Имам Ағзам Әбу Ханифа мен шәкірті Әбу Мұқатил әс-Сәмарқандидің сұқбатынан үзінді.
Шәкірт (Әбу Мұқатил):
- Ант етейін, әділдігін айттыңыз. Енді, айтыңызшы, Алла Тағала адамдарды мүмін немесе кәпір деп несіне қарап атайды? Және біз оларды мүмін немесе кәпір деп несіне қарап атаймыз?
Ұстаз (Әбу Ханифа):
- Алла Тағала адамдарды мүмін не кәпір деп жүректеріндегіге қарап атайды. Өйткені, Алла Тағала жүректегіні білуші. Ал біз болса, ауыздарынан шыққан Алланы растау сөздеріне қарай немесе керісінше Алланы өтіріксінулеріне қарай және сыртқы киген киімінің формасына қарай, сондай-ақ, жасаған мінәжатына қарай мүмін не кәпір дейміз.
Мәселен, мешітте құбылаға беттеген күйі намаз оқып жатқан бізге беймәлім бір қауымды жолықтырсақ, біз оларды мүмін-мұсылман деп санап, сәлем береміз. Мүмкін олар шын мәнісінде яһуди не христиан шығар?! (алайда біз сыртқы көрініске қарай мұсылман деп үкім береміз).
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәуірінде де мүнафиқтарға қатысты мәміле солай етін. Өзге мұсылмандар олардың Алланы растағандықтарына қарап «мүмин» ретінде есептейтін, бірақ жүректерінде (іштей) бір құдайды өтіріксінетіндіктері үшін Алланың құзырында кәпір саналды.
Осыдан келіп, біз де мұнда бізге байқалатын сыртқы іс-әрекеттеріне қарап адамдарды мүмін-мұсылман деп атаймыз, Алланың құзырында ол кәпір ретінде танылған болуы мүмкін болса да.
Сондай-ақ, бағзы танымайтын әлдекімдерді үстеріндегі кәпірлерге тән киім пішініне қарап, оларды кәпір деп қалуымыз мүмкін (әрине егер мұсылмандарға тән киім үлгісінен еш нәрсе байқалмаса). БІрақ шын мәнісінде жүректеріндегі біз білмейтін имандары себепті, әрі бізге белгісіз оқыған намаздары үшін олар Алланың құзырында шынайы мүмін-мұсылман болулары мүмкін..
Алла Тағала бізді ол үшін жауапқа тартпайды (яғни, сыртқы көрініске қарап үкім бергеніміз үшін жауапқа тартпайды). Себебі, жүректегіні және жасырын нәрселерді білуді бізге міндеттемеген. Раббымыз бізге адамдарды сыртқы іс-әрекеттеріне қарай мұсылман санауымызды және сол сыртқы халдеріне орай жақсы көруімізді немесе жек көруімізді міндеттеді. Ішкі дүниелері бір Аллаға мәлім.
Сондай-ақ, Кирамин Кәтибин періштелеріне де адамдардың сыртқы жағдайларын жазуды міндеттеген. Жүректегіге жетуге олар үшін жол жоқ. Өйткені, жүректегіні тек бір Алла ғана біледі немесе уахи алған пайғамбар білуі мүмкін. Ал енді кімде-кім уахисыз жүректегіні білемін деп айтатын болса, онысы әлемдердің Раббысының білгенін білемін деуімен пара-пар. Кімде-кім әлемдердің Раббысы ғана білетін жүректегі нәрселерді де, жүректе емес нәрселерді де білемін деп ойласа, онысы күпірлік пен тозақты керек еттірер ауыр уәж.
"әл-Алим уәл мүтааллим" атты кітаптан үзінді.