонуы керек еді, алайда Жебірейіл періште (ғ.с.) шатасып кетіп, уахиді Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) түсіріп жіберген» десе, тағы бір бөлігі: «Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) пайғамбарлығын мойындағанымен, алғашқы халифа болу құрметі Әзіреті Әлидің ақысы болған, сахабалар ол құқықты Әбу Бәкірге (р.а.) беріп жіберді, сондықтан, ақысын иесіне емес, өзгеге беріп жібергендіктері себепті, олардың (сахабалардың) бәрі кәпір болды» деп адасты. Тіпті олар Әзіреті Әлидің өзін «кәпір болды» деп айыптады, себебі Әзіреті Әли өзінің халифа болу құқын талап етпеген-мыс.

Міне осы уәждеріне сүйене келе олар «хадистердің» бәрін терістеді, өйткені ол хадистер, олардың пайымынша кәпірлер қауымынан жеткен (яғни, олар сахабаларды кәпір дейді, сәйкесінше олардың жеткізген хадистерін де алмау керек деп санайды, маъазалла). Иннә лилләһи уә иннә илейһи Ражиъун.

Мен олардың бұл азғын пікірлерін қажеттілік туындамаса келтірмес едім, себебі адамдар оларға немқұрайлы қарайды. Оларға айтып түсіндірмек керек. Әсілінде, мұндай бұзық пікір иелері төрт мәзхаб имамдарының заманында да және олардан кейінгі замандарда да бар еді. Төрт мәзхаб ғалымдары мен олардың шәкірттері мұндай пікір иелеріне қарсы кітаптар жазып, азғын ойларын терістеп отырды...»1 

Ендеше «бізге хадистер керек емес, Құранның өзі жетеді» деуші қазіргі Құраниттердің бұл азғын ұстанымдары жаңа бір құбылыс емес екен, олардың негізі сонау шиизм ағымының «ғұлат» тармақтарына барып тірелетін болып шықты.

Осы тұрғыда, қазіргі "құранит" ағымындағылардың шығатынын Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) он төрт ғасыр бұрын ашық айтып кеткендігін де білгеніміз жөн. Тіпті қазіргі теледидар бағдарламаларына шығып алып, жұмсақ креслода отырып: «бізге құран жетеді» деушілердің бұл халі хадисте әдемі сипатталған. Хадиске орын берелік (хадис сахих, Тирмизиде келтірілген): 

ألَا هلْ عسى رجلٌ يبلغُه الحديثُ عنِّي وهوَ مُتَّكئٌ على أريكتِهِ، فيقولُ: بيْنَنا وبينَكم كتابُ اللهِ، فما وجَدْنا فيهِ حلالًا استَحْلَلْناه، وما وجدنا فيه حرامًا حرَّمْناه، وإنَّ ما حرَّمَ رسولُ اللهِ صلى اللهُ عليهِ وسلمَ كمَّا حرَّمَ اللهُ

«Сондай бір заман келуге жақын қалды: ол заманда бір кісіге менің хадистерімнің бірі айтылады, сонда ол диван-креслосында отырған күйі: «Сендер мен біздердің арамызда Құран бар. Бізге Құран жетеді. Құранда халал делінгенді халал санаймыз, онда харам делінгенді харам дейміз (одан басқа сүннетті танымаймыз)» дейтін болады. (Мұнан кейін Алла елшісі сөзін жалғап:) Шынында, Алланың елшісі (с.а.у.) нені харам еткен болса, онысы Алла Тағаланың харам еткені секілді» (деп сөзін аяқтайды)2. (*Хадистің арабша нұсқасында "әл-Әрика" деп келген сөзді біз қазіргі тілмен "диван-кресло" деп аударып отырмыз-ауд.).

Алла Тағала теріс ағымдардың жолынан сақтасын! Уа ахиру даъуанә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин! 

Абдусамат Қасым


1  Имам Суюти (рахимаһуллаһ): «Мифтәхуль Жәннә». 8 бет.
2  Имам Тирмизи: «Сүнән». Сахих Хадис; Әбу Дәуід: "Сүнән"; Ибн Мәжә: "Сүнән".

0 пікір