"Ақырзаманда Яжуж-Мәжуж деген қысық көзді халық шығады, бәрін жайпайды"
"Ақырзаманда Яжуж-Мәжуж деген қысық көзді халық шығады, бәрін жайпайды"
3 жыл бұрын 22968

Қияметтің үлкен белгілерінің бірі – Яжуж-Мажуж. Олар Адам атаның (ғаләйһис-сәләм) ұрпағынан шығады.

Сағид ибн Мусайяб (Алла оған рақым етсін): «Нұхтың (аләйһис-сәләм) үш ұлы болды. Сам, Яфис және Хам. Осы үш ұлының әрқайсысы үш ұлды болды. Самның ұлдары: араб, парсы және румдықтар, Яфистің ұлдары: түрік, славяндар және Яжуж-Мажуж, ал Хамның ұлдары: Копт, Судан және Барбар», – деген.

Сондай-ақ төмендегі хадис олардың Адам ұрпағынан екеніне дәлел болады.

Әбу Сағид әл-Худриден (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбар (с.а.с.) былай деген:

«(Қиямет күні) Алла тағала: «Ей, Адам!» – дейді. Адам: «Ләббәй! (Қызметіңе) шатпын, жақсылық Сенің қолыңда!» – дегенде, Алла тағала: «Ұрпағыңнан тозақтың өкілін шығар!» – деп бұйырады. Адам: «Тозақтың өкілі деген не?» – дейді. Раббы тағала: «Әрбір мыңнан, тоғыз жүз тоқсан тоғызы!» – дейді», – деген. (Пайғамбар (с.а.с.) сөзін жалғастырып): «Сол кезде, жастың шашы ағарады. Әрбір аяғы ауыр (ұрғашы) құрсағындағыны тастайды. Адамдарды мас күйінде көресің. Алайда олар мас емес. Бірақ Аллаһтың азабы қатты», – деп айтқан. (Сахабалар): «Әлгі бірі қайсымыз?» – дейді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Қуаныңдар! Біреуі сендерден, мыңы Яжуж-Мажужден», – депті Пайғамбарымыз (с.а.у.)[1].

Хадисте нұсқалғандай, тозаққа түсетін адамзаттың басым көпшілігін осы аталмыш адамдар құрайды. Абдуллаһ ибн Амр (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.):

«Яжуж-Мажуж Адамның ұрпағынан. Егер олар адамдарға жіберілсе, өмірлерінің быт-шытын шығарады. Олардың ешқайсысы артында мыңнан астам ұрпақ қалдырмайынша өлмейді», – деген[2].

Яжуж-Мажуждың сипаты, бет-бейнесі

Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларды:

«Жалпақ жүзді, қысық көзді, шаштары сұр, барлық жақтан ағылып келеді, беттері терімен қапталған қалқан сияқты», – деп сипаттаған[3].

Яжуж-Мажуждың шығатынына қатысты Құрандағы дәлелдер

Алла тағала Құранда былай деген:

«Яжуж-Мажуж ағытылып, әрбір төбеден келгенге дейін. Ол шын уәде (Қиямет) таяса, сол уақытта қарсы болғандардың көздері шарасынан шығып: «Әттеген-ай! Біздің бұдан қаперсіз болғанымыз қандай өкініш! Негізінде, біз залым болған екенбіз», – деп айтады» [4], – деген.

Алла тағала Құранда жер бетін шарлап, әділдік орнатып патшалық құрған Зұлқарнайынның қиссасын әңгімелей отырып:

«Екі таудың арасына жеткен кезде сөзді түсіне алмайтын бір елді тапты. Олар: «Ей, Зұлқарнайын! Яжуж-Мажуж бұл жерде бұзақылық істеуде. Саған салық төлесек, олар мен біздің арамызға бір бөгет жасайсың ба?» – деп сұрады. Зұлқарнайын: «Раббымның маған бергені бек артық. Сендер маған күш көмегін көрсетіңдер, сендер мен олардың арасына бір бөгет жасайын. Маған темір кесектерін әкеліңдер», – деп жауап берді. Екі бөгеттің арасы теңелген кезде: «Көрік басыңдар!» – деді. Ол от болған сәтте: «Маған еріген мыс әкеліңдер, үстіне құяйын», – деді. Сонда олар оны аса алмады да, тесе алмады... Ол (Зұлқарнайын): «Бұл Раббымнан бір мейірім. Қашан Раббымның уәдесі келсе, оны жермен-жексен қылады. Сондай-ақ Раббымның уәдесі хақ!» – деді. Қиямет күні оларды бір-біріне қосылған түрде қоямыз және сүр үріледі де, оларды тұтас жинаймыз»[5], – деген.

Яжуж-Мажуждың шығатынына қатысты хадистен дәлелдер

Зәйнәб бинт Жахш (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте бір күні Зәйнәбтың алдына Алла елшісі (с.а.с.) үрейленіп кіріп: «Лә иләһә иллаллаһ! Жақын қалған пәледен арабтардың соры құрысын! Яжуж-Мажуждың бөгетінен мынадай ашылды», – деп сұқ саусағы мен бас бармағының ұштарын түйістіріп, домалақ шеңбер көрсеткен. Зәйнәб: «Мен: «Уа, Аллаһтың елшісі! Біздің арамызда ізгілер болса да опат боламыз ба?» – деп сұрадым. Ол (с.а.с.): «Иә, егер бұзықтық көбейсе», – деп жауап берді», – деген[6].

Яжуж-Мәжуждың қырылуы

Ән-Наууас ибн Самған (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алла Исаға: «(Оларға) қарсы соғысқа ешкім төтеп бере алмайтын бір құлдарымды шығардым! Пенделерімді Тур тауына алып бар!» – деп уахи етеді. Сөйтіп, Алла тағала Яжуж-Мажужді жібереді. Олар әр төбеден ағылады. Олар Табария көлінен өтіп, одан ішеді. Ал олардың соңғы лектері өтіп бара жатып: «Мына жерде су болған екен», – деседі. Иса мен онымен бірге болғандар қоршауға түсіп, тіпті оларға өгіздің бір басы бүгінгі жүз алтын динардан құндырақ болады. Осыдан кейін Иса және онымен бірге болғандар дұға қыла бастайды. Сонда Алла (Яжуж-Мажуждердің) желкелеріне құрт түсіреді де, бір кісі өлгендей (бәрі бір мезетте) қырылып қалады. Сосын Аллаһтың пайғамбары Иса мен оның жолдастары жерге түседі. Олар (Яжуж-Мажуждердің) мәйіттері мен сасық иістері жайламаған бір қарыс жер таппайды. Исамен бірге болғандар осы жағымсыз нәрседен арылтуын сұрап Аллаға дұға қылады. Алла жерге түйенің мойны секілді алып құстар жібереді. Олар келіп өлекселерді көтеріп алып, ұшып отырып, Алла қалаған жерге апарып тастайды», – деген[7].

Басқа риуаятта: «...олардың соңғы лектері өтіп бара жатып: «Мына жерде су болған екен», – деседі. Құдыстағы Хамр тауына дейін барады. Сосын олар: «Біз жер бетіндегілерді өлтірдік, енді көктегіні өлтіреміз!» – деп садақтарымен көкке қарай атады. Сонда оқтардың ұштары төбеден қанға малынып түседі», – деген[8]2.

 Яжуж-Мажуж қырылғаннан кейінгі оқиғалар

 Олардың өлекселерін құстар алып кеткеннен кейін де жер беті сасып тұрады. Сонда мұсылмандар Аллаға жалбарынып, дұға қылады. Алла олардың дұғасын қабыл алып, жаңбыр жаудырады. Ол жаңбыр барлық жерге жетіп, жер бетін айнадай етіп тазартады. Осылайша, жер беті Яжуж-Мажужден тазарады. Жер бетінде бейбітшілік орнап, молшылық пен береке келеді. Жан-жануар көбейіп, жерден Адам атаның (ғаләйһис-сәләм) кезіндегідей түрлі дәнді дақылдар, көкөністер шығады. Иса мұсылмандарға басшылық етуімен бірге, жер бетінде тыныштық орнатады.

Ән-Наууас ибн Самған (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Сосын Алла одан ешбір балшық және киіз үй сау қалмайтын бір жаңбыр жібереді. Жаңбыр жерді айнадай етіп жуады. Сосын жерге: «Жемістеріңді өсір, берекеңді қайтар!» – делінеді», – деген[9].

Келесі бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Тіпті бір сабақ жүзім бір топ адамдарды тойдырады», – деген. Иса пайғамбар жер бетінде жеті жыл қалады. Ол кезде соғыс тоқтайды. Адамдардың барлығы иман келтіреді. Ханзала (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.) Исаның Қағбаға қажылық жасайтынын айтқан[10].

Уақыт-сағаты жетіп, Аллаһтың әмірімен Иса дүниеден өтеді. Оған мұсылмандар жаназа намазын оқиды. Адамдардың баяғы бейбіт қалыптағы тіршіліктері жалғасып жатады. Алайда арада біраз уақыт өткен соң адамдар арасында қайтадан күпірлік, бұзақылық белең алады. Мүміндер азайып, кәпірлердің қарасы артады.

Яжуж-Мажуждің бөгеті

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.) Яжуж-Мажуждың бөгеті туралы: «Олар күнде, тесуге жақын қалғанша қазады. Сонда бастықтары: «Қайтыңдар! Ертең тесесіңдер!» – дейді. (Бірақ) Алла тағала әуелгіден де берік етіп қалпына келтіріп қояды. Мерзімдері жетіп, Алла тағала оларды адамдарға жіберуді қалаған кезде бастықтары: «Қайтыңдар! Алла қаласа, ертең тесесіңдер!» – дейді. Сөйтіп, (ертеңіне) қайтып келсе, (кеше) тастап кеткендеріндей екен. Тесіп, адамдарға шығып, суларды ішеді. Адамдар олардан қашады», – деген[11].

«АҚЫРЕТ ӨТКЕЛДЕРІ» атты кітаптан.
Автор: А.Кадыров, Қ.Спатай, З.Аман


[1] Әл-Бұхари. 149
[2] Әл-Хаким, әт-Табарани.
[3] Ахмад. «Мүснәд».
[4] «Әнбия» сүресі, 96-97 аяттар.
[5] «Кәһф» сүресі, 93-99 аяттар.
[6] Әл-Бұхари, Муслим. 151
[7] «Сахих Мүслім».
[8] «Сахих Мүслім».
[9] «Сахих Мүслім».
[10] «Сахих Мүслім».

 

[11] Әт-Тирмизи.

 

0 пікір