Аяттан тағылым: Мұсылмандар үш түрлі
Аяттан тағылым: Мұсылмандар үш түрлі
6 жыл бұрын 5275
Абдусамат Қасым
Аяттан тағылым

ثُمَّ أَوْرَثْنَا الْكِتَابَ الَّذِينَ اصْطَفَيْنَا مِنْ عِبَادِنَا فَمِنْهُمْ ظَالِمٌ لِّنَفْسِهِ وَمِنْهُم مُّقْتَصِدٌ وَمِنْهُمْ سَابِقٌ بِالْخَيْرَاتِ بِإِذْنِ اللَّهِ ذَلِكَ هُوَ الْفَضْلُ الْكَبِيرُ

"Кейін қүлдарымыздың арасынан таңдағандарымызға Кітапты мұра қылып бердік. Кұлдардың кейбірі өз-өзіне зұлымдық етуші. Кейбірі – орташа. Ал, кейбірі Алланың қалауымен, жақсылықта озық болғандар. Міне осы – ұлы мархамат».  (Құран Кәрім, «Фатыр» сүресі, 32 аят). 

Мұсылмандар үш түрлі:

1. Өзіне зұлымдық етушілер. Бұлар - діннің бұйырғанын істемейтін, тыйғанынан тыйылмайтын күнəкəр мұсылмандар. Не оқыған намазы жоқ, не ұстаған оразасы жоқ. Оның есесіне зина жасап, шарап ішеді, ұрлық жасап, адам өлтіреді т.б. осы сияқты харам істерге бейім жүреді. Мұндайлар өз-өздеріне екі дүниеде де зиян келтіруде. О дүниеде Алла қаласа кешіреді, қаламаса жасаған күнәларының деңгейіне қарай тозақта жазаланады. Соңында Алланың қалауымен жүрегіндегі иманы себепті, тозақтан шығарылады. Дегенмен, бұ дүниеде тәубе етуге мүмкіндіктері бар. Тәубе етіп, дұрыстыққа бет бұрса, о дүниеде Алланың кешіріміне қол жеткізетіндіктері бек мүмкін. Құран Кәрім, «Мәида» сүресі, 39 аятта былай делінген: «Кімде-кім, жасаған зұлымдығынан кейін тәубе етіп, өз-өзін дұрыстаса, сөзсіз Аллаһу Тағала оның тәубесін қабыл етеді. Шынында, Алла күнәні кешіруші. Мейірбан».  

2. Орташалары. Бұлар - діни міндеттемелерді орындап, харам жəне ауыр күнəлардан ұзақ жүретіндер. Құранда былай делінген: "Сендерге тыйым салынған үлкен күнəлардан ұзақ жүрер болсаңдар, кіші күнəларыңды кешіріп, өздеріңді жақсы орынға орналастырамыз"[1].  

3. Жақсылықта озық болғандар. Бұлар - діни міндеттемелермен қоса, сүннет, мұстахаб амалдарды да тастамай орындайтын әрі харам нəрселермен қоса, мəкруһ істерден де барынша ұзақ жүретін мұсылмандар. Мәселен, түнде жұрт терең ұйқыда жатқанда, бұлар «тәһәжжуд» намазына тұрады.  Ел жылда бір мəрте - Рамазан айында ораза ұстаса, бұлар апта сайын, ай сайын нəпіл оразалар ұстайды. Жылда бір мәрте зекет беріп қана қоймай, қосымша шама-шарқынша қайыр-садақалар таратады. Көмекке зәру мұқтаж жандарға көмегін аямайды. Қандай қайырлы іс болса, Алла ризалығы үшін соған ат салысып, көмегін аямайды. Сондай-ақ, бұл топқа, дін ғылымында озат болған ғалымдар, халыққа құнды жазбаларымен, дуалы сөз, ұшқыр ой-пікірлеріімен дұрыс бағыт-бағдар беріп отыратын ойшыл-даналар және шәкірт тәрбиелеп, мәнді де, мағыналы уағыз-насихатымен мұсылмандарды туралық пен дұрыстыққа бастап отырушы ұстаздар да кірсе керек. Бұл топтағыларға қатысты Құранда: "Озаттар – алдыңғы қатарлылар. Міне, солар Аллаға жақын болғандар»[2], - дейді.

Қиямет күні

Бұнымен қатар, Қиямет күні "махшар майданында" адамдар үш топқа бөлініп тұрады екен. Бірінші топтағылар «оңшылдар» деп аталады. Бұл топтағылар «Арштың» оң жағында тұрып, амал дәптерлері оң жағынан берілетіндер. Пейіштегілердің көпшілігі осылардан. Екінші топтағыға «солшылдар» жатады. Бұларға «Арштың» сол жағынан орын бұйырылып, амал дәптерлері сол жағынан берілетіндер. Олар тозаққа кіреді. Үшінші топтағылар – «озаттар». Бұлардың қатары аз. Бұл топтағылардың деңгейлері басқалардан биік, әрі Аллаға жақынырақ тұрады. Олар - пайғамбарлар, әнбиялар, шыншылдар және шейіттер[3]. Бұған қатысты «Уақиға» сүресінде былай делінген:

«Сендер – үш топ боласыңдар: Оңшылдар. Нендей жақсы еді, ол оңшылдар! Солшылдар. Нендей жаман еді, ол солшылдар. Және алдыңғы қатарлы - озаттар. Міне, солар Аллаға жақын болғандар...»[4].

Алла Тағала бізді оңшылдар мен озаттардан болуды жазсын!  


[1] Құран Кәрім, Ниса сүресі.
[2] Құран Кәрім, Уақиға сүресі, 10,11 аяттар.
[3] Ибн Кәсир: Тәфсируль Құраниль Азим. «Уақиға» сүресі, 7 аят тәпсірі.
[4] Құран Кәрім, «Уақиға» сүресі, 7-11 аяттар.

0 пікір